Роналду ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын Қазақстанға қарсы өткізген

Роналду ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын Қазақстанға қарсы өткізген
Фото: vesti.kz

Қазіргі таңда әлемдегі ең танымал футболшылардың бірі саналатын Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы ең алғашқы ойынын қазақ футболшыларына қарсы өткізген. Одан бергі аралықта 15 жыл өтіпті.

Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) мен бірқатар батыстық басылымдар португалдық футболшының алғашқы ойыны жайлы ақпар бере кетті. Роналду Қазақстан құрамасына қарсы ойнаған кезде 18 жаста болатын. Екінші таймда Руй Коштаның орнына алмасып кірген еді.

2003 жылдың 20 тамызында өткен Шавиштегі (Португалия) жолдастық ойында алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Голды 64 минутта Симао Саброза соққан. Ал Роналду ерекше ойын мәнері және финттерімен ерекшеленіп, ел назарын өзіне аударған-ды.

Роналду одан кейін де Қазақстан құрамасына қарсы екі ойын өткізді. 2006 жылы өз жерінде өткен ойында 58 минут алаңда ойнап, 1 гол соқты. Ал ойында португалдар 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Ал 2007 жылы Алматыдағы ойында да алаңға шығып, гол соққан. Ол ойында да Португалия құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Футболшы 15 жыл ішінде ұлттық құрама көшбасшысына, португалдықтардың сүйікті ойыншысына айналды. Құрама сапында 154 ойынға қатысып, 85 гол соқты. Ойынға қатысу жағынан да, гол соғу жағынан да рекордтық көрсеткішке ие.

Роналду Португалия құрамасы қатарында 4 рет әлем чемпионатына, 4 рет Еуропа чемпионатына қатысты. 2016 жылы Францияда өткен Еуропа чемпионатында командасымен бірге топ жарды.

Н. Үсенова