Айбынды жастар – ел болашағы!

Айбынды жастар – ел болашағы!
Фото: Құрлық әскерлерінің Әскери институты

«Халық кемеліне келіп, өркендеуі үшін, ең алдымен, азаматтық пен білім керек» деп ұлы Ш. Уәлиханов өте орынды айтқан. Ендеше жан-жақты ел тарихын жетік білетін, заман талабына сай жастарды тәрбиелеу – бүгінгі күн талабы екендігін жадымыздан шығармағанымыз абзал. 

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болады» деген сөздері болашақ Қазақстанның тізгінін ұстайтын жастардың замана көшінен қалмай білікті де білімді маман болудың айқын бейнесі. 

Осыған орай, бүгінде жоғары әскери оқу орындарындағы оқу-тәрбие үдерісі – курсанттардың өзін-өзі жан-жақты жетілдіруіне, өзінің қоғамдағы алар орны мен даму деңгейін айқындауына, өзінің бойындағы тұлғалық сапалылығын дамытуға бағытталғаны дұрыс. Бұл қазіргі әлеуметтік-экономикалық талаптарға сәйкес білімі жоғары, танымы кең, шығармашылық қабілеті мен рухани байлығы дамыған тұлғаны оқыту, тәрбиелеу қажеттілігінен туындауда. 

Әрине бұл тұрғыда білім мен тәрбие тетіктерін маңызды іске бағыттау арқылы ұрпақ бойына отаншыл болатындай асыл қасиеттерді дарыту, айналып келгенде, Отан әлеуетін нығайтудың сенімді кепілі бола алар еді. Осындай келелі істерді жүзеге асыруда еліміздің Қарулы Күштеріне басты әскери мамандарды дайындайтын Құрлық әскерлері Әскери институты курсанттарының әскери-ғылыми қоғамының жанынан құрылған «Айбын» ғылыми пікірсайыс клубы институтымыз үшін, жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық қарым-қатынасты дамытуда, еліміздің болашақ офицерлеріне жан-жақты білім беру мен тәрбиелеуде өзіндік маңызы зор. 

Жалпы тоқтала кететін болсақ, «Айбын» атты ғылыми пікірсайыс клубы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында 2016 жылдың 16 мамырында ресми түрде ашылған болатын. Оның негізгі мақсаты – курсанттарды шешендік өнерге баулу мен үйрету, білімдері мен ғылыми танымдарын арттыруға бағытталған әскери жастардың шығармашылық әлеуетін неғұрлым толық жүзеге асыру мен дамыту болып табылады. Міне өзінің ашылғаннан бергі қысқа тарихында институттың клуб мүшелері қалалық, аймақтық түрлі пікірсайыс алаңдарында өздерінің белсенділіктерімен көзге түсе білді. 

Бүгінгі таңда аталған клубтың бас төрағасы 3 курс курсанты О.Шешханның басшылық етуімен клубта жиырмадан астам курсанттар С.Бердалы, М.Карибеков, О.Қуандықов, Б.Жұмағазы, Қ.Кәкім, Ж.Карипқан, Б.Балабек, Қ.Аубатыров, Ғ.Елеубаев, А.Махамбеталиев, Е.Аман, Н.Октябрь, А.Ұлбек, М.Тұрсынбек, Д.Кенжебаев, Д.Мықтыбай, Е.Таубай, Д.Орынбай, Д.Махмут, Х.Айтуған, Б.Аманжол, С.Балабектер клубтың жұмысын жандандырып келеді. 

Соның бір айғағы мамыр айының 5 мен 6-шы жұлдызы күндері Құрлық әскерлері Әскери институтының «Айбын» ғылыми пікірсайыс клубы 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған «Мықты әскер – Мәңгілік ел тірегі!» тақырыбында республикалық пікірсайыс турнирін өткізді. Турнирдің өткізілу мақсаты – болашақ жастардың патриоттық сезімдерін арттыру арқылы, шығармашылық белсенділіктері мен ой-пікірлерін дамыту және оларды қоғамның өзекті мәселелері бойынша пікір алмасуға шақыру болып табылды. Өткізіліп отырған турнир институт тарихы мен «Айбын» клубы үшін алғашқы қадам және өзіндік маңызға ие болды. 

Аталған іс-шараға Алматы қаласынан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің академиясының, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық, Қ.Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық-зерттеу, Қазақ Ұлттық Аграрлық, Нархоз, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық, Алматы энергетика және байланыс, Алматы технологиялық, Халықаралық бизнес, Сулейман Демирель атындағы, Тұран университеттерінің және Шымкент, Қызылорда, Астана және Ақтөбе қалаларының белді пікірсайыс клубтарының курсанттары мен студенттері қатысты. 

