Футбол әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі ме?

Футбол әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі ме?
Фото: rugby.ru
Футбол туралы сөз болғанда оны көкке көтеріп "Нөмірі бірінші спорт түрі" дейміз. Бұл шындыққа қаншалықты жақын? Әлемде нөмірі бірінші спорт түрі оның көрермендері мен онымен айналысатын спортшылар саны бойынша ең жоғары дәрежеге ие болуы керек емес пе? Футбол соншалықты деңгейде ме? Біз халық саны көп мемлекеттерді негізге ала отырып, осы сұрақтардың төңірегінде ізденіп көретін боламыз.


Қытай (халық саны 1 430 075 000) 
Қытайда футболды жақсы көреді. Бірақ оны осы мемлекеттегі нөмірі бірінші спорт түрі деп атауға келмейді. Басқа елдерде "стол теннисі", ал қытайлықтар "пинг-понг" деп атайтын спорт түрі — жергілікті тұрғындардың сүйікті ойыны. Сонымен бірге, еркін күрес, йога, кунг-фу да олардың сүйікті хоббиі. Қытайда сыйымдылығы өте үлкен футбол стадиондарын салып тастағанымен, оған көрермендер көп бара бермейді. Жанкүйерлерді тарту мақсатында қытайлық клубтар жыл сайын танымал футболшыларды өз клубтарына трансферлік жолмен әкелуге тырысады. Әрине мұның артында қомақты қаржы мен бизнес тұрғанын ұмытпау керек. 
 

Үндістан (халық саны 1 339 180 000) 
Үнді елінде футбол аса танымал спорт түрі деп айта алмаймыз. Үндістандықтардың Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі футбол бойынша әлем чемпионатына жалаңаяқ қатысуға болмайтындығы себепті бас тартқаны туралы жазған едік. Тек Үндістан емес, халық саны бойынша жоғары орындарда тұратын Пәкістан (208 миллион адам) мен Бангладеште де (175 миллион адам) ешқандай спорт түрі крикеттің алдына түсе алмайды. Крикетпен танылған спортшылар бұл елдерде нағыз жұлдыз және халық қаһармандары болып есептеледі. 
 

АҚШ (халық саны 328 миллион) 
Әлемдегі ең бай, барлық босқындар баруды армандайтын бұл елде футболды "соккер" деп атайды. Алғашында бұл ойын футболдан аздап өзгеше болған – 30 минуттан тұратын 3 тайм, доп ауттан қолмен емес, аяқпен салынатын болған. Футбол АҚШ-та ешқашан нөмірі бірінші спорт түрі болмаған, тіпті, алдыңғы үштікке де енбеген. Есесіне америкалықтар хоккейді жақсы көреді. Бұл елде баскетбол ойындарын да сүйіп тамашалайтын жанкүйерлер өте көп. Бұрын NBA жұлдыздары алған гонорарлар футболшылардың түсіне де кірмейтін. Сонымен бірге, америкалықтардың сүйікті спорт түрінің бірі – бокс. 
 
Бірақ бұлардың барлығы танымалдылығы жағынан америка футболымен теңдесе алмайды. Футбол, регби тағы басқа ойындардың біріккен түрі болатын, бұл спорт түрін үнемі көріп жүрген адам болмаса, анау-мынау адам түсіне бермейді. Бір маусымы өте қысқа болса да, трансляциялар рейтингінде қашан да жоғары орындардан көрінеді. Әсіресе, финал ойындары америкалықтар үшін —  мереке. 
 

Индонезия (халық саны 266,5 миллион) 
Бұл елде футбол айтарлықтай дамымаған. Жергілікті тұрғындар арасында "бадминтон" ойыны танымал. Жастар "пенчак силат" деп аталатын жекпе-жек өнерімен айналысқанды жақсы көреді. Осы спорт түрінен халықаралық ареналарда жетістіктерге көп жетеді. 
 

Жапония (халық саны 126,5 миллион) 
Жапондар футболды жақсы көреді және өздері де жақсы ойнайды. Күншығыс елінің өкілдері бірнеше рет әлем чемпионаттарында доп тепкен. Өз елінде де футбол бойынша әлем чемпионатын өткізген. Әсіресе, соңғы Ресейде өткен ӘЧ 2018-де сол кездегі чемпион атағындағы неміс командасын 2:0 есебінде ұтып кетуінің өзі сенсация болды. Осындай жетістіктеріне қарамай ұлттық дәстүрді қатты ұстанатын елде "сумо" күресіне тең келетін спорт түрі жоқ. Бұл елдегі анау-мынау спортшылар "сумо" жұлдыздарымен теңесе алмайды. 
 

Бұдан басқа, Австралия, Жаңа Зеландия сияқты елдерде "регби" бірінші нөмірлі спорт түрі боп есептеледі. Скандинавия, Ресей елдерінде хоккей футболдан гөрі танымал. Ал, Латын Америкасының көптеген мемлекеттерінде, әсіресе кубалықтар ешқандай спортты боксқа айырбастамайды. Тіпті, футболдың отаны Еуропада да "Формула 1", "Коррида" сынды спорттың жанкүйерлері өте көп.

Статистикадан байқағанымыздай, әлемнің жартысында футбол нөмірі бірінші спорт түрі емес. Бірақ аталған елдерде де футболдың жанкүйерлері күн санап артып келеді. Жыл сайынғы трансляциялар, сенсациялық трансферлер, эмоцияға бай ойындар, миллиондаған туристерді тартатын әлем чемпионаты футболдың таралып, танымалдылыққа жетуіне өз үлесін қосып жатыр.
Т. Раушанұлы