Дизайнерлік сөмке қажет пе?

Дизайнерлік сөмке қажет пе?

Нағыз дизайнерлік сөмке әр сәнқой қыздың арманы емес пе? Әрине әлемдік брендтердің сөмкелері қыруар ақша тұрады. Есесіне сол сөмкелерді ұқсатып, арзан бағаға тігетіндер де аз емес. Олардың арасынан сапалы түрін таңдауды үйренейік.

Chanel, Hermes пен Louis Vuitton сөмкесінің түпнұсқасын келешек армандарға қалдыра тұрайық. Әзірше "люкс" сөмкелерінің көшірмелерін жасайтын сапалы сөмке түрлерін іздеп табайық. 

Қазір танымал брендті, бәрі білетін пішінді сөмкелердің көшірмелері дүкен мен базарлардан жиі көрінеді. Интернет сайттары да "брендті" сөмкелерге толы. Сапасыз сөмке сатып алудан қалай сақтануға болады?

Біріншіден ең жиі көшірме жасайтын сөмке түрлерін біліп жүргеніңіз дұрыс. Қазірде Chanel, Louis Vuitton, Hermes-тің көшірмелер саны түпнұсқаларынан бірнеше мың есе асып түскен болар.

Бұл жерде сіз не қалайтыңызды түсініп алу керек. Қымбат түпнұсқадан бас тартқанымыз түсінікті-ақ. Базар сөрелеріндегі арзан көшірме мен соны шын бренд деп жас қыздарды алдап, қымбатқа сататындар да табылады. Егер сіз көшірмені ұстауға қысылмасаңыз, осындай түрін ала салуға болады. Бұл қалтаңызға аса күш түсірмейді, орынды киген жағдайда сәнді көрінеді.

Сәнді сөмкелер ұстаудың тағы да бір жолы бар. Қазірде батыстың трендтерін тек қытай көшіріп жатқан жоқ. Жас, аса танымалдығы жоқ дизайнерлер, орташа сатып алушыға бағытталған брендтер, сән үйлері де әлемге әйгілі маркалардың топтамаларын қарап, солардан кем түспей, қайталауға тырысады. Әрине мұндай сөмкеде Chanel, Hermes пен Louis Vuitton сынды белгі болмайды, есесіне танымал сөмкелердің түстері, пішіні, ою-өрнектері қайталанады. Осылайша көп ақша құртпай-ақ жақсы сөмке иегері бола аласыз.

Сөмкені интернет арқылы сатып алсаңыз, сатушыңыз қаншалықты сенімді екенін тексеру керек. Күніне ондаған сөмке сатып, сізге кез келген түрін алып беремін деп уәде етсе, бұндай сатушыдан аулақ болғаныңыз жөн. Бұл кісі –арзан көшірмелер сатушысы.

Жиі жағдайда интернет арқылы сатылым жасайтындар интернеттен сол сөмкенің әдемі бір суретін тауып, салып қояды. Сурет бұл баға үшін тым әдемі болып көрінген жағдайда сатушыдан бірнеше шын суретін көрсетуін сұраңыз.

Әрине сөмкенің сапалығы бір қарағанда байқалады: фурнитураның дөрекі көрінуі, қатты тері, тігістердің бірқалыптығы сақталмауы сізге бұл сөмкенің сапасыздығы жайлы айтады.

Әрине жас қыздар бренд пен трендтердің артын қумай, өз жеке стилі мен талғамын дамытқаны абзал. Сол себепті арзан, бірақ сапалы заттардан ерекше бейнелер жасауға тырысыңыз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: dresskodes.ru

С. А