Apple Watch "ақылды" сағатының ресми таныстырылымы қашан өтеді?

Apple Watch "ақылды" сағатының ресми таныстырылымы қашан өтеді?

Apple Watch смарт-сағатының ресми таныстырылымы өтетін күн белгілі болды. Бүгін Apple компаниясы әлемнің алып БАҚ өкілдеріне ресми шақырту қағазын жолдады. Аталған үлкен іс-шарада тек «ақылды» сағат қана таныстырыла ма, әлде өзге де гаджеттердің ресми анонсы күтілуде ме?

Ресми таныстыру АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы Yerba Buena Center өнер орталығында өтпек. Ағымдағы жылдың 9 наурызы күні өтетін кеште Apple Watch сағатының бағасы мен сатылымға шығатын ел нарықтарының тізімі белгілі болады.

Әзірге ғаламдық ақпарат тарату мамандарына бұл іс-шара туралы өтілетін күні мен мекенжайынан бөлек нақты мәлімет берілмеген. Алып компания бәсекелестікке қабілетті болуы үшін әлемнің электроника нарығындағы әртүрлі салаларды толық қамтуы тиіс. Купертинолық компанияның ең үлкен бақталастарының бірі Samsung компаниясы өзінің фирмалық смарт-сағатын әлдеқашан нарыққа шығарып үлгерді. Ендеше бүкіл әлем Apple корпорациясының құпия жоспарларын білуге асығуда.

Бейресми ақпараттарда, осыған дейін Apple Watch сағатының құны 350 АҚШ доллары көлемінде болатыны туралы жазылған еді. Дегенмен, оның дизайны мен қуатына қарай өзгешеліктерге ие болатынын ескерсек, жоғарыда айтылған бағаны нақты деуге келмейді. Компания инсайдерлерінің хабарлауынша, аталған іс-шарада компания өкілдері Retina-дисплейге ие 12-дюймді MacBook Air өнімін таныстыруы мүмкін.

Осыған дейін Тим Кук сұхбаттарының бірінде смарт-сағаттың ағымдағы жылдың сәуір айында жаппай сатылымға шығатыны туралы айтқан еді. Ендеше барлық нақты ақпаратты белгіленген күні білетін боламыз.

Сурет: www.mirror.co.uk

Оқи отырыңыз: 

Apple рекордтық капиталға жетті

Apple өзінің жеке іздеу жүйесін шығаруы мүмкін

Apple Watch қуаты 2,5 сағатқа жетеді

Apple соңғы кварталда неше iPhone сата алған?

Ж. Өрісбай