Футбол тарихы: "Маракана моласы"

Футбол тарихы: "Маракана моласы"
Фото: football-pitch.ru

"Өздерін кімге теңейді?! Бізді бір үйім қоқыс деп ойлай ма?!", – деп ренжіді Уругвай ұлттық құрамасының капитаны Варела. Рио көшелерін аралаған футболшы әрбір газет мұқабасынан Бразилия ұлттық құрамасын алдын ала чемпион болуымен құттықтаған хабарламаларды оқып келе жатып. Бразилияның жеңісі туралы қаланың әрбір қабырғасы айқайлап тұрғандай – Бразилия өзінің тарихтағы алғашқы чемпиондығына соншалықты қатты сенген еді. Міне, сол үшін де арнайы ӘЧ-1950 жылға арнап "Маракана" стадионын салдырған. Алаңға 195 мың көрермен сиятын. Бразилия ұлттық құрамасы ғылым, өнер, балет және цирктің қосындысынан тұратын фантастикалық футболды ұйымдастырған және оның өз алаңында чемпион бола алмайтындығына ешкім сенбеген еді.

Соғыстан соң алғашқы әлем чемпионатына 29 команда қатысу ниетін білдірді бірақ ойын жақындағанда 13 ел ғана қатысатыны белгілі болды. Себебі, Аргентина ежелгі қарсыласы алаңында ойнаудан бас тартса, Германия саяси себептермен (басқыншылық саясаты үшін) турнирге қатыстырылмады, КСРО, Чехословакия және басқа мемлекеттер соғыстан қалжыраған, футбол туралы ойлауға уақыттары да жоқ болатын. ФИФА турнирге Үндістанды да қосады. Бірақ олар жалаңақ ойнауға болмайтындығы себепті қатысудан бас тартты. Екі дүркін әлем чемпиондары Италия "Ториноның" әуе апатынан соң оншалықты күшті емес еді. Мұхит үстіндегі жол азабы оларды шаршатып жіберген болатын.

Турнир әдеттегіден тыс ұйымдастырылды. Бірінші һәм соңғы рет әлем чемпионаты тарихында финал болмады. Мұның орнына 4 команда финалға шығып өзара ойындар есебінде ең көп ұпай жинаған команда чемпион болатын. Бразилия Швецияны 7:1, Испанияны 6:1 доп айырмашылығымен ұтады. Бұл ойындардан соң Уругвайға қарсы соңғы тур жай ғана жолдастық кездесудей көрінген еді. Бразилияның чемпион болуына бір-ақ қадам жетпей тұрғандай көрінетін. Ал, Уругвай болса өз ойындарын біраз сыпайылықпен өткізіп – Испаниямен тең ойынға келісіп, Швецияны 3:2 есебімен жеңді. Бразилия мен Уругвай ортасындағы ойын финал атын иеленді. Бразилияны тең есеп те қанағаттандыратын. Көрермендерді «бейшара Уругвайлықтар өз қақпаларына неше доп өткізеді екен» деген сынды ой мазалайтын. Басқа ештеңе...

"Жігіттер, жоғарыда 200 мың жаужүрек бразилиялықтар отыр. Бірақ алаңда олардың саны 11 ғана. Ешқандай ойында ойналмай жатып жеңіліс болмайды. Алға, Уругвай", – деп қысқа бірақ мазмұнды сөзін тәмамдады Уругвай капитаны Варела. Басы бүтін бірінші таймды оның командасы қорғанып өткізді. Мың өліп, мың тірілді, бірақ гол өткізбеді. Бразилияның 17 соққысы қақпадан қиыс кетті.

"Құдды тозақта, бізді тауықтай үлкен табада  қуырып жатқандай еді", – деп есіне алады Уругвай жартылай қорғаушысы Хуан Алберто Скьяффино өзінің өмірбаяндық кітабында.

47 минутта "Маракана" "жарылды". Фриаса қонақтар қорғанысын бұзып өтіп қақпаға тепкен соққысы дәл болды. 1:0, бүкіл стадион өз өзін баса алмай, мейрамның жалғасын талап етті. Бейне бір шабуылға шыққан варварлардай стадион толқып кетті. "Қара жетекші" лақабымен танымал Варела командаластарын сабырға шақыру керек екенін түсінді. Ол төрешімен гол офсайдтан соғылғаны туралы айтып тартыса бастады. Варела голдың таза соғылғандығын біліп тұрса да, жай ғана уақыттан ұтып, қарсыластың қуанышын басуды көздеген еді. "Мейлі, ақайлай берсін. Бірақ жарты сағаттан соң Маракана молаға айналады. Тек, менің ғана даусым естілетін болады" - деп ойлады ол.

