Алматыда «IITU Robocon 2018» жарысы өтті

Алматыда «IITU Robocon 2018» жарысы өтті
Фото: Нурила Алдиярова

12-13 желтоқсан аралығында Алматы қаласындағы NGS Жаңа Ұрпақ Мектебінде республикалық «IITU Robocon Games» чемпионаты өтті. Робототехника саласы бойынша мектеп оқушыларының арасында өткен бұл жарыс биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент, Жезқазған, Екібастұз қалаларынан келген дарынды оқушылар екі күн қатарынан сайысқа түсті.

Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін Robocon ойындарының негізгі ұйымдастырушылары – Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және Инновациялық техникалық колледж. Шараның бас демеушісі – мұнай-газ өнеркәсібінің барлық спектрінде қызмет көрсететін «Шеврон» компаниясы. Сайыстың мақсаты мен маңыздылығын Қазақстандағы ІТ саласы бойынша көш басында жүрген ХАТУ-дың өкілі айтып берді.

– Оқушылар арасындағы "IITU Robocon Games" жарысы дарынды жастарды анықтап қана қоймай, робототехниканың дамытып, робот жасауды халықаралық стандарттарына жақындатуға мүмкіндік береді, - дейді ХАТУ проректоры Медет Тұрғамбаев.

Hackday: Идеядан прототипке дейін

ІТ Университетінің ректоры Дамир Шыныбековтың айтуынша, дәл спорт саласы сияқты робототехникадада баланы кішкентай күнінен бұл салаға бейімдеу қажет. Әйтпесе, робот жасаумен айналысу екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Барлығы 27 команда қатысқан байқаудың ақтық мәресіне Алматы қаласының намысын қорғаған «Мирас» және «Makerspace» командалары шықты. Суперфиналда Makerspace мектебінің оқушылары мирастықтарды басып озып, жарыстың чемпиондары атанды.

– Көңіл күйді айтып жеткіза алмаймын. Осындай ауқымды жарыста топ жару біз үшін өте қиын болды. Сайысқа алып келген 2 роботты біз 1 айдың ішінде жасап шықтық. Бұл жарысқа биыл төртінші мәрте қатыстық. Алайда, биыл ғана бірінші орынға ие болдық. «Makerspacе» мектеп емес үйірме болғандықтан, команда мүшелері әр түрлі мектепте оқиды. 2 оқушы Назарбаев зияткерлік мектебінде, 1 оқушы халықаралық «Хейлибэри» мектебінде, екеуі #92 мамандандырылған лицейде, тағы біреуі 141 мектепте оқиды. Біз бұнымен тоқтап қалмаймыз деп ойлаймын. Келесі жылы студенттер арасында Халықаралық Robocon ойындары өтеді. Осы жарысқа Қазақстан атынан бару үшін еңбектенетін боламыз, - дейді «Makerspace» командасының капитаны Айдос Арап.

Ақмаржан Ақыжанова: "Еліміздегі аударма саласы әлі де бірізділікке түскен жоқ"

Жарыс қорытындысы бойынша, үшінші орынға Қарағанды қаласынан келген «Н.Нурмаков атындағы мамандандырылған мектептің» оқушылары ие болды. Екінші орынға ақтық мәреде қарсыластарына басымдық беріп қойған алматылық «Мирас» мектебінің оқушылары жайғасты. Бірінші орын белгілі, «Makerspace» командасы. Бұдан бөлек, бірнеше команда түрлі номинация бойынша үздік деп танылып, сыйлықтармен марапатталды.

Халықаралық ІТ Университеті жеңімпаз команданың барлық мүшесіне ІТ Университетінде тегін жоғары білім алуға мүмкіндік беретін білім грантын сыйға тартты. Одан бөлек, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, дипломмен марапатталды.

А. Қажиев