Apex Legends: Ойын нарығында жаңа көшбасшы

Apex Legends: Ойын нарығында жаңа көшбасшы
Фото: playground.ru

Electronic Arts жасап шығарған Apex Legends ойынын бір аптада 25 миллион адам жүктеген. Компания қуанышты жаңалықпен ерекше бейнешолу ретінде бөлісті.

Ойынды алғашқы үш күнде 10 миллионнан астам адам жүктеп, оның 2 миллионы бір уақытта ойнаған екен. Apex Legends басты бәсекелесі Fortnite ойынына қарағанда жылдам танымал болды. Epic Games жасап шығарған Fortnite ойыны тек 6 аптадан соң ғана 25 миллион қолданушыға жеткен. Дегенмен қазір консоль, ДК, смартфондардағы қолданушыларды қоса есептегенде қазір Fortnite ойынында 200 миллион ойыншы тіркелген.

Apex Legends ойын нарығында пайда болғанына бір аптадан сәл асса да Twitch киберспортшылар арасында жарыс ұйымдастыруды қолға алды.  

«Апекс аңыздары» - соңғы уақытта танымал болып келе жатқан «корольдік айқас» стилінде жасалған. Бір картада 60-қа жуық ойыншы үш-үштен топ болып өзара айқасады. Ойын тегін болғанымен өзіңізге қажетті қосымша заттарды ақшаға сатып аласыз. 

Бұған дейін Xiaomi компаниясы әлемге әйгілі PUBG және Fortnite ойындарының Survival Game атты баламасын шығарған болатын. Геймплей PUBG ойынына ұқсаса, кейіпкерлері Fortnite ойынынан алынған. Әзірге ойын тек Үндістан аумағында қолжетімді. Алайда қазірдің өзінде жаңа ойынды телефоныңызды жүктей аласыз. Ол үшін үндістандық Mi Store қосымша дүкеніне тіркелу қажет. Екінші тәсілі - телефоныңыздағы мекен жайды Үндістанға ауыстырып, Xiaomi дүкенінен жүктеуге болады.

Айбар Рысдәулет

Massaget