- Негізгі бет
- Шолу
- Тыңшыларға арналған 13...
Тыңшыларға арналған 13 түрлі камера
Тарихта аты қалған тыңшылар туралы ой жүгірткенімізде алдымен Джейс Бонд есімізге түсері анық. Дегенмен ол әдеби кейіпкер. Ян Флемингтің романдары негізінде фильм түсіріле бастағаннан кейін ғана бұл есімді күллі әлем тани бастады. Бірақ соғыс кезінде шынайы ерлік көрсеткен тыңшылардың атын да ескергеніміз жөн. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыс аяқтала бастағанда АҚШ-тың Манхэттен ядролық жобасы туралы құпия ақпаратты КСРО-ға жеткізген кеңес тыңшысы Джордж Коваль, неміс барлауында қызмет еткен КСРО тыңшысы Рудольф Абель және «Тыңшылық королі» атағына ие болған британдық Сидней Райли сынды тарих беттерінде қалған тұлғаларды осы ретпен айтуға болады.
Айта кетсек, британдық жазушы Ян Флеминг Джейс Бондтың өмірдегі прототипі деп жоғарыда айтылған Сидней Райлиді айтқан екен. Шытырман оқиғаға құмар адамдар үшін тыңшылардың гаджеттері қызық болары анық. Расында аппараттар тыңшылардың ауырын жеңілдетіп, тығырықтан шығуына көмектескен. Ал тыңшылардың «ең танымал құпия гаджеті» деп камераны атасақ, ешкім қарсы бола қоймас. Ендеше тыңшылардың орайына арналып, әр түрлі кезеңде қолданылған 13 камераның тізімін ұсынамыз.
1. Automatique De Bertsch камерасы
Шындығында заманауи фотокамераларды пайдалануды кішкене бала да біледі. Әрине мұның несі күрделі дейтін шығарсыз. Дегенмен 1861 жылы бұл үдеріс әлдеқайда қиын болды. XІX ғасырда фотокамераны қолдану үшін тыңшы алып қорапты өзімен бірге көтеріп жүруіне тұра келген. Одан бөлек, ол дәуірдің камераларында құпия түрде суретке алу үшін жылдам жұмыс істеу мүмкіндігі де жоқ болатын. Әйткенмен де, Сол кезеңдегі француздың Chambre Automatique De Bertsch фотокамерасы небәрі 1,5 дюйм көлемге ие болған деседі. Бұл қазіргі дамыған аппараттардың арғы атасы. Сондықтан осы тізімнің көшін бастады.
2. Ansco Memo камерасы
Алынған суреттерді шығару жаңа басылым технологиясы негізінде жеңілдей түсті. 35 мм-лі Ansco Memo Miniature камерасы өткен ғасырдың 1920-30-жылдары жеке барлау қызметтерінде жаппай қолданыла бастаған. Оның қолға сыйымды әрі жылдам жұмыс істеуі тыңшыларға ешкімге білдірмей фотоға түсіру мүмкіндігін берді.
3. Ticka Expo Watch камерасы
Қалта сағаты кейпіндегі бұл камера шындығында уақыттың қанша болғанын көрсетпейді. Ал көлемі осындай портативті сағаттан екі есе қалың болып келеді. Расында тыңшы бұл камерамен фотоға алу үшін қалтасынан сағатын ала берсе де қоршаған ортада өзіне күмән арттырып алуы мүмкін. Дегенмен 1905-1914 жылдары Ticka Expo Watch камерасынан қолайлы өнім болмаған. Өз кезінде құпия операцияларға арналған бұл камералар 1 АҚШ долларынан сатылымда жүріпті.
4. ABC Wristwatch камерасы
Егер қол сағатта сандар мен бағыт көрсеткіштерінің орнында оптикалық линза және белгісіз батырмаларды көрсеңіз, оның иесі туралы қандай ойға барар едіңіз? Әрине, оның тыңшы болу мүмкіндігіне кем дегенде 50%-ға сенімді боласыз. Сондықтан 1949 жылы Германияда шығарылған ABC Wristwatch камерасын тыңшы гаджеті ретінде айырып тану қиын болмаған. Дегенмен тәжірибелі тыңшылар сағатты көпке көрсетпеу мақсатында үнемі жеңі ұзын көйлек киген екен. Ал қажет емес кезде сағаттың қанша болғанын білгісі келетін адамдар тыңшының жұмыс істеуіне кедергі болғаны анық.
5. Echo 8 Lighter камерасы
Мүмкін сағат кейпіндегі камералар көптің көңілінен шықпаған болар. Бірақ өткен ғасырда толық талапқа жауап беретін және қажет кезде басқа функцияларды да орындай алатын камералар шығарылған. Мысалы, 1951 жылы жасалған Echo 8 камерасының бүркеншік функциясы оттық болған. Шындығында ол темекіні тұтата алған. Осы кезден бастап тыңшылардың жаппай темекі шегуге үйренуі белең алады. Портативті камерамен темекіні тұтату кезінде ғана түсіруге мүмкін болған.
6. Tessina 35
Tessina 35 камерасы жоғарыда айтылған оттық кейпіндегі камераның аналогы болып табылады. Оның кішкене көлемі темекі қорабына өте ұқсас. Темекі қорабымен тең камераның корпусында бақылауға арналған тетіктер бар. Тыңшылар қораптың шындыққа жанасуы үшін оның ішіне темекі салып жүретін болған.
