Данияр Елеусінов кіммен қолғап түйістіреді?

Данияр Елеусінов кіммен қолғап түйістіреді?
Фото: Tengrinews.kz

26 мамыр күні Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы жетінші жекпе-жегін өткізеді.

АҚШ-тың Оксон-Хилл қаласында өтетін бокс кешінде Данияр Елеусінов шаршы алаңға шығады. Бұған дейін Данияр Елеусінов 8 маусымда Геннадий Головкинмен бір кеште жұдырықтасады деп жоспарланған болатын.Онда жерлесіміз алғаш рет он раундтық жұдырықтасуда өнер көрсету керек еді, алайда кездесу болмайтын болды. 

Геннадий Головкиннің өзі Vesti.kz сайтына берген сұқбатында былай деген:

"Өткен жылы Данияр маған қатысты қандай пікірде екенін айқындап берді. Бұл менің ол туралы пікірім өзгерді деген сөз емес. Мен расымен оған кәсіби рингте тек сәттілік тілеймін. Ол өзі айтқандай: "Екеуіміздің жолымыз бөлек". 

Мен өзімді біреуге бірдеңе дәлелдеуім керекпін деп ойламаймын. Мені "патриоттыққа" тексерудің қажеті жоқ. Басқалармен салыстырғанда мен қайдан шыққанымды, қай мемлекеттің атынан шығып жүргенімді сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрмін", - деді Головкин. 

Қос тарап бір шешімге келе алмаған соң Данияр Елеусінов дереу түрде жекпе-жегін басқа уақытқа өзгертті.

"Геннадий Головкиннің андеркатында кездесу болмайтындықтан, тез арада мамыр айында өтетін жұдырықтасуды таптық. Бұл да жоғары деңгейлі бокс кеші болады, Даниярдан жеңіс күтеміз", - деді Данияр Елеусіновтің менеджері Зия Алиев. 

Артынша Олимпиада чемпионының 26 мамыр күні өтетін бокс кешін таңдағаны белгілі болды. Кештің басты жекпе-жегінде WBC International чемпиондық белеуінің иегері америкалық Девин Хэйни (21-0, 13 КО) мен мексикалық Антонио Моран (24-3, 17 КО) қолғап түйістіреді. Ал Данияр Елеусіновтің қарсыласы мексикалық Мигель Де Хесус Замудио Алонсо болуы қажет еді. 27 жастағы мексикалық боксшы, өзінің кәсіпқой бокстағы мансабын 17 жасында бастаған. Қазіргі таңда 56 кездесу өткізіп, 43 рет жеңген, 12 кездесу тең және жеңіліспен аяқталған. 27 кездесу мерзімінен бұрын тоқтатылған. Замудионың бір қарсыласы Өзбекстандық Шахрам Гиясов  (8-0, 6 КО) (Елеусіновтың олмипиада ойындарындағы қарсыласы) болған. Мексикалық боксшы алты раундтық кездесудің алғашқы үш минутында техникалық нокаутпен жеңілген.

Алайда күні кеше белгілі болғандай Комиссия мексикалық боксшының тексерістен өткізбей, Данияр Елеусіновке қарсы қолғап түйістіруге тыйым салған. Бұл оқиға осымен екінші мәрте қайталанып отыр. Өткен жолы Данияр Елеусінов мексикалық бокс Фернандо Каркамомен (23-9, 18 КО) жекпе-жек өткізе алмай қалды.

- Ең қиыны - Мэрилендте жекпе-жек алдында комиссиядан өту. Замудио қалаға келіп алды, бірақ олар Гиясов оны құлатты дейді... Жекпе-жек те аралық салмақта өтуі қажет еді. Данияр салмақ қуалады. Ал Замудио болса тек жеңіл салмақта жұдырықтасқан. Қазір медициналық құжаттары дайын қарсыласты қарастырып жатырмыз. Комиссия тек бұдан да нашар рекорды бар боксшыны жекпе-жекке жіберуге рұқсат беретінін айтты, - деді Зия Алиев Vesti.kz сайтына берген сұқбатында.

Енді жекпе-жекке бірер күн қалғанда Данияр Елеусіновтің қарсыласы кім болары белгісіз. Тіпті, болжап көрудің өзі қиын.

*Данияр Елеусінов – 28 жасар қазақстандық боксшы, кәсіби рингтегі алғашқы жекпе-жегі 2018 жылдың 28 сәуірі күні Нью-Йорк қаласында өтті. Кездесуде боксшы америкалық Ноа Киддті үшінші раундта нокаутқа жіберді. Соңғы жекпе-жегінде  36 жастағы мексикалық Сильверио Ортиспен (37-23, 18 КО) кездесіп, сегіз раунд айқасты. Нәтижесінде Елеусінов төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңімпаз атанды (79-70, 79-71, 79-71). Отандасымыздың жекпе-жегін 27 мамыр күні Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 06:00 мен 08:00 аралығында "Хабар" телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді.

А. Рысдәулет