"Шаршы алаңның сыртындағы ережелер ұнамайды"

"Шаршы алаңның сыртындағы ережелер ұнамайды"
Фото: Massaget

Жеңіліп көрмеген боксшы Батыр Жүкембаев Massaget.kz порталына берген сұхбатында соңғы жекпе-жегі жайлы, алдағы жоспары мен болашаққа қойған мақсаты туралы айтып берді. 

– Кейінгі жекпе-жегімде қарсыласым бір апта қалғанда ғана ауысты. Кәсіпқой бокста мұндай жағдай жиі кездесіп тұрады. Сол үшін спортшы бәріне де дайын болу қажет. Рикардо Лараға қарсы тактикалық тұрғыдан дайындалып үлгермедік. Дегенмен барлық жекпе-жегін қарап, зерттеп, ой түйдік. Оның қалай жұдырықтасатынын, қандай тактика қолданатынын зерттедік.

Ол соңғы жекпе-жегінде жеңіске жеткен канадалық боксшымен он раунд жұдырықтасты. Тең жекпе-жек өтті. Екеуі де жеңіске лайық болды. Лараға бір қарағанда оны физикалық тұрғыдан әлсіз деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ оның мектебі мықты әрі шебер боксшы. Жекпе-жектің бірінші раундында ішіне соққымды дарытып, уақытынан бұрын аяқтай алдым деп ойлаймын. 

– Кәсіпқой бокста бір жойқын соққымен жекпе-жектің тағдырын шешіп кетуге болады. Сіздің соққыңыз қарсыласыңызды құлатпаса да, психологиялық жағынан әсер етіп, қорғанысқа жатуға итермелегендей көрінді. Не дегенмен жеңіс қолыңызда. Енді алдағы жоспарыңыз қандай? Титулдық жекпе-жекте жету жолында қандай қадамдар істеліп жатыр.

– Дәл Рикардо Верон мені титулдық жекпе-жекке апарар еді. Екеуміз рейтингте үзеңгілес келеміз. Егер оны жеңгенде IBF рейтингінде кем дегенде 3-4 сатыға көтерілер едім. 

- Енді оған қайта оралып келмейсіз бе?

- Жоқ. Жақын арада онымен қайтадан жекпе-жек өткізу туралы сөйлесеміз деп ойламаймын. Енді одан да мықты, қарымды қарсылас іздейміз. Қазіргі уақытта АҚШ-та бірнеше маңызды келіссөз өтіп жатыр. Жақын уақытта келесі жекпе-жегімді қашан, қайда және кімге қарсы өткізетінім туралы сүйінші сұраймын. Керемет кеш болғалы тұр.

- Демек бар күшіңізді АҚШ-та жекпе-жек өткізуге жұмсап жатырсыз ба?

- Иә. Соңғы жекпе-жегімнің алдында промоутеріммен сөйлескен едім. Ол егер мен жеңіске жетсем, келесі кездесуімді АҚШ-та өткізетінімді айтты. Оған қоса Golden Boy ұйымынан ұсыныс түскенін де қоса кетті. Негізі бұл ұйымнан бұған дейін де ұсыныстар келген. Алайда бір шешімге келе алмадық. Құдай сәтін салып, осы жолы бір тоқтамға келдік.

- Мансабыңызды АҚШ-та не Канада жалғастыратыныңыз анық. Қайсысын таңдадыңыз?

- Бір анығын айта алмаймын. Бірақ алдағы жекпе-жектерім жоғары деңгейде өтсе АҚШ-та жұдырықтасатыным сөзсіз.

- Қай тұжырым бойынша чемпиондық белбеуге жол саласыз?

- Қазір IBF пен WBC тұжырымына бағыт ұстап отырмыз. Бірақ бір бағытта ғана қозғалмайтынымыз анық. Бірнеше чемпиондық белбеуді мақсат етіп отырмыз. Егер үздік 10 боксшының қатарына енсең, кез келген сәтте чемпиондық жекпе-жек өткізуге ұсыныс түсуі мүмкін.

- Кәсіпқой бокста сізге ұнамайтын ереже?

- Маған кәсіпқой бокстың емес, шаршы алаңның сыртындағы ережелер ұнамайды. Біздің Генаның өзі бүкіл белбеулерді жинағанымен соңғысын Билли Джо Сондерстен ала алмады. Бұл рингтің сыртындағы ойындардың кесірінен. Екі тарап ақшаға келісе алмай, промоутерлер бір-бірімен сөйлесе алмайтын жайттар болып жатады. Бокста рингтің ішіндегі ережеден бөлек оның сыртында да жұрт біле бермейтін біраз ереже бар. Сырт елге бізде мынадай ереже бар дегенімен, мүлдем басқа ережелердің рөлі басым болып кетеді.