Расында өте мұқият жасалған тыңшы фотокамерасы. Бір қызығы оның шығарылымы 38 жылға дейін жалғасын тауыпты. Айта кетсек, 1957 жылдан 1996-ға дейін тапсырыспен шығып отырған.
7. Minox
Бұл тыңшы камерасы ең қолайлы құрылғылардың бірі екен. Тыңшылардың халықаралық мұражайының берген анықтамасына орай, алғашында аппараттың қуаты 50 суретке алуға жеткен екен. Ол қолға қонымды және сапалы суретке түсіре алады. Алайда оның дизайны күмән тұдыруы мүмкін деп ойларсыз. Дегенмен камераны мұндағыдай аяқ киім тазалағыштың ішіне жасыруға болады.
Аталған камера алғаш рет 1937 жылы шығарылған болса да, 1960-70-жылдары оның орнын басатын аппарат жоқ еді. Қазіргі кезде Minox камерасы тыңшылық тарихындағы ең әйгілі фоткамералардың бірі болып табылады. Айта кетсек, Minox компаниясы өзінің тарихи өнімінің заманауи сандық нұсқасын шығарды. Оны кез келген ерікті тұлғаның сатып алуына болады.
8. Кептерлерге арналған камера
Бүгінде біз қоғамды ғарыштағы жасанды серік арқылы немесе жылдам ұшатын ұшақтардың көмегімен білдіртпей бақылай аламыз. Ал 1940-50-жылдары бұл қызметте кептерлер болған. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде жауды барлау мақсатындағы жасырын камераларды кептерлер тасыған. Қолға үйретілген құстар майданның алдыңғы шебін айнала ұшып, жаудың орналасуын суретке түсіріп алған екен.
9. Қабырға арқылы барлау мақсатында жасалған құрылғы
Бұл қазіргі селфиге арналған моноподқа ұқсайды. Stasi атауына ие роботталған камераны 1980-жылдары Шығыс Германия тыңшылары қолданған. Ол қабырғаның кішкентай тесіктерінен суретке алу мақсатында құрастырылған.
10. Түйме тәріздес камера
Сыртқы киіміңіз сіздің денеңізді жылы ұстауға көмектессе, тыңшының тоны құпия құрылғыларды жасыруда пайдаланылады. Халықаралық деңгейдегі тыңшылар өз киімдерін кішкентай камераларды жасыру мақсатында қолданады. Камераның объективі көбіне түйме орнына қойылатын болған. Мысалы, жоғарыдағы суретте көрсетілген камераларды 1970-жылдары КСРО-ның мемлекеттік қауіпсіздікті қорғау комитетінің тыңшылары пайдаланған. Тыңшы суретке алу бағытын алғаннан кейін қолындағы басқару тетігін басады. Осы орайда түйме тәріздес камера автоматты түрде суретті сақтап отырады. Шындығында өте ұтымды ойластырылған. Дегенмен сырт киіміңізді шешуге тұра келген кезде ше? Бұл орайда портативті аппарат сізге көмектесе алмауы анық.
11. Шабадандағы инфрақызыл камера
Тыңшы камераларының барлығы портативті болмаған. Мысалы, жоғарыда таныстырылған Stasi камерасы үлкен болғандықтан, қолда жасырын алып жүру мүмкін болмаған. Оның корпусы тыңшыға қолайсыздық тұдырғандықтан, арнайы шабаданның ішіне қондырылатын. Бұл тыңшы үшін артық жүк болары анық. Әйткенмен де, портативті емес гаджет инфрақызыл таспасы мен адам көзіне байқалмайтын жарқылының арқасында 1970-80-жылдары өте танымал еді. Ол сол кездегі қараңғыда ешкімге білдіртпей суретке алудың оңтайлы шешімі болған.
12. Салпыншақ тәріздес камера
1970-жылдары АҚШ-тағы орталық барлау басқармасының әрбір агенті арнайы бұйрық кезінде өзімен бірге салпыншақ-камера алып жүрген. Ол сырт көз үшін кілттің салпыншағы қызметін атқарған.
13. Микроскоп сынды суретке алуға арналған камера
Бүгінгі тізімдегі камералардың ішіндегі ең әсерлілерінің бірі – микроскопты түсірілімге арналған камера. Бұл әдіс сурет көлемін кішірейтіп жіберетіндіктен, оны зерттеп тануға да микроскоп қолданылып отырған. Көпке байқалмайтын камера құпия құжаттарды 1 мм-ге дейін кішірейтіп, сосын толық оқуға мүмкіндік береді. Ол арқылы алынған суреттерді қарапайым пошта қызметімен жіберуге де болады. Себебі арнайы микроскоппен көрмеген адам оның не екенін аңғара алмайды.
Бұл көбіне екінші дүниежүзілік соғыс кезінде құпия құжаттарды сақтау мақсатында пайдаланылған. Айта кетсек, микроскопты басылым әдісі фотоны сығу тәсілінің арғы бастауы деуге болады. Ал микрокамерадағы ақпарат көбіне кептерлердің көмегімен тасымалданған.
Сурет: www.thephoblographer.com, hi-news.ru
Оқи отырыңыз:
Камера 1 секундта 100 миллиард кадр түсіре алады
Жаңа экшн-камера сатылымға шығады
Бен Хейне. "Қарындаш пен камера"
Genius ұсынған Cam Mouse камера-тышқаны
Ж. Өрісбай