ӘЧ-2017. Қазақстан құрамасы жалпы есепте үшінші орын алды

ӘЧ-2017. Қазақстан құрамасы жалпы есепте үшінші орын алды
Фото: Данияр Майлыбаев

Бокстан Германияның Гамбург қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионаты аяқталды. 1 алтын 2 күміс 3 қола медаль еншілеген Қазақстан құрамасы жалпы есепте үшінші орын алды.

Төрткүл дүниенің кіл мықты боксшылары жиналған додаға еліміздің атынан 10 боксшы аттанған болатын. Оның алтауы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтар болсақ, Жомарт Ержан (49 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі) пен Василий Левит (91 келі) жартылай финалда сүрініп, қола медальды қанағат тұтты.

Финалға шыққан боксшылар арасында Қайрат Ералиев чемпион атанды. Ірі халықаралық жарыстарда қола медальды қанағат тұтып келген отандасымыз осы жолы барын салды. Финалда америкалық Дюк Роганды жеңді. Ал Әбілхан Аманқұл мен Қамшыбек Қоңқабаев финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс медальмен күптелді.

Жалпыкомандалық есеп бойынша Куба елінің боксшылары алдына жан салмады. Барлығы жеті медаль жеңіп алды. Оның бесеуі – алтын, екеуі – күміс. Екінші орынды Өзбекстан құрамасы иеленді. Олар 1 алтын 3 күміс 2 қолаға ие болды. Ал 1 алтын 2 күміс 3 қола медаль еншілеген Қазақстан құрамасы үштікті түйіндеді.

Жалпы есеп:

1. Куба – 7 медаль (5 алтын, 2 күміс)
2. Өзбекстан  - 6 (1+3+2)
3. Қазақстан - 6 (1+2+3)
4. Әзірбайжан - 2 (1+0+1)
5-6. Франция - 1 (1+0+0)
5-6. Украина - 1 (1+0+0)
7. АҚШ - 3 (0+1+2)
8. Ресей - 2 (0+1+1)
9. Ирландия - 1 (0+1+0)

Аустралия, Англия, Армения, Германия, Грузия, Үндістан, Камерун, Колумбия, Моңғолия, Эквадор және Оңтүстік Корея елдері бір-бір қола медальмен қайтты.

Бокстан келесі әлем чемпионаты 2019 жылы Сочиде (Ресей) өтеді.

Ө. Сансызбай