- Салмағыңызды өзгертпейсіз бе?

- Жоқ, қазір салмағымды өзгертуді ойламаймын. Салмақ қуу оңай емес, бірақ осы дивизионды жұдырықтасуды жалғастырамын. Тек чемпион болған жағдайда ғана басқа салмаққа ауысуым мүмкін. Құдай қалап, екі жақсы жекпе-жек өткізсем чемпиондық белбеуге жақындаймын. Әр айқас сайын қателігімді түзеп, үйренетін нәрсені табамын. Тәжірибе жинаған сайын өзіңе деген сенімділігінің арта түседі. Бір раундтың берері көп. Кештің басты жекпе-жегінде жұдырықтасқан мүлдем бөлек. Басқа деңгей. Психологиялық тұрғыдан қысым көбірек түсіп, көрермендердің назарын сезінесің. Міне, осылардың бәрінен өткен соң ғана өзіңе деген сенімділігінің арта түседі.

Психологиялық және физикалық тұрғыдан чемпиондық жекпе-жекке дайынмын. Қалғаны уақыттың еншісінде. Чемпиондық жекпе-жекке қашан шығатынымды мен шешпеймін. Көп жанкүйер "неге қарсыласы әлсіз", "неге АҚШ-та жекпе-жек өткізбейді?" деп сұрап жатады. Олар да бізді түсінуі керек. Бірден жоғары деңгейге аттап өтіп кете алмайсың. 

- Канадада жанкүйерлеріңіз қалай қарсы алады?

- Ол жақта мені канадалық деп санайды. Егер АҚШ-та жұдырықтасатын болсам олар "міне, біздің жігіт" шықты дейді. Ол жақта бокста қатты жақсы көреді. 

– Қазақстанда жекпе-жек өткізуі жоспарыңыз жоқ па?

– Қазіргі таңда АҚШ нарығына шығып, мықтылығымызды дәлелдеп, еліміздің атын шығару - басты мақсатымыз. Тек содан кейін Қазақстанда әлемдік дәрежедегі мықты бокс кешін ұйымдастыруға болады. Елімізде боксты жақсы түсінеді. Сол себепті әлсіз қарсылас әкеліп, өткінші шоу жасағымыз келмейді. Әлемдік деңгейдегі есте қалатындай бокс кеші болуы қажет. Сол себепті алдымен чемпион болып, сосын Қазақстандағы жекпе-жек туралы ойлануға болады. 

– Дегенмен ұсыныс болды ма?

– Әрине. Үш мәрте шақырды. Бірақ командам бар, промоутер, жаттықтырушылармен кеңесеміз. Өзімнің елімізде жекпе-жек өткізгіміз келеді. Бәрі алда. 

– Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін Қазақстанда өткізуі мүмкін деген ақпарат бар. Сізді осы кешке шақырса келісер ме едіңіз?

– Ол елімізде жекпе-жек өткізуі қажет. Бұл жанкүйерлер үшін маңызды. Қанша адам оның жекпе-жегін асыға күтіп отыр. Егер Головкин елімізде бокс кешін өткізуді ұйғарып, мені шақырса, әрине, бас тартпаймыз деп ойлаймын. Өйткені бұл үлкен оқиға болатын еді. Қазақстанда әлемдік бокс сарапшылары келеді. Журналистер, телеарналар осы оқиғаны қадағалап отырады. Қаншалықты үлкен деңгейде болатынын елестету қиын.

Камил Шереметаға қарсы жекпе-жек – Головкин үшін Қазақстанда жекпе-жек өткізудің соңғы мүмкіндігі. Менің түсінуімше, бұдан кейін GGG мықты қарсыластармен жұдырықтаспақ. 

- Бокс сарапшылары сізді Головкиннің ізбазары деп санайды...

- Мен олай санамаймын. Дәл қазір Қазақстаннан әлемдік рингке шығып жатқан кез келген боксшының болашағы жарқын. Үздік ондықта тұрған боксшыларымыз кез келген сәтте чемпиондық жекпе-жек өткізуі мүмкін. Биылғы жыл мен келер жыл біздің боксшылар үшін маңызды болмақ. 

А. Рысдәулет