Бір голдан масаттанған Бразилия ойын тәсілін өзгертіп қарсы шабуылда ойнай бастады. Бұл болса уругвайлықтар жүрегіне сенім ұялатты. Алаң иелері бірнеше гол соғып, ойын тағдырын шешу мүмкіндігіне бірнеше рет ие болды. Бірақ, бәрі де керісінше болды. Ойынның 66 минутында Скьяффино Гиджаның сол қанаттан асырған добын голға айналдырды. Есеп 1:1, яғни теңесті. Стадиондағы жанкүйерлер үні сөніп бара жатты. Бәрін талқандап келген Бразилияның ойыны жүрмей қойды. Сұрмерген Адемир ойында мүлде көрінбей қалды, Зизиньо және басқалар да...

Коста құрамасын тең есеп те қанағаттандыратын. Міне сол үшін олар ұялмай осындай маңызды ойында тең есепті ұстап қалуға тырысты. Бірақ, қолдарынан келмеді. Ойын аяқталуына 11 минут қалғанда Гиджа тағы да сол қанаттан айып алаңына кіріп барып, (бәрі де пас беруді күтіп тұрғанда) қақпаның жақын бұрышын көздейді. Бұл қақпашы Барбоза үшін күтпеген шешім еді. Қақпашы мен бразилиялықтар бұл соққыға дайын болмай шықты. Нәтижесінде доп қақпа торында балықтай тулады.

«Тек үш адам ғана бір қимылмен бүкіл «Маракананың дауысын өшіріп қоя алған. Олар: «Фрэнк Сенатра, Иоанн Павел II және Мен», – деген еді ойыннан соң Гиджа.

Алаң иелері шабуылға өтті. Бірақ, бәрі кеш еді. Уругвайлықтар өлсе өлер бірақ екінші допты өткізбейтін. Ағылшындық төреші Ридер ойын біткендігі туралы ысқырықты шалғанда бұл дауыс бүкіл Маракана үшін атам бомбасының даусындай болып естілгені шүбәсіз. Алаң иелері өздерін алаңға тастады. Жер бауырлап жатып алды. Шынын айтқанда тұруға қорықты. Олар бірнеше мың доллар, машина, жер телімінен құр қалған еді. Ең негізгізі енді оларды мәңгі "жолы болмайтындар" есебінде тілге тиек ететіні еді.

Чемпиондық марапаттау рәсімі өткізілген жоқ. Риме Вареланың қолын ақырын қысты да кубокты оған беріп, өзі адамдар арасына кіріп кетті. Сол уақытта «Мараканада» моладағыдай тыныштық салтанат құрды. Екі адам өзін жоғарыдан тастап жіберіп қайтыс болады. 200-ден артық жанкүйердің жүйкесі сыр беріп ауруханаға түседі. Бүкіл мемлекетте суцид жасау көбейді. 300-ден артық адам ары қарай өміп сүруден мән таппады.

Бұл жеңіліс Бразилия футбол тарихында «Мараканосо» деген атпен қалды. Португаль тілінен аударғанда бұл сөз «Маракана апаты» деген мағынаны береді. Осы ойыннан соң Бразилия ақ түсті қасиетсіз санап сары түске өтті. Уругвай екінші чемпиондығын бір ай тойлады. Қазіргі күнде де 16 маусым ұлттық мереке есебінде тойланады.

Бразилияға 2014 жылы Германиядан жеңілген 7:1 есебі де өте ауыр болған. Бірақ, ол «Маракана апатына» жетпейтін жеңіліс еді. Пеле бұл жеңілісті соғыстан кейін аяққа тұруға ұзақ уақыт керек болатын оқиғаға теңеген еді. Осы чемпиондық Бразилия эканомикасын көтеріп, мемлекетті дағдарыстан құтқару керек болатын. Бірақ, бәрі де керісінше болды.

Т. Раушанұлы