Универсиада алауы - Алматыда

Универсиада алауы - Алматыда
Фото: massaget.kz

2019 жылғы қысқы Универсиада ойындары Ресейдің Красноярск қаласында өтеді. Жарыстың басты алауы 19 қыркүйек күні Турин қаласында тұтанып, бүгін Алатау бөктеріндегі Алматыға жетті.

Алау эстафетасы Абай көшесінің бойындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайынан басталып, Республика  сарайына дейін жалғасты. Ресми ашылу салтанатында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев сөз сөйлеп, алда жарысты ұйымдастырушыларға сәттілік тіледі.

- Құрметті спортсүйер қауым, аса мәртебелі қонақтар, әріптестер Алматыға қош келдіңіздер! Бүгінгі іс-шараның біз үшін маңызы жоғары. Біз үшін - зор құрмет. Алматы қысқы спорт түрлерінен Қазақстанда ғана емес, Орта Азияда алдыңғы қатарда. Алау эстафетасына қатысатын азаматтарға алғыс айтамын. Алматы қаласы басшылығы атынан Красноярск қаласындағы жарысты ұйымдастырушыларға сәттілік тілеймін, - деді.

Алау эстафетасына арнайы келген Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) президенті Олег Матыцин да сөз алып, қонақжай қазақ жұртына алғысын жеткізді. 

- Қайырлы күн құрметті алматылықтар! Сіздердің қонақжай мекендеріңізге тағы келгеніме өте қуаныштымын. 2017 жылғы қысқы Универсиада осы қалада керемет өтті. Жарыстың деңгейі өте жоғары болды. Сарапшылар ең үздік Универсиада деп бағалады. Осы үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке зор алғысымызды білдіреміз.

Кезек Красноясрк қаласында. Жарыс өтетін барлық спорттық нысандар аяқталып келеді. Бәрі де жоспардағыдай боларына сенемін. Бүгінгі алау эстафетасы - достықтың бір нышаны іспетті. Алда бізді тағы спорт мерекесі күтіп тұр, - деді FISU президенті.

Алматыдағы алау эстафетасын жағу рәсіміне Арман Қырықбаев және Олег Матыцин мырзалардан өзге бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов та қатысты. Ал эстафетаны алғаш болып Ресей федерациясы спорт министрінің орынбасары Наталья Паршикова бастады.

Одан кейінгі жолды Қазақ спорт және туризм академиясының жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Әбдінұр Сұлтанғалиев жалғады.

Қанат Ислам алау эстафетасына екінші рет қатысты

Үшінші болып эстафетаны белгілі кәсіпқой боксшы Қанат Ислам қолына алды. Абай көшесі бойына жиналған жұрттың спортшыға деген қошеметі зор болды.

- Алау эстафетасына қатысқаныма өте қуаныштымын. Артымыздан еріп келе жатқан жас спортшыларға берері мол деп ойлаймын. Осыны көріп спортқа қызығатын жандар, студенттер жігерленіп, қазақтың көк туын биікте көтеруге ұмтыла түседі деп сенемін.

Алау эстафетасына екінші рет қатыстым. Алғаш рет 2008 жылғы Олимпиаданың алауын ұстағанмын. Бұған қатысу спортшы үшін, өзге маман иесі үшін де зор мәртебе, - деді боксшы.

Қанат Ислам эстафета алауын өзінен кейін 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының чемпионы Евгений Левкинге табыстады. Одан кейін алқызыл алауды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаев, қазақстандық фристайлшы Жібек Арапбаева, футзалшы Дінмұхамбет Сүлейменов, Ресей федерациясының Алматыдағы бас консулы Евгений Бобров, есту қабілеті ауыр спортшылар арасында еркін күрестен әлем чемпионы Шонку Қайратқан жалғады.

Оныншы болып алау эстафетасын Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбеков алды. Ол "бірінші болу - батылдық" ұранымен "Алматы марафоны" қайырымдылық ұйымының негізін қалаушы әрі спортшы Салтанат Қазыбаеваға жеткізді.

Салтанаттан кейін алауды биатлоннан 2015 және 2017 жылғы Универсиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Подкрытов пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың І курс магистранты Гүлжайна Әнуарбекова жалғады. Алауды Республика алаңына Қазақстан ұлттық спорт студенттер одағының президенті, FISU атқару комитетінің мүшесі, Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закарьянов жеткізді.

"Алматыға жетіспей тұрғаны Олимпиада ғана!"

Алматыда қысқы спорт түрлерінен жарыстар жиі өтіп тұрады. 2011 жылғы Азия ойындары мен өткен жылғы Универсиада соның бір дәлелі. 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге де таласып көрді. Осының бәрін айта келген Қайрат Закарьянов "Алматыға жетіспей тұрғаны қысқы Олимпиада ғана" - деді.

- Алау эстафетасын өткізуге әлемнің 28 қаласы өтініш берді. Тек 3 қала ғана бұл мүмкіндікке ие болды. Біріншісі - Турин, екінші - Алматы, үшіншісі Қытайдың Харвин қаласы. Бұл - біз үшін зор құрмет. Неге Алматыны таңдады? Себебі біздің мұндай іс-шараларда ұйымдастыруда мол тәжірибеміз бар. Ірі халықаралық жарыстарды жоғары дәрежеде ұйымдастырып келеміз. 2011 жылы Азия ойындарын өткіздік. 2017 жылы EXPO көрмесін жоғары дәрежеде ұйымдастырдық. Қысқы Универсиада ойындары тағы бар. Алматыға жетіспей тұрғаны Олимпиада ғана! Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Олимпиада өтетін қаланы таңдауда жергілікті тұрғындардың көзқарасын да басты назарға алады. Біздің көзқарасымыз бір деп ойлаймын. Біздің енді күтетініміз - Олимпиада, - деді Қайрат Закарьянов.

Екі күннен кейін алау эстафетасының салтанатты шеруі Қытайдың Харбин қаласында жалғасады. 29 қыркүйекте алау Ресейге жеткізіледі. Сол күннен бастап, келесі жылдың 1 наурызына дейін жалғасатын алау эстафетасы аталмыш елдің ең ірі 30 қаласын аралап, ақырында Красноярскіні бетке алады.

Красноярскіде өтетін Универсиадада әлемнің 50-ден аса мемлекетінен  3 мыңға тарта спортшылар бақ сынайды деп күтілуде. Студенттер  11 спорт түрінен 76 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Ө. Сансызбай