Республикалық турнирдің салтанатты ашылуы Қазақстан Республикасының Әнұранымен және Құрлық әскерлері Әскери институты бастығының оқу және ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Қ.Б.Смағұловтың құттықтау сөзімен басталды. Өзінің құттықтау сөзінде аталмыш іс-шараның институт үшін, әсіресе жоғары оқу орындары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуда аса маңызды екенін атап өтті және пікірсайыс турниріне қатысушылар мен қонақтарға жемісті еңбек пен зор табыс тіледі. Құттықтау сөз соңынан институттың көркемөнерпаздарының арнайы дайындалған қоян-қолтық ұрыс тәсілдері, республикалық көңілді тапқырлар клубының бас жүлдегері «Жұлдызды жігіттердің» әзіл-қалжыңдары, өнерлі курсанттарымыздың әуезді әндері мен күйлері кештің сәнін келтіріп, көрерменге ерекше көңіл сыйлады. Сондай-ақ жоғары оқу орындарынан келген курсанттар мен студенттер Құрлық әскерлері Әскери институтының тарихымен танысу мақсатында институт мұражайымен танысты. 

Аға буын өкілдерінің әдемі ақ тілектері мен концерттік бағдарлама барысы пікірсайыс алаңына жиналған жоғары оқу орындарының белді пікірсайыс клубтарының курсанттары мен суденттерінен құралған топтар арасында өткізілген жарыс ойындарына ұласты және жарыс барысында қарастырылған тақырыптар бойынша ойыншылар ойларын ортаға салып жарыс барысын қыздыра түсті. Жарысқа түскен ойыншылардың көрсеткен ойындарына республиканың белді клубтарының мүшелері төрелік жасап, шынайы жеңімпаздарды анықтап берді. 

Екі күнге созылған аталмыш іс-шараның нәтижесінде Америкалық Парламенттік формат бойынша «Нархоз» университетінің «Таңдаулы экономистер одағы» атты пікірсайыс клубының мүшелері Ә.Жұмабай мен Ж.Сақтаған бірінші орынды иемдене отырып, институт бастығының кубогын жеңіп алды. Екінші орынды Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының «Патриот» клубы мүшелері Д.Әуенек пен Е.Темірәлі және үшінші орынды «Нархоз» және «Тұран» университеттерінің студенттері Ә.Тойлыбай мен Д.Аққожа жеңісті өз қанжығаларына байлады. Линкольн-Дуглас форматы бойынша «Ең үздік спикер» атағын «Нархоз» университетінің «Таңдаулы экономистер одағы» атты пікірсайыс клубының мүшесі А.Сәрсенбай жеңіске жетіп, институт бастығының кубогын жеңіп алса, «Үздік спикер» атағын осы клубтың мүшесі Ә.Тойлыбай жеңіп алды. 

Сонымен қатар ойын ережесі бойынша «Үздік төреші» атағына Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Атамекен» пікірсайыс клубының мүшесі С.Ыдырыс ие болды. 

Жалпы алғанда республикамыздың жоғары оқу орындарында қалыптасып, өз орындарын тіктеп, көпке танымал болған клубтардың артынан ізбасары болып келе жатқан «Айбын» ғылыми пікірсайыс клубы үшін осы республикалық пікірсайыс турнирін өткізу үлкен маңыздылық танытып отыр. Себебі, клубтың атауы өзі аты айтып тұрғандай айбарлы да, мықты, қуатты да күшті болудың, яғни курсанттардың білімі терең, тәртіпті, әскери істегі біліктері жағынан жан-жақты да мықты болудың сипатын аңғарып тұр. 

Сондай-ақ аталмыш іс-шараны өткізу негізінде жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастарымызды бір-бірімен өзара қауыштыра отырып, өзара ой-пікір алмасуға, курсанттар мен студенттердің тынысын кеңінен ашып, шабыттарына шабыт қосты. Егеменді еліміздің болашақ жастарын патриоттық тәрбиеге баулу мен курсанттардың білімі мен білігін шыңдауда аталмыш іс-шараның маңыздылығы зор, елім деп еміренетін, елі мен жері үшін аянбай еңбек ететін білікті әскери мамандардың көп болуы тәуелсіз еліміздің айқын бедері екені айдан анық. Сондай-ақ, елдігіміз бен тәуелсіздігіміздің киелі көк байрағын ХХІ ғасырда асқақтата желбірететін – бүгінгі біздің жалынды жастарымыз! Болашағымыз жастар деген үлкен аға буын өкілдерінің үкілеген үміттерін ақтайтын жалынды жастарымыздың бойында жақсылық нышандарын қалыптастыратын аталмыш іс-шара сияқты түрлі білімділік және тәрбиелік іс-шараларының өзіндік мазмұнға ие болып, жемісті нәтижеге жетсе нұр үстіне нұр болары анық. Сондықтан бүгінгі жастарымызға оқуларында озат, еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы еңбектеріне толағай табыс тілейміз! 

капитан Сопбек Н.Е. 
Құрлық әскерлері Әскери институтының 
оқу-әдістемелік басқармасы ғылыми-зерттеу 
бөлімінің аға ғылыми қызметкері 

О. Сансызбай