- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Кьеллинидің бапкерлері, қас...
Кьеллинидің бапкерлері, қас дұшпаны және Мадридтегі жеңілісі туралы
Осы айда италиялық қорғаушы Джорджо Кьеллинидің "Мен – Джорджо" деген автобиографиялық кітабы жарық көрді. Кьеллини аталған кітабын Маурицио Кросеттимен (Ол уақытында Дель Пьероның кітабына бірлескен автор болған журналист) бірігіп жазған. Автобиографиялық шығармада Ювентус капитанының футболдағы алғашқы қадамы мен кейінгі кезеңдері баяндалған.
Шығарма Италияда бестселлерге айналды. Жарық көргеніне бір апта болмай жатып Amazon-дағы футбол туралы шығармалар арасында сатылым жағынан көш бастап тұр. Барлық категориялар бойынша да алдыңғы отыздыққа енген. Әсіресе шығарманың бірнеше тарауы кітап баспадан шықпай жатып баспасөзде жарияланғаннан кейін Кьеллини Балотелли, Мело және Видаль сынды ойыншылармен жанжалдасып қалды. Бұлардың бәрі кітапқа жақсы жарнама болды. Кітапта Кьеллинидің ашық, ақкөңіл адам екені сөз болады. Назарларыңызға аталған шығармадағы қызық мәліметтерді ұсынамыз.
Ол "Арсеналға" немесе "Манчестер Ситиге" ауысуы мүмкін еді
Кьеллини "Ювентус" сапында ойнағанына –15 жыл. Ол қазірдің өзінде Турин үшін 509 кездесу өткізді, бірақ бұл клуб тарихындағы бесінші көрсеткіш болса да, кейіпкеріміз жас кезінде "Ювентуста" ойнауды армандамаған. Джорджо бала кезінде анасының сүйікті командасы – "Миланға" жанкүйерлік еткен. Бірақ оның мақсаты қандай клуб болмасын, "А" сериясында ойнау болған.
Джорджо Ливорнода туып, 13 жасынан бастап жергілікті клубтың жастар командасында ойнады. 16 жасында Кьеллиниге "Арсенал" клубы өз сапына қосуға ұсыныс білдірген. Лондондықтар оған жылына шамамен 100 мың еуро жалақы тағайындаған.
"Бұл мен үшін көп ақша еді, бірақ бас тарттым. Өзім өскен клубтан кету дұрыс емес деп ойладым. Мүмкін Англияға барып, тіл үйренсем, бұл ақылды шешім болар еді, бірақ отбасыммен ақылдасып, асықпауға келістік. "Мен Ливорномен "Арсенал" ұсынған ақшадан 17 есе аз қаржыға келісімшартқа отырдым", - дейді ол.
2002 жылы Кьеллинидің трансферінің жартысын "Рома" сатып алады. Келесі маусымда Ливорноға қосылып, Б сериясында 41 ойын өткізген Кьеллини Римге ауысуына кәміл сенген.
"Менің ол кезде "Рома" ойыншысы болатыныма еш күмәнім болған жоқ. Клуб басшылары да келісті. Мен шынымен Спаллеттимен жұмыс істегім келді. Біз келесі аптада келісімшартқа отыруымыз керек еді, бірақ клуб президенті Спинелли қоңырау шалып, маған тез арада Миланға бару керектігін айтты", - деп жазды Кьеллини.
Оған "Милан", "Ювентус", "Интер" және "Рома" сынды азулы клубтар ұсыныс білдірген. Аталған клубтар өте атақты болғандықтан Кьеллини кез келгеніне баруға дайын еді. Миланда Джорджо бөлмеге Моджи, Джираудо және Беттега кіргенде бәрін түсінеді. Келесі күні "Ювентуспен" келісімшарт жасалады.
