Роналду өміріндегі Қазақстан

Роналду өміріндегі Қазақстан
Фото: rt.com, espn

Бүгін әлем таныған, жұрт қошеметіне бөленген футболшы Криштиану Роналду осыдан 17 жыл бұрын Қазақстанға қарсы жолдастық матчта Португалия құрамасының сапында дебютін өткізді. 

Криштиану Роналдудың әлемде жанкүйерлері көп. Қазақ елінде де оны қолдаушылар аз емес. Ал Instagram әлеуметтік желісінде 200 миллион оқырман жинаған ең алғашқы қолданушы.

Біреу білсе, біреу білмес. Роналду ұлттық құрама сапындағы ең алғашқы ойынын Қазақстанға қарсы өткізген. Бұл жайлы өз сұхбаттарында жиі айтпаса да, арагідік есіне алып тұрады.

2003 жыл. 23 тамыз. Қазақстан құрамасы Шавиште Португалиямен жолдастық кездесу өткізді. Сол ойынның екінші таймында Роналду атақты Луиш Фигуді алмастырып алаңға шықты. Алғашқы ойыны болса да сасқан жоқ. Керісінше тамаша талант иесі екенін көрсетіп бақты. Бас жаттықтырушы Луис Фелипе Сколари сенімін ақтады. Ал ойында 65 минутта Симау Саброза соққан гол алаң иелеріне жеңіс сыйлады.

Роналду Қазақстан құрамасы қақпасына 2 гол соққан

Бұдан кейін Қазақстан құрамасы мен Португалия екі рет ресми ойын өткізді. 2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде бір топқа түсті. 2006 жылы Коимбрада өткен ойында португалдықтар 3:0 есебімен ұтты. Ал сол ойында екінші голды Роналду өз еншісіне жазды. Бұл оның Португалия құрамасы сапындағы 15-ші голы еді.

Іріктеудегі екінші ойын 2007 жылдың 17 қазанында Алматыда өтті. Әлем футболының жарық жұлдызына айналып келе жатқан тұлға командасымен Алатау бөктеріне келді. Құр келіп, құр кетпеді. Соңғы минутта жергілікті жанкүйерлерді сан соқтырып кетті.

84 минутта Ариза Макакула есімді Португалия құрамасының шабуылшысы есеп ашты. (Кейіннен бұл футболшы көзден ғайып болды. Ұлттық құрама сапындағы жалғыз голын Қазақстан құрамасына соғып кеткені болмаса...) Ойынның 90 минутында Дмитрий Бьяков есепті теңестірген. Бірақ қазақ жанкүйерлерінің қуанышы көпке созылмады. Роналду командасымен бірге жеңіске бастар жолды тауып кетті. Бұл оның ұлттық құрама сапындағы 20-шы голы еді.

Роналду ең көп гол соққан ұлттық құрамалар:

Литва: 7
Андорра: 5
Армения: 5
Латвия: 5
Швеция: 5
Люксембург: 5
Венгрия: 4
Фарер аралдары: 4
Эстония: 4
Нидерланд: 4
Швейцария: 3
Бельгия: 3
Дания: 3
Ресей: 3
Солтүстік Ирландия: 3
Испания: 3
Әзербайжан: 2
Босния және Герцеговина: 2
Египет: 2
Қазақстан: 2
Камерун: 2
Кипр: 2
Сауд Арабиясы: 2
Чехия: 2

 Қазақтың шапанын сыйға алған

2018 жылы мұнай-газ өндіретін "Теңізшевройл" компаниясының өкілдері Женевада әлемнің үздік футболшысына қазақтың шапанын сыйлап, кәдесый тарту етті.

♦ GGG мен CR7 достығы

Шет елге шыққанда Қазақстан десең, Геннадий Головкин немесе GGG деп есіне түсіреді. Ел мерейін асырып жүрген боксшымызға қазақ елінің құрметі де жоғары. Отандасымызды Роналдудың өзі де сыйлайды. 2015 жылы португалдық футболшы Генаның instagram парақшасына тіркелді. Ал өткен жылы бірге жаңа жоба бастағандарын әлеуметтік желіде қатар жазды. Бүгін Геннадий Головкин досын құттықтауды да ұмытқан жоқ.

♦ Қазақстанды білетінін айтқан

2019 жылдың шілде айында 14 жасар Ахмади Ержанов есімді қазақ баласы футболдан "Ювентус" - "Тоттенхэм" матчы кезінде алаңға жүгіріп шығып, әйгілі футболшы Криштиану Роналдумен фотоға түсті. Фотоға түсіп қана қоймай, ойыншылармен бірер минут тілдесті де. 

Ахмади Сингапур елінде өтіп жатқан Халықаралық чемпиондар Кубогы додасына әкесімен көрермен болып барған. Футболға жастайынан қызығатын Ахмади португалиялық футболшының ойынын жоғары бағалайды екен.

Ахмади Ержановтың алаңға жүгіріп шыққан сәті түскен видео мен фото интернетте көптеп тарады. Батыстық беделді басылымдардың өзі жарыса жазды. Ол Роналдумен фотоға түсіп қана қоймай, футболшылармен бірге алаң жиегінен ойынды тамашалады. 


- Мен оған Қазақстаннан келген жанкүйері екенін айттым. Ол біздің елді білетінін айтты. Маған сәттілік тілеп, су ішесің бе деп сұрады, - деді Ахмади Ержанов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұқбатында.

♦ Әлимен кездескен әлем жұлдыздарының бірі

Қазақстандық жас футбол жанкүйері Әли Тұрғанбеков дүниеге келгенде аяғы болмаған. Қазір мүгедек жандар қатарында. Аяғы болмаса да, доп ойнауға құмары басым. Спорттың бұл түрімен байланысты бағдарламаларды үзбей қарайды. Оның бұл құштарлығы – өмірінің жаңа парағын ашты.

Әли әлем спортының жұлдыздарымен жиі жүздесіп тұрады. Өткен жылы Чемпиондар лигасының марапаттау рәсіміне де қатысты. 2019 жылдың желтоқсан айында Роналду Әлимен кездесті. Кездесудің ұйымдастырылуына ресейлік ережесіз жекпе-жек шебері Хабиб Нурмагомедов мұрындық болған. Оған дейін Әли Алматыда Хабибпен кездескен еді.

Дубай қаласындағы кездесуде Роналду мен Әли доппен бірнеше мәрте пас алмасты. Әли допты баспен керемет ұратынын көрсетті. Сосын ол аңыз аяқдопшыға "Қазақстан" деген шоколад сыйласа, Криштиану допқа қолтаңбасын қалдырып сыйға сый жасады. 200 миллион жазылушысы бар Роналду өз инстаграмм парақшасында: "Әлимен кездескеніме қуаныштымын. Ол шынайы шабыт беруші" деп жазба жариялады. Бұл жазба танымал футболшының парақшасында сақталып тұр.

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Cristiano Ronaldo (@cristiano)29 Дек 2019 в 2:05 PST

Н. Үсенова