Facebook қолданушылар саны 1,55 миллиардқа жетті

Facebook қолданушылар саны 1,55 миллиардқа жетті
Фото: www.facebook.com

Ағымдағы жылдың үшінші кварталында Facebook әлеуметтік желісіне жаңадан 60 миллион адам тіркелген. Нәтижесінде әлеуметтік желі қолданушылар саны 1,55 миллиардқа жетті. Бұл туралы Марк Цукерберг өзінің фейсбуктегі аккаунтында мәлімдеді. Сараптамалық жұмысты internet.org ресурсы дайындаған.

Ресми сараптамалық ақпаратқа орай, америкалықтар интернетке жұмсайтын уақытының 20%-ы Facebook пен Instagram желілеріне кетеді екен. Ал 894 миллион қолданушы аталған желілерге күнделікті кіреді.

«Соңғы үш айда ғаламторға кіру мүмкіндігі жоқ аймақтарды желімен қамту жобасында сүбелі нәтижелерге жеттік. Орбитаның төменгі қабатында айналатын жеке спутник интернет жылдамдығын арттыру үшін еңбек етпек. Сонымен қатар, Oculus Rift виртуалды шындық құрылғысының шығу мерзіміне жақындағанымызды жетістік деп білемін» - дейді Марк Цукерберг.

Марк Цукерберг Facebook пен Instagram желілерінің бір-біріне бәсекелес емес екенін айтады. Олар бірігіп БАҚ өкілдеріне бақталастық тудыратын болады.

Жақында бір уақытта 500 миллион қолданушы әлеуметтік желіде отырғаны туралы мәлімет берілген болатын. Сол кезде Facebook өзінің платформасына жүктелген видеолардың көрілімі 8 миллиардқа жеткенін хабарлады. Компания басшысы барлық салаларда өсу көрсеткіші ұлғайғанын айтады. Үшінші кварталдағы Facebook табысы өткен жылғымен салыстырғанда 45,4%-ға артып, 4,3 миллиард АҚШ долларына жеткен.

Facebook компаниясы Instagram әлеуметтік желісі мен WhatsApp мессенджерін сатып алған еді. Бүгінде аталған мобильді платформалар нәтижесі айтарлықтай өскен. Мысалы, WhatsApp мессенджерін қолданушылар саны 900 миллионға жетсе, Instagram әлеуметтік желісіне теркелгендер 400 миллионнан асқан. Сонымен қатар, Facebook желісінің жеке мессенджері Messenger қазіргі таңда 700 миллионнан астам адам қолданады. 

Ж. Өрісбай