Кьеллинидің айтуынша, ол Туриннен екі рет – 2010 жылы "Реалға" және 2011 жылы "Манчестер Ситиге" ауыса жаздаған. "Ювентус" екі жыл қатарынан кестеде жетінші орыннан ары көтеріле алмаған кезде кетуді ойлаған.
"Менің агентім "Реалмен" келіссөздер жүргізді және бәрі ойдағыдай өтті, бірақ соңғы минутта Моуриньо Карвальюді таңдады", - дейді Кьелли.
Ол 2010/11 жылғы маусымды мансабындағы ең нашар маусым ретінде еске алады.
"Қорқынышты болды, мен қатты шаршадым. 87 келіден 82 келіге дейін арықтап, ауырып қалдым", - деп еске алады ол.
Сол кезде футболшының агенті "Манчестер Сити" өкілдерімен кездескен. Бірақ процесс бір кездесумен ғана аяқталған.
©football.london
Конте - мотиватор, Аллегри - адамдармен тез тіл табысқыш, Сарри - тактика шебері
Кьеллини бапкерлерінің ішінде Антонио Конте мен Массимилиано Аллегриге көбірек тоқталады. Оларға кітапта арнайы бір тарау арналған.
"Конте – тек футболмен ғана ауырады. Ол футболдан басқа ештеңесі жоқ өзінің әлемін құрып және онда 24 сағат бойы өмір сүреді. Ол ешқашан босаңсымайды, бірақ бұл оның басты проблемаларының бірі. Конте әрқашан басқаларды кез келген мүмкіндікті қолдануға шақырады және оның айтқаны әрдайым бола бермейді. Онымен жұмыс істеу адамды физикалық жағынан гөрі рухани шаршатып жібереді", - дейді Кьеллини.
2013 жылдың наурызында "Ювентус" "Наполиге" барады. Қарсылас туриндіктерден алты ұпай артта қалып келе жатыр еді. Кьеллини желтоқсан айынан бастап жарақатына байланысты ойнай алмай жүрген болатын. Матч алдында алаңға оралып, тобығынан жарақат алады. Оған апта бойы жарақаты маза бермей, ойын алдында бапкерге алаңға шығуға дайын еместігін айтады.
"Конте ештеңе болмағандай қарады да, ойынның қалай өрбитінін айтып, нұсқаулар бере бастады. Содан кейін келіп: "Маған бәрібір, сен ертең алаңға шығасың. Олар сенің алаңға шыққаныңды көргенде бұттарына жіберіп қоюы керек. Егер нашарлап бара жатсаң көреміз, ауыстырармыз", - дейді Джорджо.
Осыдан соң Кьеллини ауырсынуды басатын дәрілер қабылдап, алаңға шығады және тоғызыншы минутта гол соғады. Аяғының бар екенін сезбей қалады, аяғы ісініп, үзіліс уақытында тіпті бутцысын шеше алмайды. Бірақ ол соңына дейін алаңда қалады.
"Міне, нағыз Конте. Шабытттандырады! Сіз ол үшін бәріне дайын боласыз. Конте мен үшін футболдың жаңа әлемін ашты. Бұрын футболды тек қорғану мен командаласыңа доп жеткізу деп қана түсіндім. Ол маған допты қалай басқаруды, футбол ойнауды үйретті", - дейді Ювентус капитаны.
©sports.ru
"Аллегридің басты артықшылығы – ол әрдайым ойыншылармен қарым-қатынаста. Күледі, әзілдейді, оларды түсінуге тырысады. Аллегри қысымды жеңуде ерекше, үнемі команданың атмосферасын сақтауға тырысады. Ол топты басқаратын керемет дирижерге ұқсайды. Мұндайды оқып үйрену мүмкін емес", - дейді Кьеллини өзінің бұрынғы тәлімгері туралы.
Аллегри Туринге алғаш келгенде, "Ювентуске" ештеңені өзгерту қажет емес сияқты болған, бірақ бапкердің нақты жоспарлары бар еді.
