Instagram әлеуметтік желісі қалай құрылды?

Instagram әлеуметтік желісі қалай құрылды?

2006 жылдың көктемінде Кевин Систром Пало-Альтодағы (АҚШ) Caffé del Doge кафесі маңында тұрған кезде оның қасына Марк Цукерберг келеді. Ал содан бір жыл бұрын Цукерберг Кевинмен кешкі ас барысында оған Стэнфордтағы оқуын тастап, Facebook желісінің фото жобасын жүзеге асыруды ұсынады. Систром келісімін бермей кетеді.

«Оқу барысында стартап ашып, ақшаға кенелуге қызықпадым. Алдымен оқуды тәмамдап алу керек еді. Себебі Стэнфорд білімі мен үшін өте маңызды болатын. Ал Марктың идеясы ұтымды болса да, оны құрастыруға талай еңбектің қажет екенін түсінгенмін», - дейді Систром.

Мамандар Систромның Facebook компаниясында жұмыс істеуден бас тартқаны дұрыс шешім болғанын айтады. Кевин Стэнфордта қалып, Instagram әлеуметтік желісін құрастырады. Көп өтпей оны Марк Цукерберг 1 млрд АҚШ долларына сатып алады. Алғашқыда стартаптың табысы да, стратегиялық жоспары да жоқ болатын. Сондықтан ұсынылған сома Кевин тарапынан бірден мақұлданады. Компания сатылғаннан кейін де Систром мен Кригер өз қызметтерінде қала береді. Келісімшарт іске асқаннан кейін Марк Цукерберг Instagram әлеуметтік желісін Систром тәуелсіз түрде басқаратынын нақты айтады.

Бүгінде фото және видео алмасуға арналған әлеуметтік қызметі де бар Instagram бүкіл әлемге танымал. Оның жобасы бастапқыда "Burbn" деп аталып, АҚШ-тың Сан-Франциско қаласынан бастау алады. Instagram желісін жүзеге асыруға Кевин өзімен бірге оқыған бразилиялық досы Майк Кригерді (Mike Krieger) шақырады.

Систром сандық экономика нарығында стартапты бірнеше айдың көлемінде миллиардты қамтитын компанияға айналдыру мүмкін екенін айтады. Расында 2010 жылы ұсынылған желінің қолданушылар саны бір жыл өтпей 15 миллионға жетеді. Бұл Facebook көрсеткішінен әлдеқайда жоғары болатын. Фотоны тек жүктеп қана қоймай, оның сапасын арттыру, өңдеу функцияларын да ұсынады.

Майк Кригер

Систром әрқашан бизнес пен стартапқа қызығушылығын жоғалтпаған. Студент кезінде веб-сайттар құрастырумен айналысқан. Атап айтқанда, Стэнфорд университетінің онлайн хабарламалар тақтасы Craigslist қызметінің аналогы және студенттік ұйымдар фотолармен бөлісетін Photobox сайты. Кевин үшінші курста студенттік бағдарламаларға қатысып, Odeo компаниясында тәжірибе жинақтау мүмкіндігін ұтып алады. Аталған компанияда Кевин Twitter әлеуметтік желісінің негізін салушы Джек Дорсимен бірге күрделі бағдарлама жазуды үйренеді. Оқуды тәмамдағаннан кейін Google корпорациясының маркетингтік қызметінде жұмыс істеп, Nextstop компаниясында тәжірибе жинақтайды.

Бала кезінен суретке түсіруді хоббиі еткен америкалық стартапшы өзінің қызығушылығын сайтқа жүктеуді мақсат етеді. Нақтырақ айтар болсақ, Instagram әлеуметтік желісінің негізін салуды ұйғарады. Систромның Burbn атауына ие жобасы туралы Baseline Ventures стартап орталығының басшысы Стив Андерсон есітіп, оған бұл жобаны іске асыру үшін 250 мың АҚШ долларын ұсынады. Кевин Систром Burbn жобасын өзінің екі бөлмелі пәтерінде іске қосады. Кейіннен Instagram атауына өзгерген желінің басты ерекшелігі жүктелген фотоларды географиялық орындарға тегу мүмкіндігі еді.

Instagram негізі қаланған Систромның Сан-Францискодағы пәтері

«2010 жылы iPhone смартфондары енді танымалдыққа ие бола бастаған еді. Біз де мобильді құрылғыға негіздеп қызмет ұсынуды жөн көрдік. Сондықтан жобаның алғашқы нұсқасын iOS платформасына бейімдедік. Бұл коммуникациялық функциялардың жаңа өнімі болуға тиіс еді», - дейді Кевин Систром Forbes журналына берген сұхбатында.

Алғашқы күні 25 мың тіркелуші жинай алған әлеуметтік желінің бүгінде 300 миллионнан астам қолданушысы бар. Бастапқыда тек iPhone смартфондарына арналып шығарылған қызмет түрі бір жыл өтпей Android платформасына да қосылады. Ал 2012 жылы Windows Phone оперативті жүйесінің онлайн қосымшаларының біріне айналады. 


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар