"Алматы турының" бірінші кезеңі Андрей Кивилевті еске алуға арналады

"Алматы турының" бірінші кезеңі Андрей Кивилевті еске алуға арналады
Фото: press@cycling.kz, Alchetron

Аты аңызға айналған қазақстандық велошабандоз Андрей Кивилев көзі тірі болғанда бүгін 45 жасқа толған болар еді. Спортшының дүниеден озғанына да 15 жылдың жүзі болып қалыпты.

Биылғы "Алматы туры" веложарысының бірінші кезеңі даңқты велоспортшының құрметіне арналатын болады. Кәсіби мансабын сонау 1997 жылы бастаған Андрей Кивилев әлемдік аренада Қазақстаннан шыққан ең бір жарқын спортшылардың бірі саналады. Сарапшылардың айтуынша, тап Кивилевтің жеңістерінің арқасында Қазақстан халықаралық аренада велоспорт түрінен әлемге таныла бастаған. Жастарға жол ашып, олардың келешегін Еуропамен байланыстыруға себепші болған.

 - "Алматы туры-2018" жарысының бірінші кезеңіне спортшының есімі беріледі. Ал қыркүйектің 29-ы күні жарыс аяқталғанда Андрей Кивилевтің әйелі Наталья жеңімпаздарды отандасымыздың ең алғашқы кәсіби командасы болған "Фестинаның" спорттық жейделерімен  марапаттайды. Андрейдің тағы бір жарыс майкасы "Астананың" велоспорт мұражайына беріледі,- деді Қазақстан велоспрот федерациясының президенті Дархан Кәлетаев.

Андрей Кивилев 2003 жылы "Париж-Ницца" веложарысы кезінде көз жұмды. Мәреге 40 шақырым қалғанда командаластары поляк Марек Руткевич және неміс Фолькер Ордовскимен соқтығысып қалған. Жерге баспен құлаған Андрей қайта тұрмады. Дәрігерлер спортшыны Сен-Шамон ауруханасына, кейіннен тікұшақпен Сент-Этьендегі орталық ауруханаға жеткізген. Бірақ басынан ауыр жарақат алған велоспортшы бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, өмірден озды.

Қайғылы оқиға қазақ спорты жанкүйерлерінің қабырғасын қайыстырды. Андрей Кивилев Францияның "Cofidis" командасы сапында "Тур де Франс" додасында тұңғыш рет жоғары нәтижеге (2001 жыл, 4-орын) қол жеткізген қазақстандық спортшы еді. 1994 жылы Азиадада жеңіске жеткен. 1996 және 2000 жылдары Қазақстан атынан Олимпиада ойындарына қатысты. Тәжірибесі толысқан шағында бұл дүниемен қош айтысты.

Андрей Кивилевтің қазасынан кейін Халықаралық велоспортшылар одағы (UCI) жарыс кезінде велоспортшыларға қорғаныс баскиімін (шлем) киюді міндеттеді.

Велоспортшы 1973 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. 14 жасынан бастап спортпен шұғылданған. Ол ең алғаш рет Қазақстан намысын 1992 жылы туре "Commonwealth Bank Cycle Classic" халықаралық велотурында қорғады. Жалпы есеп бойынша бесінші орында иеленген оның веложарыс жолындағы ғұмыры осылай басталған-ды. Ал кәсіпқой велоспорттағы мансабын досы, Олимпиада чемпионы Александр Винокуровпен үзеңгі қағыстыра бастаған еді.

2001 жылы "Тур де Франста" 4-орын алғаннан кейін велоспортшыны өз қатарларына шақырған танымал командалар көп болды.

"Киви" деген лақап атпен танылған велоспортшы Францияда қазақ спортының беделін көтеруге баға жетпес үлесін қосқан алғашқы велоспортшылардың бірі.

2012 жылы америкалық велоспортшы Лэнс Армстронг  допинг пайдаланғандығы дәлелденіп, осы уақытқа дейін қол жеткізген барлық атақтары мен марапаттарынан айырылды. Сол себепті  2001 жылы "Тур де Франс" жарысында  4-орын алған Андрейге дүниеден озғанына 9 жыл өткеннен кейін доданың қола медалі берілді.

Бүгінде Қазақстан мен Францияда Андрей Кивилевті еске алуға арналған жарыстар жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Ал спортшының туған жері Талдықорған қаласында ескерткіш тақта орнатылып, көше аты берілген.

Ө. Сансызбай