Роналду сұхбаты: байлығы, үздік голы мен әкеге сағынышы жайлы

Роналду сұхбаты: байлығы, үздік голы мен әкеге сағынышы жайлы
Фото: eurosport.ru

Әлем танитын әйгілі спортшының бірі – Криштиану Роналду. Соңғы уақытта батыстық басылымдар португалдық футболшыдан алған сұхбаттарын жариялай бастады. Арасынан іріктеп біз де жариялауды жөн көрдік.

Әкем көрмей кетті...

Жексенбі күні Роналду журналист Пирс Морганның "Қайырлы таң, Британия" шоуына қатысты. Түрлі сұрақтарға жауап беріп, өз ойын ортаға салды. Ал әке туралы сөз қозғағанда көзіне жас алды. Әсіресе Жозе Авейрудің (әкесі) дүниеден озар шағында норвег телеарнасына берген сұхбатын көргенде көңілі босады. Әкесі ұлымен мақтанатынын айтқанда, тіпті...

- Мен мына видеоны әлі күнге дейін көрмеппін. Адам сенгісіз. Мен бүгінгі сұхбат басқаша болады деп ойлап ем, сіз мені жылаттыңыз, - деді Криш.

- Кешіріңіз, менің нөмірі бірінші болып, жетістікке жеткенімді әкем көрмей кетті... Жеңісімді тойлаған сәтті анам, ағам, тіпті үлкен ұлым да көрді. Бірақ әкем, ешбірін көрмеді, - деп сөзін жалғады.

Роналду әкесі дүниеден озғанда 20 жаста еді. Қайғылы хабарды 2006 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы Ресей мен Португалия құрамалары ойыны кезінде естіді. Алаңға шығып, ойын соңынан көз жасына ерік берді.

Бүгінде әлем таныған тұлғаның әкесі ішімдікке құмар болды. Ақыры ащы су түбіне жетті. Салынып ішуінің де себебі бардай. Жозе Авейру 1974 жылы әскер қатарында Анголадағы азаматтық соғысқа барған. Қиын-кескі майданға кірмесе де, қара құрлықта өткізген 13 айы психикасына айтарлықтай әсерін тигізген.

- Біз уланып қаламыз ба деп қорқып жергілікті жердің суын ішпедік. Анголалықтардың "Кука" деп аталатын сырасын ішумен болдық. Жеткілікті де болды, - дейді ESPN басылымына берген сұхбатында Жозе Авейрумен бірге барған Альберто есімді азамат.

Жозе Авейру сол жақта

Жозе әскерден келгеннен кейін ішімдікті тастай алмаған. "Әскери синдром" болды. Ал билік оларға жағдай жасаған жоқ. Әскери зейнетақы, не жұмыс та бермеді.

- Ангола да тірі қалу үшін күресу керек болды. Елге келгенде де өмір үшін күрес тұрды. Ішуді қоймай кеткендер де көп. Авейруға да өзгеру үшін күш жетпеді, - дейді соғыс ардагері Коэльо.

Роналду байлыққа кенеліп, отбасына көмек қолын соза бастағанда бәрі кеш еді. Жозенің бауыры сыр берді. Ішімдік үшін ұлының жейделерін де сатқан. Жан сырымен бөлісіп сөйлесуден қашқан.

Футболшы үшін әкесінің тағдыры зор сабақ болды. Ішімдік пен шылым шегуден бойын аулақ ұстайды. Тіпті денесіне татуировка да салдырмайды. Бос уақытының барлығын отбасы мен балаларына арнауға тырысады. Жуырда ойыншы әке портретінің жанына отбасымен бірге суретке түсіп, "Сіз біздің жүрегіміздесіз, әке" деп жазба қалдырды.

"Алтын доп" саны бойынша асып түссем...

Футболшы аргентиналық Лионель Мессимен бәсекелестігі жайлы да сұрақтарға жауап берді. "Алтын доп" саны бойынша басып озсам дейді.

- Мен мансабымды Алтын доп саны бойынша рекорд орнатып барып аяқтағым келеді. Жүректегі ең жоғары қалауым. Бұған лайықтымын деп ойлаймын.

Месси – ғажап адам, мықты ойыншы. Алты, жеті, сегіз "Алтын доп" алуға қауқарлы. Ал мен одан да көп алуға шамам жетеді, - деді Роналду сұқбат кезінде.

Айта кетейік, қазіргі таңда екі ойыншы да 5 "Алтын доптан" бар.

11 жасымда "Макдоналдстың" тегін бургерін жеп жүрдім

Лиссабондағы "Спортинг" академиясында оқып жүргенде қарны ашатыны жайлы, сондай-ақ сол маңдағы "Макдоналдста" жұмыс жасайтын апайлар көмектескені туралы The Sun басылымына берген сұхбатында айта кетеді. Футболшы сол бір жандардың жақсылығын қайтарғысы да келеді.

- Мен 11-12 жастағы кезім. Отбасымызда ақша жоқ. "Спортинг" командасының тәрбиеленушілерімен бірге тұрдым. Үйдегілердің жүзін үш айда бір көретінмін. Маған ауыр болды.

Кешкі сағат 22:30, 23:00 кездерінде қарнымыз ашатын. Стадион маңында "Макдоналдс" болатын. Бургер бар ма? – деп сұрайтынбыз. Эдна есімді әйел мен бірнеше қыз жұмыс жасайтын.

Бірақ кейін оларды қанша сұрастырсам да кездестіре алмадым. "Макдоналдс" жабылып қалған. Осы сұхбат арқылы оларды табатын болсам, бір қуаныш болар еді. Туринге немесе Лиссабонға бірге тамақтануға шақырар едім. Аз да болса сол бір қарыздарымды қайтарғым келеді, - дейді футболшы.

Есепшотымдағы ақша аз емес

The Sun басылымына берген сұхбаты барысында байлығы мен автокөліктері жайлы да айта кетті.

- Менің байлығым жарты миллиард деп ойлайсыз ба? Иә, сондай болып қалу керек. Жүз пайыз сенімді түрде айта алмаймын, бірақ есепшотымдағы ақша аз емес.

Қанша көлігім бар? 17 болу керек, шамасы. Ішінде "Роллс Ройспен" жүрген ыңғайлы өзіме. Екі-екіден "Бугатти", "Феррари" және "Макларенім" бар, - деді Роналду.

Үздік голымды "Ювентус" қақпасына соққанмын

Криштиану Роналду 2018 жылдан бастап "Ювентусте" ойнап келеді. Ал Пирс Морганмен сұхбат кезінде үздік голын осы туриндік команда қақпасына соққанын айта кетті.

- Мен мұндай гол соғуды қаншама жыл армандадым. 700-ге жуық гол соқсам да, мұндай гол соқпағанмын. Ақыры әуелей келген допты бастан асыра теуіп ғажап гол соқтым деп ойладым. Оны тағы Чемпиондар лигасында Буффон қорғаған Ювентус қақпасына соғу деген, ғажап қой, - дейді ойыншы.

Н. Үсенова