"Ол басынан бастап 3-5-2 тактикасы бойынша ойнамаймыз деді, өйткені біздің құрамда көптеген жартылай қорғаушылар бар еді. Алғашқы үш айда біз бәрін ескі схемамен ойнап, жеңдік, содан кейін біртіндеп 4-4-2 тактикасына ауыстық. Аллегри бірдеңе түсіндірсе, кез келген қиын жағдайда оған сенесіз. "Бавария" және "Реал Мадридпен" Чемпиондар лигасындағы жауап ойындарын есіңізге алыңыз. Біз өте қиын жағдайға едік, бірақ екі жағдайда да, Макстың арқасында керемет нәтижеге қол жеткізе жаздадық", - дейді ол.
©news.sportbox.ru
Джорджо сонымен қатар Маурисио Сарри туралы ойымен бөліседі: "Сарри Антонио мен Макстен басқаша. Ол футболға ғылым деп қарап қатты дайындалады. Бөлмесіне қамалып алып барлығын талдайды, тактика мен статистикаға көміліп қалады. Оны "тактика манягі" десек те болады. Сіз оның спортзалдағы ойыншылармен әзілдескенін немесе басқалармен әңгіме айтып, кофе ішіп тұрғанын ешқашан көрмейсіз, себебі ол үнемі жұмыс істейді.
Оның футболы ұсақ бөлшектер жиынтығынан тұрады, сондықтан оған біраз уақыт кетеді. Үлкен командаларда көп уақыт болмайды, бірақ біз қателіктерімізбен жұмыс істей бастадық. Маусымның бірінші жартысында жеңіске жету маңызды болды, тіпті осы жағдайда Сарри жетілдіруді іздеді. Ол допты қарсылас алаңында жүз пайыз бақылауымыз керек дейді. Рас, бұл утопия, бірақ оның идеясы түсінікті. Егер мұның бәрін жасай алсақ, біз бұрын-соңды болмаған ең үлкен футболды көрсететін едік", - дейді Ювентус капитаны.
©forzajuve.ru
Буффон – шынайы дос
"Қорғаушы – қақпашының жақын досы. Қақпашы - қорғаушының соңғы үміті. Алаңда біз біргеміз. Мен Джиджиді жақсы көремін. Футболда ол менің ең жақын досым.
Буффон ерекше. Әлемдегі үздік қақпашы ғана емес, сонымен қатар керемет адам. Сардар, аға. Біз онымен 15 жыл бірге ойнадық, бұл менің өмірімнің маңызды кезеңдері еді. Мен онымен әйеліме қарағанда көбірек уақыт өткіздім, және бұл шындық", - дейді ол тәжірибелі қақпашы туралы.
Кьеллини Джиджидің "Ювентусқа" оралуының басты себебі жаттықтырушының ауысуы болған дейді. Клуб басшылығы Сарриді бапкер етіп тағайындағаннан кейін оның командаға бейімделуі үшін Буффонды қайтарған, егер Аллегри болса, Буффон Туринге оралмас еді.
"Мен оны ешқашан соншалықты сабырлы көрмедім. Жаттықтыруда негізгі қақпашыларды кездестіру қиын, олар жеке жаттықтырушыларымен бірге жұмыс істейді. Енді Буффон әрдайым бізбен бірге және онысы командаға өте пайдалы. Ол 42 жаста болса да, үнемі өзін формада ұстайды, спортзалға барады, нағыз машина. Менің ойымша, ол физикалық тұрғыда тағы бірнеше жыл футбол ойнай алады. Буффонның мансабы қанша уақытқа созылатындығын уақыт көрсетеді", - дейді Джорджо.
©sport.bigmir.net
"Интер" мен Ибрагимович - оның қас дұшпаны
"Мен алаңда жаман адамға айналуым керек еді. Ол үшін өзіме жау тауып, онымен күресуім керек болатын. Қартайып өзгердім, бірақ мансабымда біреуді жек көрген кездерім көп болды.
