Қазақстандықтар Данияр Елеусіновтің жекпе-жегін тікелей эфирде көре алады

Қазақстандықтар Данияр Елеусіновтің жекпе-жегін тікелей эфирде көре алады
Фото: inform.kz

Қазақстандық спорт жанкүйерлері кәсіпқой боксшы Данияр Елеусіновтің жекпе-жегін тікелей эфирде тамашалай алады. Бокс кешін "Хабар" арнасы көпшілікке ұсынады.

Жекпе-жек 26 мамыр күні таңда Оксон-Хиллде (АҚШ, Мэриленд штаты) өтеді. Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 06:00 мен 08:00 аралығына жоспарланған.

28 жастағы отандасымыз мексикалық боксшы Мигель Де Хесус Замудио Алонсомен (43-12-1, 27 КО) жұдырықтасады. Жекпе-жек 8 раунд болып белгіленген.

Данияр бұл жекпе-жегін 8 маусым күні Геннадий Головкин мен Стив Роллс шаршы алаңға шығатын бокс кешінің андеркартында өткізеді деп күтілген. Кейіннен белгілі себептермен осы уақытқа қайта шегерілген болатын.

Қазақстандық боксшы кәсіпқой бокстағы жолын 2018 жылдың сәуір айында бастады. Одан бергі аралықта 6 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті.

Ө. Сансызбай