Нан жаңа жылға дейін 80 теңгеден сатылуы мүмкін

Нан жаңа жылға дейін 80 теңгеден сатылуы мүмкін
Фото: Вконтакте

Жыл соңына дейін нан 15-20 теңгеге қымбаттайды.

Телеарналар мәліметінше, нан жаңа жылға дейін 80 теңге төңірегінде сатылуы мүмкін. Өйткені наубайханалар қазынасы бағаны ұстап тұруға одан әрі шыдай алмайды. Оған бір келі ұн бағасы бір айда 18 теңгеге көтерілуі себеп болып отыр.

"Ұннан басқа ингредиент бағалары, газ және бензин бағалары өскен сайын бізге нанның табысы шамалы болып тұр. Ең төменгі есеп бойынша 15-20 теңгеге көтерілуі мүмкін", — деді наубайхана басшысы Қуандық Хамзин.

Тағы бір кәсіпкердің сөзіне қарағанда, соңғы кездері ірі нан зауыттары да жабыла бастаған.

"Әлі күнге дейін Үкімет көмектесіп жатыр. Бірақ соның өзінде қиын болып барады. Өткен жұмада қаладағы ең ірі "Меркур-Нан" зауыты жабылды. Сол себепті қазір Үкімет шұғыл түрде бір шешім қабылдамаса, басқа нан зауыттарына қиын. Неге десеңіз, баға өте қымбаттап кетті",  деді наубайхана басшысы Алтынбек Бәшіров.

Осылай ағымдағы айда бір келі ұнның бағасы 18 теңгеге қымбаттап, нан бағасы 70 теңгеге көтерілуіне бизнесмендер бейжай қарай алмайтынын жеткізді. Айта кетейік, бір ғана Алматыда жылына бір адам 110 келі ұн пайдаланады. Бұл Алматыға айына 15 мың, ал жылына 181 мың тонна ұн қажет дегенді білдіреді.

Дереккөз: tengrinews

С. Ерсін