Біз интернет қолдануға лайықпыз ба? (аудиоподкаст)

Біз интернет қолдануға лайықпыз ба? (аудиоподкаст)
Фото: max-gabov.ru

Сандық ғасырдың алғашқы жылдары интернет туралы бірнеше түсінік қалыптасқан еді. Бірі үшін интернет қорқынышты әлем болса, енді бірі оның беретін мүмкіндіктеріне сенімсіздік танытқан болатын. Ал, бірі интернетті адамдардың басын біріктіретін шынайылық алаңы ретінде қабылдады. 
Медианы зерттеуге 30 жылдан астам уақытын жұмсаған журналист Анжела Филипс өз мақаласында интернетке қатысты пікірді ортаға салды. 

Еркіндік пен теңдік 
Интернет БАҚ-тың жаңа саласының негізін қалады: электронды журналистика. Интернет пайда болған жылдары ол адамдардың басын біріктіретін, жаһандық мәселелердің шешімін қарастыратын жаңа медиа деген болжам болатын. 

2015 жылдан бері Ұлыбританияның өзінде 200-ге жуық газет шығуын тоқтатқан. Әрине, интернет ешбір кітап дүкені ұсына алмайтын шексіз мүмкіндікті береді. Бірақ, халық өзгерген жоқ. Олар жаһандық мәселелерге бола бас ауыртқаннан гөрі, күлкілі шоуларды тамашалап, басты кейіпкері мысық болатын видеоларды көруді жөн санайды. Ал, эсклюзивті репортаждарды тек қызығушылық танытқан адам қарайды. 

Мамандық: репортёр 
Смартфон кез келген адамға бір сәтке журналист болуға мүмкіндік береді: диктофон, камера, интернет – мұның бәрі контент жасауға таптырмас құрылғылар. Бірақ, тәжірибе барысында бұл дағдылардың барлығын селфи мен құр суреттерге ғана жұмсаймыз. Ал, орынды пайдалана білетіндер бүгінде тренинг өткізіп жүр. Келісесіз бе? 

Жаңа «сандық ғасыр» ұрпақтары 
Қазір екінің бірі сандық ғасырдың ұрпақтары дүниеге келді деген пікірді айтады. Адамдардың ойынша, олар – теледидардан алыстап, интернет арқылы еркін ақпарат ала алатын, туа салып киберкеңістіктің қыр-сырын жеңіл меңгеретін, электронды теңдікті орната алатын буын. 

Әрине, ата-ананың қолынан келмегенді олардың жалғастырушы ұрпағы атқарады деп ойлау қашанда көңілге қуаныш сыйлайды. Бірақ, сандық ғасырдың ұрпақтары өмірге жай ғана адам болып келеді. Көлік жүргізу куәлігінсіз көлік айдауға болмайтыны секілді, интернетте де бірден жұмыс істеу мүмкін емес.

Жастарға мың ақпараттың ішінен нақты факті мен жалған ақпаратты ажыра білуді, фейктерге алданбауды, жарнаманың құрбаны болмауды үйренуге тура келеді. Әйтпесе, интернет шектеуі жоқ қара құрдым іспеттес. Жұтып алады!

Т. Есқали