LG G Flex 2 смартфоны ресми сатылымға қашан шығады?

LG G Flex 2 смартфоны ресми сатылымға қашан шығады?

Ағымдағы жылдың басында өткізілген CES-2015 көрмесінде таныстырылған оңтүстіккорейлік LG G Flex 2 гаджеті көптің назарына іліккен болатын. Енді аталған өнімнің сатылымға шығу уақыты белгілі болды. Майысқақ дисплейге ие болған жаңа гаджет 30 қаңтарда жаппай сатылымға шығады. Бұл туралы LG компаниясының ресми сайты хабарлады.

Алғашында LG G Flex 2 смартфоны Корея Республикасында сатылады. Ресми ақпаратқа орай, өнім жергілікті техно дүкендерінде 737 АҚШ доллары көлемінде сатылымға шықпақ. Расында смартфонның бағасы алдын ала болжанған көрсеткіштен біршама жоғары. Айта кетсек, PhoneArena ғаламтор ресурсы гаджеттің 600 АҚШ доллары көлемінде сатылатынын тұспалдап еді.

Ескере кеткен жөн, G Flex 2 – LG компаниясының 64-битті 8-ядролы Qualcomm Snapdragon 810 процессорымен жабдықталған алғашқы өнімі. Аталған смартфон өзінің алдыңғы нұсқасынан біршама кішілеу. Оның диплейі 5,5-дюймге дейін кішірейтілген.

LG  гаджетінің ерекшелігі оның өзін-өзі қайта өңдей алу мүмкіндігінде болып отыр. Айта кетсек, өнімнің корпусы зақымданған жағдайда бірнеше минутта қайта қалпына келе алады.

G Flex 2 кәріс аппаратының оперативті жадысы 2 Гбайт және 3 Гбайт болып, екі нұсқада сатылымға шықпақ. Өз елінде ресми сатылымға шыққан бойдан көп өтпей әлемнің өзге елдерінде де дүңгіршектерге қойылу жоспарланған.

Сурет: analogindex.ru

Оқи отырыңыз: 

CES 2015. G Flex 2 – LG ұсынған дөңес смартфон

Samsung Galaxy S6 смартфоны дөңес дизайнға көшеді

Microsoft голографиялық көзілдірігін таныстырды (Видео)

Ж. Өрісбай