Батыр Жүкембаев: "Кәсіпқой бокс көшедегі төбелес емес"
Фото: Yernar Almabek/Massaget.kz

Батыр Жүкембаев: "Кәсіпқой бокс көшедегі төбелес емес"

Әлемдік аренада жекпе-жектерге шығып жүрген Қазақстан боксшыларының бірі Батыр Жүкембаев Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында карантинді қалай өткізгенін және қашан шаршы алаңға оралатынын айтып, мақсат-жоспарын бөлісті.

– Шаршы алаңға қашан ораласыз?

– Кейінгі екі айда Мәскеуде жаттықтым. Кезекті жекпе-жегімді қыркүйек-қазан айларында өткізуім керек еді. Алайда әлемдегі жағдайдың ушығуына байланысты жекпе-жегім кейінге қалды. Қазір бабым жақсы. Жаттығуды үзген жоқпын. Өйткені жыл соңына дейін шаршы алаңға шығып қалуым мүмкін.

Әзірге нақты ешқандай ақпарат жоқ. Басында Ресейде жекпе-жекке шығам деп ойлағанмын. Алайда көрші елде карантин күшейіп жатыр. Сол себепті Канадада не АҚШ-та жұдырықтасуым ғажап емес.

– Өзбек боксшысы Шохжахон Эргашевқа (18-0, 16 КО) қарсы жекпе-жегініңіз туралы көп ақпарат шықты. Оның ішінде сіз бұл айқастан бас тартты деген де сыбыс болды.

– Қазақтар айқасудан ешқашан қашқан емес. Бұл жекпе-жек жайлы көп жалған ақпарат шықты. Тіпті, өзбек боксшы да, оның командасы да бұл жекпе-жек жайлы нақты ұсыныс алмаған. Жалпы, мен үшін бұл жекпе-жек жақсы болар еді. Дегенмен бүгін-ертең бәрібір шаршы алаңда кездесеміз.

Кәсіпқой бокс көшедегі төбелес емес. "Сен шығасың ба, мен шығамын, кеттік, төбелесейік" деген болмайды. Әр жекпе-жектің артында келіссөздер, үлкен келісімшарттар, қомақты қаражат пен дайындық жұмыстары бар. Бір ауыз сөзбен жекпе-жекке шыға салмайсың. 

– Промоутеріңізбен келіспей қалды деген ақпарат бар...

– Кез келген жұмыста келіспеушіліктер болатыны белгілі. Бізде де бір кезде бір-бірімізді сәл түсінбей қалдық. Дегенмен қазір бәрі жақсы. 

– The Ring рейтингінің үздік ондығына ендіңіз. Биыл үлкен жекпе-жек өткізіп те үлгермедіңіз. Рейтингіде қалай көтерілдіңіз?

– Ол жақта бокстың қыр-сырын түсінетін жақсы мамандар отыр ғой. Мүмкін олар менің бір жақсы қырымды көрген болар. Болашақта чемпион болады деген көзқараспен қараған шығар. Рейтингінің көш басына шығу бұйырсын.  

– Коронавирус салдарынан барлық спорт түрінен жарыстар тоқтады. Бұл спортшылардың бабына қалай әсер етті?

– Өз басыма жақсы әсер етті. Карантин кезінде жаттығуды үзбедім. Көп дайындық жасадым. Карантиннің пайдасы болмаса зияны тимеді. Тек жекпе-жек өткізу қиынға соқты. Ресейдегі айқасым да соның себебінен болар. Өйткені АҚШ-та шаршы алаңға шығамын деп жоспарлап жүргенмін. Бірақ коронавирус салдарынан кез келген ұсынысты қабыл алуға дайын болдым. Себебі қай жерде болса да шаршы алаңға шығып, жекпе-жек өткізу мен үшін маңызды болды.

– Кімді қарсылас ретінде қарастырып жатырсыз?

– Жақында Хосе Зепеда мен Иван Баранчик жұдырықтасты. Командам бұған дейін Хосе Зепедамен жекпе-жек өткізуге тырысты. АҚШ-та аты бар, жанкүйері көп, деңгейі жоғары қарсыласпен жекпе-жек өткізуді ойлаймыз. 

– Әлемдегі жағдай тұрақталған соң титулдық жекпе-жек өткізу жоспарда бар ма?

– Әрине, үлкен жекпе-жек өткізу, АҚШ-та шаршы алаңға шығу – мақсатым. Тек мұның бәрі менің қолымда емес. Ол үшін ауқымды жұмыстар жасалады. Спортшы нәтиже берсе болғаны. Қалғаны промоутер, ұйымдастырушылар мен менеджердің жұмысы. Спорт айналасында жүргендер мұны түсінер. Бірақ қарапайым жанкүйер көп нәрсені біле бермейді. 

– Golden Boy ұйымынан ұсыныс болғаны рас па?

– Промоутерім ұсыныс түскенін айтты. Мамыр айында Golden Boy ұйымының АҚШ-тағы турнирінде шаршы алаңға шығуым қажет еді. Бірақ пандемияға байланысты өтпеді.

– Геннадий Головкин – Камила Шеремета және Данияр Елеусінов – Джулиус Индонго жекпе-жектеріне болжамыңыз қандай?

– Камила Шереметаның жекпе-жектерін көрмеппін. Ал Головкин өзін баяғыдан-ақ дәлелдеп қойған. Дегенмен мұндай дәрежедегі жекпе-жек өткізуге мүмкіндік алған кез келген боксшыдан қауіптену қажет. Ол да қатардағы спортшы емес. Оның да мықты тұстары бар. Бірақ ештеңеге қарамастан, Головкиннің жеңіске жететініне еш күмәнім жоқ.

Елеусінов – Индонго жекпе-жегіне келер болсақ Данияр жеңіске жетеді деп үміттенеміз. Индонго көп уақыттан бері рингке шықпай жүр. Бір уақытта мансабын аяқтағандай болған. Дегенмен Данияр Елеусінов үшін бұл жекпе-жек – жаңа белес, жаңа деңгей. Оны жеңсе, тамаша мүмкіндіктер ашылады. 

– Қай боксшыны үздік санайсыз? Үздік үш есімді атап өтсеңіз.

– "Канело", Кроуфорд және Ломаченко. Бұл тізімге Александр Усикті де қосуға болады. 

Оқи отырыңыз:

Батыр Жүкембаев: "Шаршы алаңның сыртындағы ережелер ұнамайды"

Батыр Жүкембаев: "Ер адамға тән ең жақсы қасиет – жауапкершілік"

А. Рысдәулет