Басты акссесуар – сөмке таңдау ережелері

Басты акссесуар – сөмке таңдау ережелері

Сөмкені өмір салтыңызға, материалдық мүмкіндігіңізге, жыл мезгілі мен ұстанатын стиліңіз сияқты бірнеше факторға негізделе отырып таңдау қажет. Бір ғана үлгідегі сөмкемен шектеліп қалу міндетті емес. Әртүрлі түстегі, әртүрлі пішін мен үлгідегі үш-төрт сөмке алып қойсаңыз - кез келген бейнеңізді толыққанды ете аласыз.

Үлгісі мен өлшемін таңдаймыз

Сөмке таңдау сіздің өмірлік салтыңызға, стиліңіз бен жеке талғамыңызға байланысты. Жаңа сөмке сатып аларда оны қайда ұстайтыныңызды, немен үйлестіретініңізді ойластырып алыңыз. Әмиян, косметика заттары, күнделік, планшет сияқты өзіңізбен күнделікті алып жүретін заттарыңыз сыя ма, соны қарастырыңыз.

Күнделікті ұстауға былғарыдан, былғары алмастырғыштан, матадан жасалған сыйымды сөмке таңдаңыз. Сонымен қатар қолға ұстауға да, иыққа іліп жүруге де ыңғайлы сабы біріккен сөмкелер тиімді. Сөмкенің сыртында да, ішінде де бірнеше қалташа болғаны жақсы. Мысалы, сыртқы қалташаларға жол жүру билетін, майда тиындар немесе кілттерді салып қоюға болады. Ілгегі бар ішкі қалташалар әмиян, куәлік және басқа да құжаттарға арналған.

Егер сөмкеңіздің ішкі қалташалары болмаса, матадан жасалған арнайы органайзер сатып алыңыз. Ол сөмкеңіздің пішініне сай болатын болсын.

Іскерлік стиль үшін қатты портфель-сөмкелер жарайды. Оларға қағаздар мен папкалар, нотбук және т.б. қажетті заттар оңай сыяды. Қыздар портфелі ұлдардыкіне қарағанда кішірек әрі биязы келеді, әсемдік үшін қосымша қалташалармен жабдықталған болуы мүмкін. Байсалды түсті, сапалы былғарыдан жасалған үлгілерді таңдауға тырысыңыз. Егер қара және қоңыр сөмкелер қызықсыз болып көрінсе, онда сарғылт, көк, қою қызыл – ашық реңкті аксессуарларға назар аударыңыз. Мұндай үлгілер қошқыл кәстөмдермен, пальто және тағы басқа классикалық киімдермен жақсы үйлеседі.

Сөмке таңдағанда ілгегіне назар аударыңыз. Екі жиекті, бекітілмелі ілгектер ең ыңғайлысы – мұндай сөмкені ашу да, жабу да оңай. Егер заттарыңыздың қауіпсіздігін ойласаңыз сыдырма ілгекті және қосымша клапаны бар бұйымды таңдаңыз. Ең ыңғайсыз және қауіпсіз емес нұсқалардың бірі – велкро ленталы ілгек. Жабысқақ арқылы жабылған сөмке кез келген уақытта ашылып кетуі мүмкін, сонымен қатар мұндай бекіткіштің ғұмыры ұзаққа бармайды.

Заттарды сөмкеде сақтамаңыз. Үйге келген соң журнал, косметикалық заттар мен ұсақ-түйек бұйымдарды шығарып қойыңыз. Осылайша олар формасын жоғалтпайды.

Айрықша жағдайларға ерекше нұсқалар

Кешкілік жиын-отырыстарға клатч ұстап барған дұрыс. Бұл ықшамдалған сөмкелердің сабы болмайды және үлгісі мен өлшемдері әртүрлі болып келеді. Клатчтардың кездемеден, былғары мен жүннен тігеді, олардың қатты және жұмсақ түрлері болады. Ресми шараларға және театрға жалпақ клатч-коверттер жарайды, ал сәнді би кештеріне түрлі үлгідегі ерекше клатчтарды ұстап баруға болады.

Ерекше пішінді, қызықты сөмкелер де сұранысқа ие. Мұндай бұйымдарды күндіз де, кешке де ұстап жүруге болады. Ит, қызанақ, кәмпит немесе автобус пішініндегі сөмкелер бейнеңізге ойнақылық пен ерекшелік сыйлайды.

Оқи отырыңыз:

Сөмке сақтаудың сырлары

Сөмке таңдау. Жігіттерге кеңес

Сөмке мен мінез

Дизайнерлік сөмке қажет пе?

Сөмке мен аяқ киім үйлесімі

Сән. 10 ыңғайлы және сәнді сөмке

Қол сөмкесін дене бітіміңізге қарай таңдаңыз

Сәнді сөмкелер

Сөмкесіне қарап таны...

Сен сөмкені қалай ұстайсың?

Сурет: bojina.ru, vk.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina