Камера 1 секундта 100 миллиард кадр түсіре алады дегенге сенесіз бе?

Камера 1 секундта 100 миллиард кадр түсіре алады дегенге сенесіз бе?

Жаһан дамыған сайын жаңарып жатқан дүниелер адамзат баласын «міне, қызық» деп таңқалдырып жүргені рас. Сондай соны жаңалықтардың бірі – бүгінгі жазбамызда. Америкалық ғалымдар секундына 100 миллиард кадр түсіре алатын камера жасағандары туралы хабарлады.

Ғалымдар зерттеулерінің қорытындысын Nature журналында жариялаған екен. Қазіргі камералар секундына тек он миллионға жуық кадр түсіре алады. Қарапайым камералардың ақпаратты есептеу жылдамдығы мен электронды чип жады шектеулі. Яғни, белгілі бір максималды саннан артыққа бармайды. Ғалымдар фотондардың (сәулені құрайтын элементар бөлшек) таралу ерекшелігін басты назарға алып, бұл шектеулерді жоя алды.

Жаңа камера арнайы объективпен қолданылады. Онда фотондар миллиондаған айналар жүйесі бойынша тарайды. Әр айнаның ауданы 50 мкм2-ден аспайды.

Фотондар фотокатодқа түсіп, одан электрондар ытқып шығады. Содан соң электрондар ауыспалы магнитті өрістен өтіп, люминофорға (сыртқы факторлар себебінен өздігінен сәуле шығаратын люминесценттік зат) түсіп, тұрақты бейнелер топтамасын шығарады. Пайда болған сурет құдды бір компьютердің өңдеуінен шыққандай көрінеді.

Жаңа камераны жасаушылардың сөзіне сенсек, бұл камера шамамен жарықтың қозғалысын көре алады. Ғалымдар биомолекулалардың қозғалысы мен химиялық реакцияларды зерттеу кезінде осы камераның пайдасы зор екенін де айтты.

Сурет: white-wallpapers.ru, iuic.info

Е. Жұмабайұлы