Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық кітапханаларда

Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық кітапханаларда
Фото: 100kitap.kz

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының алғашқы легінде шет тілінен 18 түрлі кітап аударылып, 12 сәуірде көпшілікке таныстыру рәсімі өткен еді. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба. Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында әлемнің ең мықты ғалымдарының үздік оқулықтарын қазақ тіліне аударып, оны отандық оқу орындар бағдарламасына енгізуді тапсырған болатын. Ал осы жоба бойынша дайындалған алғашқы 18 кітаптың таныстыру рәсіміне қатысқан Елбасы: «Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті. Біз бүгін алғашқы 18 кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз. Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қолжетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады», – деген болатын. Жаңа кітаптар баспадан шығып кітапханаларға таратылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің "Әл-Фараби кітапханасында" да бұл кітаптар оқырман игілігіне айналып үлгерді. 

Нұрдан Айбота, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің І курс студенті. 

Елбасының «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласының негізінде аударылатын 100 кітаптың алғашқы легімен әл-Фараби кітапханасында танысып жатырмыз. Меніңше, бұл кітаптар гуманитарлық білімнің өрістеуіне зор ықпал етеді. Мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр, сәйкесінше тәлім алушы жастар берілген бүкіл мүмкіндікті пайдаланып кәсіби маман болып шығуы тиіс. Білімі мен ғылымы дамыған елдердің қатарында берік орын алу үшін жаңа буын ғылыми тұрғыда сауатты болу керек деп ойлаймын. Бұл кітаптар – соған деген нық қадамдардың бірі. Бір жақсысы 18 кітапты тек оқу залдарында ғана емес, үйде де электронды нұсқасымен оқи береміз. Кітаптардың аударылу сапасы өте жақсы. Мысалы биология және биотехнология факультетінің студенті ретінде маған "Қазіргі психология тарихы" еңбегі аса қажетті. Жаңа заманның психология ғылымы егжей-тегжейлі түсіндірілуі ғылым әлеміне енді аяқ басқан студент үшін аса маңызды. 


Қуаныш Інжу, химия және химиялық технология факультетінің І курс студенті. 

Маған психологиялық кітаптар ұнайды. Ұлттық аударма бюросы жарыққа шығарған Эллиот Аронсонның «Әлеуметтік пси­­хологияға кіріс­пе» кітабын оқып бастадым. Бірінші курс студенттеріне ғылыми тілді игеру қиындық туғызады, бірақ бұл кітапта барлығы фундаменталды зейін үшін түсінікті етіп жазылған. Бұл жобаға атсалысқан барша маманға алғыс білдіремін. 

Руслан Мералиев, филология және әлем тілдері факультетінің ІІІ курс студенті. 

Елбасымыз жақсы бастама көтеріп, халықтың назарын аудара білді, ғылыми қауымдастыққа бағыт-бағдар берді. 100 кітаптың барлығы бірдей аударылып, тағы да жаңа кітаптармен танысатын күндер де алыс емес. Әлемдік ғылым тұрғысынан қарасақ, қазақ тіліне аударылуы қажет оқулықтар саны 100-ден әлдеқайда көп. Енді осы игі бастамаға бүкіл ел болып қолдау жасап, ары қарай дамыта білуіміз қажет. Біз сияқты қарапайым студенттер қалай қолдау көрсете алады? Әлбетте, аударылған құнды еңбектерді оқу, түйсіну, тәжірибеде қолдана білу. Өз басым «Тіл біліміне кіріспе», «Тіл және мәдениетаралық коммуни­кация» кітаптары қазақ тіліне аударылатынын естігенде шын ықыласпен қуандым. Өйткені тіл білімінің болашақ маманына аталған еңбектер көп пайда береді. 

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – үлкен мақсат­қа жол салатын құрал. Ол қандай мақсат? Жаңа оқулықтар арқылы біз қазақ ауди­торияларындағы талқының мазмұны мен деңгейін көтереміз. Сол арқы­лы жалпы гуманитарлық білімнің маз­мұны мен сапасы мүлде жаңа деңгейге шығуы тиіс. Өйткені әлемдік гу­ма­нитарлық ғылым қазақ тіліне мұн­дай көлемде ешқашан аударылған емес. Қазақы интеллектуалды, гума­ни­тарлық ғылыми орта, оқытушылар мен студенттер бұл жобаға өздерінің күнделікті өміріне, ертеңіне тікелей қатысы бар мүмкіндік деп қарауы керек. Бұл жоба – "Рухани жаңғыру" деген ауқымды бағдарламаның құрамдас бөлігі. Сондықтан бұл оқулықтар қазақ тіліндегі гуманитарлық біліммен бірге қазақ тілінің өзін де өрге тартатын бастама.

Massaget.kz