Дінмұхамед Қонаев. "Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек"

Дінмұхамед Қонаев. "Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек"
Фото: inform.kz

Бүгін ұлт тұлғасы, қоғам қайраткері, Қазақстанның гүлденуі мен өркендеуіне үлес қосқан Дінмұхамед Қонаевтың қайтпас сапарға аттанғанына 25 жыл болды. Осы орайда мемлекет қайраткерінің өмір тарихынан сыр шертетін мағлұматтар мен сындарлы сағатта елі үшін атқарған ізгі істері туралы деректерді ұсынамыз. 

Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы (1912-1993) — аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, техника ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі. Алматы қаласында дүниеге келген. Қонаев ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарды. Ол жауапты басшылық қызметте жүріп, республикадағы тау-кен ісін дамытуға қомақты үлес қосты. Билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылыққа толы болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік жағдайын, ғылыми сфераларын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. Алпысыншы жылдардың басында Н.Хрущевтің өктемдігімен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді. 

Ол Қазақстанда неміс автономиясын құру, Маңғыстауды Түрікменстанға беру жөніндегі Орталықтың ұсыныс-жоспарларына қарсы шықты. Алматыны қазіргі заманғы көрікті қалаға айналдыруға көп күш жұмсады. Мұнда Республика сарайы, ҚазМУ қалашығы, Арасан сауықтыру орталығы, Медеу спорт кешені сияқты ірі ғимараттар бой көтерді. Бірнеше мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. КОКП-ның XIX съезінен бастап кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент пен партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болды.

Ұлттың қамын ойлаған азамат, біртуар тұлға 1993 жылы тамыздың 22-сі күні 82 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Дінмұхамед Қонаев қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Ғылым академиясының Тау-кен және түсті металлургия институтына, еліміздің бірқатар мектептері мен көшелеріне есімі берілді. Алматы қаласында қоғам қайраткері атында университет бар. 1992 жылы 13 қарашада Алматыда "Халықаралық Қонаев қоры" құрылды. 2002 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында Қонаевтың мұражай үйі ашылды. Ол өмірінің соңғы сәтін өткізген Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Ақши ауылында 2003 жылы 15 тамызда арнайы құлпытас орнатылды.

Қонаев өте қарапайым, жұмысқа жаяу баратын, күзетшісіз жүретін ел басшысы болған. Ел басқарған тұста журналистермен кездесуге шектеу қойған. Мысалы, Қонаевтан сұхбат ала алмай кеткен тілшілердің қатарында BBC, Washington Post сынды ақпарат құралдарының өкілдері бар. Байырғы ата-бабасындай аңшылыққа қызыққан ол қарапайым 200 шаршы метр үйде тұрған. Тіпті, Брежнев келіп, үйін аралап, "барың осы ма" деп таң қалған екен.

"Адамға жазаның ең үлкені – жұмыссыз қалдыру", – деген ұлт тұлғасы елдің елдігі үшін аянбай еңбек етті. Содан болар "Орысты ренжiтсең Мәскеуге шабады, қазақты ренжiтсең қайда шабады? Өзiңнiң алдыңа айналып келедi, Асанбай. Орыстың артында тұрған Мәскеуi бар. Қазақтың артында Мәскеуi жоқ, қазақтың Мәскеуi  бiздермiз, Асанбай, қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетiн иiсалмас, ынжық болып кетедi. Ұлт өзiнiң мүддесiн өзi қорғай алатын дәрежеге жетуi керек. Кезiнде қазақтың жанын сақтап қалсақ екен дедiк қой... Бiз ол дәуiрден өттiк. Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек", – деген еді Асанбай Асқаровқа.

Ұлт тарихын зерделеуде кейінгі өскелең ұрпаққа ата тарихымыз бен оны жасаушы тұлғалар туралы, олардың артында қалған мұрасы мен келелі ой-тұжырымдарын зерттеп-жеткізу, ұлт перзенттерін ұлықтау — абыройлы парыз. Қазақ зиялы қауымының өкілдері біздің қоғамымызда шоқ жұлдыздай жарық шоғырын құрайды. Үнемі үрдістік дамуға ұмтылып отыратын қоғамның тынысына өздерінің ой-интеллектісімен, нақтылы тұжырымдарымен ықпал ететін, оның алар бағытына да әсер ете алатын негізгі күш — зиялылар қауымы. Сондықтан да зиялы қауым өкілінің тарихын зерттеу, олардың ғылым мен қоғамдағы алар орны, оған қосқан үлесін саралай отырып сараптау, тағылымдық жақтарын ашып көрсету, бағалау маңызды міндеттердің бірі болып табылады. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: “Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тағдырының айнасынан бір тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім өз жұртының нағыз азаматы болып қала берген. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген. Ол, ол ма, белгілі бір мағынасында олардың өздері де халық тарихының тұтас бір дәуіріне татыған, халқының бағытынан жаңылмай тәуелсіздікке бастайтын жолын нұрландырған ел тарихының шамшырақтары болған”, – деп тұлғалардың тарихтан алар орнын ашып көрсетеді.
Т. Раушанұлы