Телефоныңызда болуы тиіс 5 қосымша

Телефоныңызда болуы тиіс 5 қосымша
Фото: today.kz

Қазір технологияның дәурені жүріп тұр. Әсіресе, ұялы телефонды ертелі-кеш қолымыздан тастамаймыз. Бұл телефон дегеніңіз денсаулыққа өте зиян, көз бен құлаққа зақым келтіреді, радиация таратады, алыстағы адаммен жақындатады, жақын адамдарыңнан алыстатады… деп байбалам салуға болар еді. Бірақ бұл жолы емес. Бүгін біз телефондағы қосымшалар (приложение) туралы сөз ететін боламыз. Анығын айтқанда, ең қажет санайтын 5 қосымшаны ұсынамын.

Shazam – Әдетте радиодан, фильмдерден, жарнамалардан тыңдаған әндерді ғаламтордан таппай қиналатынмын. Қазір ән ойнағанда дереу Shazam-ды қосамын. Әуенді тыңдап, ғаламтордың жылдамдығы жақсы болса, 1-2 секундта-ақ әннің аты мен орындаушысын тауып береді. Осы күнге дейін Shazam-ды 100 миллионға жуық адам телефонына жүктеген және көпшілігі жоғары баға берген.

Sozdik.kz – қазақша-орысша сөздік әрбір қазақстандықтың телефонында болуы тиіс. Қарапайым сөйлесуден бастап, ресми іс-қағаздармен жұмыс істегенде де дұрыс аударма жасауға тырысамыз, осы орайда таптырмас көмекшіміз – sozdik.kz.  Жай сөздерден бөлек, тұрақты тіркестерге де сапалы аударма жасаған. Өкінішке орай, осы қосымшаны 100 мыңға жуық адам ғана қолданады. Қазақстанда 17 миллионға жуық адамның барын ескерсек,  бұл өте аз көрсеткіш.

Multiling O Keyboard + emoji – андроид жүйесін қолданатын достарымның инстаграмда смайл қоя алмай жүргендерін көремін. Қазақ тілді қаріптерді қолдану үшін де арнайы бағдарламаларды жүктеу керек. Осы екі өзекті мәселені шешуде аталмыш қосымшаға жүгіндім. Multiling O Keyboard – көп тілді клавиатура, мұнда қазақ тілінен бөлек, неміс, қытай, жапон, хинди, түрік, тіпті грек, урду, панджаб, венгр, моңғол, түркімен  секілді 189 тілде жаза аласыз. 189 тіл болса да, қосымшаны қолданушылар саны өте аз, әлем бойынша 1 миллион адам ғана пайдаланады екен.

PIT-STOP.kz – көлік айдауды бастаған  жас үйренушілермен қатар, тәжірибелі көлік жүргізушілері де осы қосымшаны  жүктеп алуы тиіс. Мұнда жолда жүру ережесі, ережеге байланысты тест сұрақтары, жолда орын алған қызықты видеолар бар. PIT-STOP-тың көмегімен кез-келген қаланың жол полиция бөлімі, сенім телефондарын таба аласыз, кез-келген уақытта эвакуатор мен такси шақыруға болады. Тіпті, сізді көшеде тоқтатқан жол полиция қызметкері туралы да өз пікіріңізді, арызыңызды қалдыра аласыз. Қазақ тілді сапалы қосымшалардың көбейіп жатқандығы қуантады.

World FM Radio – мұнда 200-ге жуық мемлекеттің  55 000 радиостанциясы топтастырылған. Сол елу бес мыңның ішінен қазақстандық радиостанцияларды таба алмадым, дегенмен ағылшын, француз, неміс,  араб тілдерін жетік білгісі келгендер, өзге елдің мәдениетінен, музыкасынан хабар алғысы келгендер осы қосымшаны қолданғаны жөн.

Біздің мақсатымыз жарнама жасау емес. Жай ғана пайдалы ақпаратпен бөлісу. Кәдеңізге жараса, біз тек қуанамыз.

columnist.kz

@. @assel_assanova