«Astana Arlans» АҚШ клубына қарсы шығатын құрамын жариялады

«Astana Arlans» АҚШ клубына қарсы шығатын құрамын жариялады

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) қатысып келе жатқан «Astana Arlans» командасы V маусымдағы төртінші кездесуіне қарсы шығатын боксшыларын анықтады. Марат Жақиев жаттықтыратын қазақстандық клуб 8 ақпан күні АҚШ-тың «USA Knockouts» клубымен кездеседі.

Жексенбі күнге жоспарланған жекпе-жектер Қарағанды қаласында өтеді. Қазіргі таңда кассаларда билет қалмаған. Тартысты бокс кешін тамашалауға жанкүйерлердің асығып отырғаны анық.

Бүгін «Astana Arlans» клубының «вконтакте» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасы командалардың құрамын жариялады. Ал салмақ өлшеу рәсімі кездесуге бір күн қалғанда өтетін болады.

52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «Astana Arlans» сапынан Мирас Жақыпов шаршы алаңға шығады. Боксшы жаңа маусымдағы алғашқы жекпе-жегін өткізгелі отыр. Оның қарсыласы – Венегас Брент Ричард ІІІ. Осыған дейін бір кездесу өткізіп, жеңіске жеткен.

60 келіге дейінгі салмақта Ержан Мұсафиров Монтгомери Малиек Доннэлмен жұдырықтасады. Қазақстандық боксшы да, қарсыласы да жаңа маусымдағы алғашқы жекпе-жегіне шыққалы отыр.

«Astana Arlans» командасы қатарынан 69 келіге дейінгі салмақта Асланбек Шымбергенов WSB жобасында алғаш рет бақ сынағалы отыр. Осы маусымда командаға қосылған боксшының қарсыласы – Брайан Цебалло. Ол V маусымда «Italia Thunder» командасында өнер көрсететін 2012 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері британдық Фредди Эвансты айқын басымдықпен жеңген болатын.

81 келіге дейінгі салмақта «Astana Arlans» командасының легионері Хрвое Сеп Нельсон Стивке қарсы жұдырықтасады. «USA Knockouts» клубының мүшесі V маусымда бір кездесу өткізіп, ойсырай жеңілген.

91 келіден жоғары салмақта да қазақстандық клубтан легионер боксшы Филипп Хргович өнер көрсетеді. Оның қарсыласы Глэнтон Брэндонды аса тәжірибелі боксшы деп айтуға келмейді. Жаңа маусымдағы алғашқы жекпе-жегін өткізгелі отыр.

WSB жобасының жаңа маусымында «B» тобында бақ сынап жатқан «Astana Arlans» клубы осыған дейінгі үш кездесуінде де жеңіске жетті. Дәл осындай нәтижені АҚШ елінің командасы да көрсетіп отыр. Нағыз тартысқа толы жекпе-жек - төрт кездесу қорытындысында топтағы көшбасшыны анықтайтын болады. Шаршы алаңдағы жекпе-жектерді «Хабар» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.

Марат Жақиев жаттықтыратын команда «USA Knockouts» клубынан кейінгі кездесін «Puerto Rico Hurricanes» командасымен өткізеді. Кездесуді 14 ақпан күні Қарағанды қаласында өткізу жоспарланған. 

Сурет: vk.com

Оқи отырыңыз

Жаңа маусымдағы «Astana Arlans» сапына кімдер қосылды?

«Astana Arlans» Губада «Baku Fires» командасын жеңді

«Astana Arlans» Польшада «Hussars Poland» клубын жеңді

О. Сансызбай