- Негізгі бет
- Маккала
- Алексей Луценко "Алматы...
Алексей Луценко "Алматы туры - 2018" веложарысына қатыспайды
Биылғы "Алматы туры-2018" халықаралық веложарысы 29-30 қыркүйекте өтеді. Велошабандоздар бәсекесі алтыншы рет байрағын желбіретпек. Кәсіби веложарыс бәсекесінде төрт рет топ жарған спортшы Алексей Луценко биыл қатыспайтын болды.
Қазақстандық велоспортшы бұл күндері Австрияның Инсбрук қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысуда. Кеше жекелей сында отандасымыз 13-орыннан көрінді.
Алексей Луценконың биылғы жарысқа қатысатыны туралы айтылған. Алайда бүгін өткен ресми баспасөз жиыны кезінде Қазақстанның велосипед спорты федерациясының вице-президенті Амандық Кульчиков жарыста бақ сынамайтынын хабарлады.
- Бәсекелестік жоғары болатын веложарыста не болатынын болжап айту оңай емес. Дегенмен "Астана" командасының велошабандоздары басты фаворттер деп айтуға болады. Өкінішке қарай, биыл жарыстың төрт дүркін жеңімпазы Алексей Луценко қатыспайды. Ол қазіргі таңда Австрияда өтіп жатқан әлем чемпионатында ел намысын қорғауда. Оған зор табыс тілейміз. Әйткенмен "Астана" командасы сапында мықты велошабандоздар жетерлік. Әсіресе "Тур де Франс" жарысының кезеңдерінде бірнеше топ жарған испан спортшысы Луис Леон Санчесті ерекше атауға болады, - деді.
"Алматы туры" 2017 жылдан бастап жарыс көп күндік веложарыс мәртебесін алып, Халықаралық велошабандоздар одағының (UCI) тәртібіне сәйкес оған 2.1 санаты берілді. Нәтижесінде былтыр алғаш рет екі күн қатарынан өтті. Биыл да екі кезең бойынша екі күнге созылады.
Бірінші кезең 29 қыркүйекте 12:00-де "Астана" алаңында, ҚБТУ ғимараты алдында басталады. Бұл кезең барысында спортшылар 26,1 шақырымға созылып жатқан 7 қалалық айналымды жүріп өтуі тиіс. Жарыс мына маршрут бойында жүреді: "Астана" алаңынан Төле би көшесі бойымен Достық даңғылына дейін, содан кейін жоғары қарай Сәтбаев көшесіне дейін және әрі қарай Назарбаев даңғылына дейін. Осы даңғыл бойымен велошабандоздар жоғары қарай әл-Фарабиге жетеді. Жарыс жолының ең ұзақ бөлігі осында - осы даңғыл бойымен спортшылар Мұстафин көшесіне дейін барып, сонда артқа қарай айналып, Сейфуллин даңғылына жетеді. Осы даңғылмен төменге қарай Сәтбаевқа түсіп, қайтадан солға қарай Байзақовқа, артынша Абайға түседі. Абай даңғылының бойымен Желтоқсан көшесіне - сосын қайтадан Төле би көшесіне, сәйкесінше, "Астана" алаңына қарай бұрылып, мәре сызығын кеседі.
Екінші кезеңнің сөресі 11:00-де "Халық Арена" ғимараты алдынан бастау алады. Мұнда велосипедшілер "ШААЖ-әл-Фараби" айналымымен 4,5 рет айналады. Жарыстың шарықтау шегі Тұңғыш Президент Саябағынан Достық даңғылына дейін, сосын Медеу мұз айдынына дейін жалғасады.
- Үлкен спорт мерекесі біздің қаламызда жалғасын табады, - дейді Рүстем Байсейітов. – Таяуда ғана студенттер арасында футзалдан әлем чемпионаты өтті, дүйсенбіде Универсиада алауының эстафетасын өткіздік. Апта соңында осымен алтыншы рет "Алматы туры" велододасы өтеді. Әкімдік бұл шараны ұйымдастырып, көп жұмыс атқарды. Бұл Алматының спорттық күнтізбесіндегі ең ірі шаралардың бірі. "Алматы туры" - біз үшін ерекше оқиға. Барлық қызмет бар мәселені барынша және тереңдей атқарды. Дода маршруты биыл өзгеріске түсіп отыр – негізгі жол қала орталығына жылжыды. Қалалықтарды осы жобаға қолдау көрсетуге шақырамыз, оның үстіне биыл жарысқа өзіміздің алматылық "Apple Team" командасы қатысады".
"Алматы турына" қатысуға ниетті командалар саны артқан
"Алматы туры" жарысының жыл сайын дәрежесі жоғарылап келеді. Қазіргі таңда Орталық Азиядағы велошабандоздар аламанына қатысуға ниетті командалар саны жетерлік.
- Биыл "Алматы туры" әлем чемпионатымен тұспа-тұс келетінін алдын ала білдік. Уақытын өзгерту мәселесін көтерген жоқпыз. Себебі бұл жарысқа қатысуға ниетті командалар саны едәуір артып келеді. 2-3 жыл бұрын қатысуға командалар іздейтін едік. Қазір олай емес. Қатысуға өтініш берген командалар жетерлік. Сондықтан Халықаралық велоспорт федерациямен (UCI) кеңесе келе, уақытын өзгерткен жоқпыз. Келер жылы сәл ертерек өткізуді жоспарлаудамыз, - деді Амандық Кульчиков.
"Алматы туры - 2018" жарысының фавориттері кімдер?
Бүгінгі баспасөз жиынына "Astana Pro Team" командасының велошабандоздары Артем Захаров пен Дмитрий Груздев те қатысты.
