Қазақстанда 2016 жылы нан қымбаттауы мүмкін

Қазақстанда 2016 жылы нан қымбаттауы мүмкін
Фото: tn.kz

Қазақстанда 2016 жылы нан қымбаттауы мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Алматы арнасына сілтеме жасап.

Ақпарат құралының мәліметінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржыландыру жүйесін жүргізбейді, сондықтан нан бағасын бақылау да тоқтатылады. Ал өндірушілермен қол қойылған меморандумдар жылдың соңына дейін ғана жарамды.  

"Статистика департаментінің мәліметінше, тамақ өнімдерінің біразында баға көтерілген. Қыркүйектегі көрсеткіш бойынша қант - 1,5, күріш - 0,5, ет 1 пайызға қымбаттаған", - деп хабарлады телеарна.

Мамандардың айтуына қарағанда, азық-түлік бағасының өсуіне бірқатар фактор әсер етіпті.

"Логистика мәселесі тағы бар. Ақшаның құнсыздануына байланысты көптеген тасымал компанияларында баға өзгерді. Сондықтан тауар әкелушілер шығынды өтеп, пайда табу үшін де азық-түлік бағасын көтереді", - деді Қазақстан тамақ кәсіпорындары одағының вице-президенті Айжан Наурызғалиева.

Еске сала кетейік, биыл қыркүйектің басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев нанның бағасын туралауды ұсынған. Мемлекет басшысы Ақмола облысында шаруалармен кездесуі барысында "нөмері бірінші" азықтың бағасын қалыпты деп есептемейтінін айтқан еді.

М. Бисембаева