Мен Интерді жек көремін. Бұл спорттық жек көрушілік. Мен кез келген команданының "Серия А-да" чемпион болғанын қабылдай аламын, бірақ "Интердің" чемпион болғанын қабылдай алмаймын", - дейді Джорджо.
Әр шабуылшы ойын барысында Кьеллиниге жау. Бірақ оның бас дұшпаны – Златан Ибрагимович.
"Мен бұл жекпе-жекті жақсы көремін. Ибра соншалықты күшті, оған қарсы ең жақсы ойынды көрсетуің керек. Ең бастысы, сен одан қорқатыныңды білдірмеуің қажет. Егер Златан мұны білсе, қан иісін сезсе, сені жаншып тастайды. Оның ашуын туғызу қиын, өйткені Златаның өзі оған шебер. Ибра ренжітпейді, бұл физикалық күрес, ол әрдайым сенің қасыңда екеніңді сездіреді, сен жасаған кез келген қателіктерің үшін ол әп-сәтте жазалауға дайын.
Мен онымен бір командада ойнадым, Ибра керемет адам және ғажап ойыншы. Оның "Алтын допты" ала алмауының себебі - Роналду мен Месси атты өзге ғаламшарлықтар.
©sports.ru
Роналду - улы жылан, Мбаппе - өзге ғаламшарлық, Серхио Рамос - әлемнің үздік қорғаушысы
"Мен көптеген шабуылшыға қарсы ойнадым, олардың ішіндегі ең қауіпті улы жыланы - Роналду. Ол шақса өлтіреді. Қадалған жерінен қан алмай қоймайды. Айып алаңында оның шебер құбылатыны соншалық – ұстай алмайсың. Ол үнемі бағытын өзгертеді, күтпеген жерде пайда болады. Мен оның осындай өзгерістерінен басым айналып қалады. Сен оның барлық іс-әрекетін білетін сияқтысың, бірақ жеме-жемге келгенде оған қарсы ештеңе істей алмайсың.
Корольсіз тақ немесе Корольдік клуб атына сай болмай тұр
Сыртынан қарағанда Роналду қандай? Ия, нағыз кәсіби, еңбекқор. Әрқашан үздік болуға тырысатын бренд-адам. Әдетте мұндай ойыншылар жалғыздықты ұнатады, мен Роналду туралы да солай ойладым. Бірақ Криштиану біздің командаға тез бейімделді, оның мақсаттары біздікімен сәйкес келді. Біздің бір бөлігіміз бола отырып, әрқайсымызға бұдан да жақсы ойнауымыз үшін үлгі көрсетті. Менің ең жақсы маусымым Роналду келгеннен кейін болғандығы кездейсоқ емес. Есейгенде керемет ойыншылардан үйреніп, оны пайдаладануға тырысасың", - дейді ол португал жұлдызы туралы.
Жасөспірімдер арасында Кьелли Килиан Мбаппені ерекше жақсы көреді.
Футбол жаңа дәуірге аяқ басуы үшін жаңа қаһармандар керек
"Мен оны алғаш рет 2016 жылы Чемпиондар лигасында, "Монаконың" "Манчестер Ситиге" қарсы ойынында көрдім. Бірінші таймнан кейін мен Паратичиге "Бұл бала қай планетадан шыққан?" деп жаздым. Ол 18-дегі керемет ойыншы еді, қазір одан да мықты. Жылдамдық, техника, шешім қабылдау, голды сезуі... Шедевр. Болашақ – онікі", - дейді жас пері туралы ол.
Кьеллини сонымен қатар командаластары туралы сыр шертіп, Каннаваро мен Бардзалиді еске алады, Бонуччи мен Де Лигтті де мақтайды, бірақ әлемдегі ең мықты қорғаушы туралы сұрағанда, ол Серхио Рамостың есімін айтады.