- Көп жылдан бері бірінші рет ауа райы қолайлы болғалы тұр, қуантатыны осы. "Алматы туры" лидері жейдесін біздің командада сақтап қалу үшін барымызды саламыз. Амал не, биыл лидеріміз Алексей Луценко бізбен бірге жарыс жолына шыға алмайды. Оның орнына енді екі лидеріміз болады - Луис Леон Санчес пен Давиде Виллела" - Дмитрий.
Артем да Дмитрий айтқан екі командаласын фаворит санайтынын айтты.
- Үздік атануға үмітті велоспортшының бірі - Давиде Виллела. Екіншісі - Луис Леон Санчес. Ол жарақатынан айығып, жеңімпаз атануға құлшынып жүр, - деді.
"Астана" велоклубының спортшыларынан өзге жеңіс тұғырынан көрінуі мүмкін фавориттердің бірі - америкалық Крис Хорнер. Ол "Вуэльта" көпкүндігінің бірнеше кезеңінде жеңіске жетті. 46 жаста болса да, нағыз спорттық бабында жүрген велошабандоз. Жүлделі орыннан көрінуге барын салары сөзсіз.
"Алматы турының" бірінші кезеңі Андрей Кивилевті еске алуға арналады
"Алматы турының" бірінші кезеңі Андрей Кивилевті еске алуға арналады. Қазақстандық аңыз велошабандоздың дүниеден озғанына 15 жылдың жүзі болды. Бұл кезең аяқталғанда марқұмның жары Наталья жеңімпазды танымал спортшының алғашқы кәсіби командасы болған "Фестина" жейдесімен марапаттайды.
"Алматы туры" кезінде қандай көшелер уақытша жабылады?
Ұйымдастырушылар бірінші және екінші кезеңдерде велосипедшілердің қозғалысы барысында жолдарды динамикалық жабудың өткен жылғы тәжірибесін қолдануды жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз екі күнде де – 29 және 30 қыркүйекте жолдар жарыс қатысушылары жүретін кезде ғана жабылады деген сөз. Ал пелотон белгілі бір көшемен жүріп өткеннен кейін сол жол бөлігі дереу ашылады.
Алайда қай жол бөлігінің нақты қай минуттарда жабылатынын дәл басып айту мүмкін емес – себебі жарыс барысын алдын ала біліп, болжап отыру өте қиын – мұның барлығы қатысушы командалардың жарысу әдіс-тәсілдеріне байланысты, сөреден шыққанда бірден көш бастай ма, әлде мәреге жақындағанда жылдамдық арттыра ма – мұның барлығы да әзірше жұмбақ. Велоспорттың қызығы да осында, мәреге кімнің бұрын жететіні жарыс соңына дейін белгісіз болады.
Сондықтан автокөлік жүргізушілері осы күндері өз бағыттарын алдын ала жоспарлағаны дұрыс болатынын ескертеміз.
29 қыркүйек (бірінші кезек):
10.00-ге "Алматы туры" додасына қатысушы командаларының таныстырылымы жоспарланған. Сондықтан Астана уақыты бойынша 09:30-дан бастап "Астана" алаңындағы қозғалыс жабылады.
Ал бірінші кезең 12:00-де "Астана" алаңынан бастау алады. Осы кезең бойында шабандоздар 26,1 шақырымға созылып жатқан жеті қалалық айналымды жүріп өтуі тиіс. Жарыс мына сызба бойынша жүреді:
"Астана" алаңынан Төле би көшесімен Достық даңғылына дейін, сосын Сәтбаев көшесіне дейін жоғары, ол жақтан Назарбаев даңғылына дейін.
Бұл даңғылдан велошабандоздар әл-Фарабиге жоғары көтеріледі. Жарыстың ең ұзақ жолы осы даңғылда – спортшылар шығыс бағытта Мұстафин көшесіне дейін жүріп, сол жерде айналып, қайтадан Сейфуллин даңғылына дейін жүреді.
Бұл даңғылдан жарыс қатысушылары Сәтбаевқа дейін төменге жүреді, кейін солға бұрылып Байзақовқа дейін кейін Абайға дейін төмен барады. Абай даңғылының бойымен Желтоқсан көшесіне жетіп, сосын Төле биге дейін төмен жүреді, содан "Астана" алаңына бұрылып, сол бойда мәреге жетеді.
Спортшылар Астана уақытымен шамамен 16.00-де кезеңді қорытындылауы керек. Осылайша ескертеміз: 9:30-ден 17:00-ге дейін осы көрсетілген жол бөліктерінде жолдар уақытша жабылады.
30 қыркүйектегі екінші кезең:
Екінші кезең 11:00-де "Халық Арена" алдынан бастауын алады. Мұнда велосипедшілер "ШААЖ-әл-Фараби" айналымын Тұңғыш Президент Саябағы алдындағы айналма арқылы 4,5 рет жүріп өтеді. Кейін Саябақтан Достық даңғылына дейін, ал бұдан кейін Медеу спорт кешеніне дейін жоғары көтеріледі. Бұл жол бөлігінде жол қозғалысы 11:00-ден 16:00-ге дейін (шамамен) шектеледі.
Сонымен қатар "Медеудегі" мәреде болатын жеңісті сәтті тамашалайтын жанкүйерлер үшін 10:00-ден 12:00-ге дейін Құрманғазы көшесі мен Достық даңғылының ("Дариджани" мейрамханасына қарама-қарсы тұста) қиылысынан тегін автобустар қатынай бастайтынын ескертеміз. Жарыс аяқталғанда осы тегін автобустар қалаға қайтады.
Биылғы "Алматы туры" веложарысына барлығы 15 елден 19 команда қатысады.
О. Сансызбай