Apex Legends ойыны Fortnite-тың рекордын бұзды

Apex Legends ойыны Fortnite-тың рекордын бұзды
Фото: thejakartapost.com

Apex Legends ойыны Twitch бейнестриминг жүйесінде рекорд жасады. Көрермендер Twitch Rivals турнирін жалпы уақытты қосқанда 8,29 миллион сағат тамашалаған.

Бұған дейінгі рекорд Fortnite ойынына тиесілі болатын. Epic Games жасап шығарған Fortnite ойынын өткен жылдың 20 маусымы күні Summer Skirmish жарысында 6,6 миллион сағат көрген. Сондай-ақ, Apex Legends ойыны жеке стримдегі көрілім уақыты бойынша рекордты жаңартты. Танымал киберспортшы Майк shroud Гржесиктің Apex Legends ойынына жасаған стримін 1,1 миллион адам тамашалаған. Бұл бұрынғы рекордтан (Тайлер Ninja Блевинстің Fortnite ойынына жасаған стримі) 100 мыңға көп.

Electronic Arts жасап шығарған Apex Legends ойынын бір аптада 25 миллион адам жүктеген. Компания қуанышты жаңалықпен ерекше бейнешолу ретінде бөлісті. Ойынды алғашқы үш күнде 10 миллионнан астам адам жүктеп, оның 2 миллионы бір уақытта ойнаған екен. Apex Legends басты бәсекелесі Fortnite ойынына қарағанда жылдам танымал болды. Epic Games жасап шығарған Fortnite ойыны тек 6 аптадан соң ғана 25 миллион қолданушыға жеткен. Дегенмен қазір консоль, ДК, смартфондардағы қолданушыларды қоса есептегенде қазір Fortnite ойынында 200 миллион ойыншы тіркелген. Apex Legends ойын нарығында пайда болғанына бір аптадан сәл асса да Twitch киберспортшылар арасында жарыс ұйымдастыруды қолға алды.  

«Апекс аңыздары» - соңғы уақытта танымал болып келе жатқан «корольдік айқас» стилінде жасалған. Бір картада 60-қа жуық ойыншы үш-үштен топ болып өзара айқасады. Ойын тегін болғанымен өзіңізге қажетті қосымша заттарды ақшаға сатып аласыз. 

Бұған дейін Xiaomi компаниясы әлемге әйгілі PUBG және Fortnite ойындарының Survival Game атты баламасын шығарған болатын. Геймплей PUBG ойынына ұқсаса, кейіпкерлері Fortnite ойынынан алынған. Әзірге ойын тек Үндістан аумағында қолжетімді. Алайда қазірдің өзінде жаңа ойынды телефоныңызды жүктей аласыз. Ол үшін үндістандық Mi Store қосымша дүкеніне тіркелу қажет. Екінші тәсілі - телефоныңыздағы мекен жайды Үндістанға ауыстырып, Xiaomi дүкенінен жүктеуге болады.

Айбар Рысдәулет

Massaget