Сәнді сөмкелер

Сәнді сөмкелер

Қазірде сәнді трендтер маусым сайын емес, ай, апта сайын өзгеретін болды. Сіздер сәннен қалып қалмау үшін, біз күнделікті сән әлеміне шолу жасап отырамыз. Бүгінгі назарымызда сәнді сөмкелер топтамасы.

Күнделікті ұстауға болатын ыңғайлы сөмкелерден бастап, салтанатты кішкентай клатчтарға дейін қарастырайық.

Арқаға тағылатын сөмке өте ыңғайлы бұйым. Осындай бір арқа сөмкеңіз болса, оны әр маусымда киіміңізге үйлестіріп тағуыңызға болады. Әрине былғарыдан тігілген сөмке мата сөмкеге қарағанда сапалы болады, күздің жаңбырлы күндеріне де сай келеді. Сөмкені джинсы не тор шалбармен кисеңіз болады. Алайда арқа дорбасы тек спорттық стильдегі киіммен жарасады деген пікір қате, оны ойнақы көйлекпен де, кеңсе стилімен де үйлестіруге болады. 

Дорбалы сөмке сәнқой қыздар арасында үлкен сұранысқа ие. Бұндай пішінді сөмке ыңғайлы, іші әжептеуір үлкен, кітаптарыңыз бен қажетті ұсақ-түйектерді сыйдыра аласыз.

Қысқа сапты сөмке жаздан бері сәннен шығар емес. Мұндай түрлі сөмке әмбебап, ол күзгі қалың шалбармен, белдемшемен, пальтомен жақсы жарасады. 

Металлик түстес аксессуарлардың өзектілігі осымен бірнеше маусым сақталуда. Сондықтан сізде де осындай бір жылтыр сөмке болғаны дұрыс. Ол кешкі отырыстар мен салтанатты кештер кезінде бейнеңіздің сәніне айналады.

Портфель пішінді ұзын сапты сөмке де осымен бірнеше маусым трендте. Бұл сөмкенің іші үлкен, ұзын сабы тағуға ыңғайлы, ал түстерінің ассортименті әр сәнқой қызды қуантады.

Аң терілері, тонмен әшекейленген сөмкелер күзгі, қысқы бейнелермен жақсы жарасады. Жұмсақ аксессуарлардың түсті түрі қазір ерекше тренд саналады.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: teenvogue.com

С. А