Шазамды қайтейін, қазақша ән таппаса...

Шазамды қайтейін, қазақша ән таппаса...
Фото: vc.ru, Vocativ

"Шазамды қайтейін, қазақша ән таппаса. Поштаны қайтейін, спамдар қаптаса",- депті бүгінгінің технологиясын өздеріне жеке бағыт қылып ұстанған жайдарманның бір командасы. Shazam бағдарламасын қазақшалап – "Табам" деп ауыстырған тапқырлар осы бағдарламаның қазақ тіліндегі әндерді таппайтынына налыйды. Қазақ бағдарламашыларына құлаққағыс болсын деп, осы мәселені орынды қалжыңмен қозғай білген жастар қазақ тіліндегі әндердің кеңінен насихатталып, таратылғанын қалайды. Бұл жұмыстарында нәтиже де бар көрінеді. 2015 жылы Қайрат Нұртастың 160 әні атаулы бағдарламаның негізгі базасына енгізілмесе де, App-store онлайн дүкеніне жеке қосымша ретінде жасалыныпты. Назарбаев Университетінің студенттері дайындаған бұл бағдарлама «Kairosh-shazam» деп аталған. Өкінішке орай, баспасөз беттерінде өз уақытында сүйінші сұрар жаңалық ретінде жазылған бұл бағдарламаны бүгінде App-store сөрелерінен таба алмайсың. Үш жыл бұрынғы қуаныштың ғұмыры оңтүстіктің қысы сияқты боп, ұзаққа созылмапты.

Соңғы түйенің жүгі ауыр. Жиырмасыншы ғасырдың ең соңғы жылында (1999) жарыққа шыққан бұл бағдарламаны жасауда түрлі кедергілер болған. Бірақ, өз жұмыстарын тоқтатпаған идея авторлары өздерінің жобаларын әлем халқының игілігіне ұсына алды. 1999 жылы Калифорния Университетінің студенттері Беркли Крис Бартон мен Филипп Ингелбрехт әуенді тыңдап, сол әнді тауып беруге қауқарлы бағдарлама жасауды алға тартты. Кейіннен олардың қатарына Дираж Мукерджи және инженер Эйвери Ванг қосылды. Бұл жобаның негізгі авторы Крис Бартон 11 жасынан жоғары технологиялардың құрылымына қызығып, осы салада қызмет етуді көздеген. Бартонның бала шағында алға қойған мақсаты оның болашағын сөзсіз  жарқын етті. 1998 жылы алғаш рет телефон сатып алған 1-курстың студенті дәл осы құрылғыға арнайы бағдарламалар дайындауға кірісті. Осылайша, бүгінгі Shazam-ды жарыққа шығару идеясы талқыға салынып, бұл жобаны іске асыру жолында қызу жұмыс басталып кетті. Алайда, Бартонның тобы алғашында тек радиодан шырқалған әуенді ғана іздеуге қауқарлы еді. Уақыт өте, олар әндер қорын арттырып, тұтынушылар үшін түрлі жанрдағы әнді іздеуде ешқандай қиындық туғызбайтындай жағдай жасай алды.

«Shazam» 2002 жылдан бастап әлем бойынша жаппай қолданысқа ие болды. Алғашқы тұтынушылар бағдарламаны қолдану үшін, бірінші 2580 нөміріне қоңырау шалатын. Байланыс орнағаннан кейін керек әуенді микрафонға жақындатып, 30 секунд ұстап тұру керек еді. Операция орындалғаннан кейін, іздеген әннің атауы және әншінің толық аты-жөні телефонға смс түрінде жіберілетін.

Бүгінде компания ІТ саласында толайым табыстарға, екінің бірі жетпес жетістікке жетіп отыр. 2016 жылы «Shazam» қосымшасын 1 миллиардтан астам жеке аккаунт иесі жүктеген. Дәл осы жылы рекордтық көрсеткіш тіркеліп, компания $54 млн пайда тапты. Бүгінде әлемнің 190 елі бұл бағдарламаны тұрақты түрде тұтынады.

Компанияның «Shazam» деп аталуына келер болсақ, оның оқиғасы өте қарапайым және ерекше. Күніне миллион адам жүктейтін бұл бағдарламаның атауы Капитан Марвел фильміндегі басты кейіпкердің сиқырлы сөзінен алынған. Марвелдың алапат күшке ие боларда ұрандатып «Shazam» деп айқайлауы бағдарлама авторларына ерекше әсер еткен екен.

А. Қажиев