"Оның бір маусымда 8-10 гол жіберетін қате әрекеттеріне көз жұмуға болады. Ол менің мүлдем қарама-қарсы нұсқам, бірақ оның ешкімде жоқ екі қасиеті бар: біріншісі, маңызды ойындарда керемет ойын көрсетеді. Еікіншісі, оның алаңға жәй ғана шығуы командаға рух береді.
©theguardian.com
Джорджоның айтуынша, Рамостың Салахты Чемпиондар лигасының финалындағы жарақат алдыруы – шедевр: "Әрине, ол мұны қасақана жасамағанын айтты, бірақ ондай қақтығыстың тоғызының нәтижесі осындай болады", - дейді Джорджо.
Кьеллини Рамоссыз, Варан, Карвахал және Марсельо жастар командасына ұқсайды, ал "Реал" қорғансыз бола сияқты боп қалады деп санайды. Мысалы, Рамос алаңға шықпаған "Аяксқа" қарсы ойынды еске алайық", - дейді Кьеллини.
©abc.com.py
2017 жылғы Чемпиондар лигасының финалы туралы
2017 жылғы Чемпиондар лигасының финалында "Ювентустың" екінші таймнан бастап ойын мәнері бұзылады. Қақпасына жауапсыз үш гол өткізіп, 1-4 есебімен жеңіліп қалады. Кейіннен үзілісте ойыншылар арасында жанжал болып, төбелеске ұласқан деген сыбыс тарады. Бірақ Кьеллини мұның бәрін жоққа шығарады.
"Бірнеше күннен кейін, баспасөзде сыбыс шыққан кезде, Буффон: "мен ештеңе өткізіп алған жоқпын ба?" деп сұрады. Себебі, ол үзіліс кезінде дәретханаға барған еді. Сондықтан ол газеттердегі жаңалықтарға таң қалды. "Ештеңе болмады", - деп жауап бердім. Біз жай ғана шаршаған едік. Жалпы есеп 1:1 болғанда неге жанжалдасуға болады? Егер 0:3 болса, біз ондай өсекке сенуімізге болады, бірақ сондай болған кездің өзінде де біз бір-бірімізді айыптай алмайтын едік. Біз жай ғана жағдайды өз қолымызға алуымыз керек деп ойлап, қарапайым ғана ойынды талқыладық. Себебі, "Реалдың" екінші таймда күшейетінін білетін едік", - дейді ол.
"Реал Мадридтегі" өзгерістер немесе Гарет Бэйлдің дауы
Келлинидің айтуынша, футбол туралы қызықты әңгімелердің барлығы жалған.
"Мен қызықты оқиғалар, түнгі клубтар, қыздар туралы оқимын. Бірақ маған сеніңіз, жаттығу кезінде мұндайды ойлау қиын, шаршаудың салдарынан ұйықтаудан басқа арманымыз болмайды", - дейді ойыншы.
©zen.yandex.ru
Мадридтегі ауыр жеңіліс
Туринде 0-3 есебімен жеңілген "Ювентус" Мадридтегі жауап матчында есепті теңестіреді, бірақ 94-минутта Буффон "жүрегінің орнында қоқыс жәшігі бар" деп сипаттаған төреші Майкл Оливер пенальти берлгілейді. Роналду гол соғып, "Ювентус" турнирді тәрк етеді.
"94-минутта пенальти тек ереже бұзылғанына сенімді болған жағдайда ғана берілуі мүмкін. Бұлай болмады ғой. Төреші қателесті. Буффон да, мен де өзімізді аздап басқара алмадық, қателік жібердік. Мұндай пенальтиді бірінші таймда, екінші таймның ортасында беруге болады, бірақ соңғы он секундта емес. Бенатиа Васкеске өте жақын ойнады, бірақ ережені анық бұзған жоқ. Мен "Реал" ойыншыларына айқайладым, бірақ бұл жай ғана эмоция еді", - дейді Кьеллини.
Т. Раушанұлы