Жеке басқа табынушылық зардаптары (1930-60 ж.)

Жеке басқа табынушылық зардаптары (1930-60 ж.)

Жеке басқа табыну — саяси немесе діни билік иерархиясындағы жоғары мәртебелі (лауазымды) адамды асыра дәріптеу, оның атқаратын рөлі мен міндетті қызметін шектен тыс жоғары бағалау. Саяси кайраткерге тәнірдей табынып, шектен тыс ұлықтау.

Жеке басқа табыну, көбінесе, авторитарлық және тоталитарлық жүйедегі мемлекеттерге тән, әйтсе де аракідік демократиялық мемлекеттерде де кездеседі (мысалы, Шарль де Голь басқарған шақтағы Франция). Авторитарлық және тоталитарлық мемлекеттерде жеке басқа табыну жалпыға бірдей ортақ, “бірден-бір ақиқат” идеология арқылы жүзеге асырылады. Мұндай идеологияның көсемдеріне пайғамбарлар мен көріпкелдерге тән қасиеттер таңылады.

Жеке басқа табынудың негізгі тірегі — мемлекет басшысын ұлттың асыраушысы ретінде қабылдайтын патриархалдық сана және “әділ патшаға” үміт артуға негізделген бодандық саяси мәдениет болып саналады. Жеке басқа табынудың пайда болуының басты себебі қоғамдағы билік тармақтарының түгелімен бір адамның қолына шоғырлануы, сол арқылы адамдар тағдырының өз іс-әрекетінен гөрі басшылықтың оң қабақ көрсетуіне (қайырымдылығына) тәуелділігі. Саяси тұлғаға жан-жақты тәуелділік қалың бұқара санасына сіңісті болып, жүйелі түрде идеологиялық өңдеуден өте келе “құдіреті күшті” басшының алдында халықты құлдық сезімде ұстап, жарамсақтық, жағымпаздық психология қалыптастырады.

Жеке адамдардың азаматтық құқықтары аяққа тапталып, халықтың өзін-өзі басқару мүмкіндігі ескерусіз қалады. Мысалы, бұрынғы КСРО -да осындай жағдай қалыптасты. Жеке басқа табынудың соңы әр түрлі ауыр зардаптар әкелетіндігіне қарамастан, оның белгілері кейбір дамушы мемлекеттерде (Ирак, Солтүстік Корея, Куба т.б.) әлі күнге дейін сақталып отыр.

20-жылдардың ортасынан орнаған қатаң әміршіл-әкімшілік жүйе 40-50-жылдары әрекет ете берді. Саяси жүйеге адам еркіндігін басып-жаныштау, оның құқықтарын жоққа шығару, еңбек адамдарын өндіріс құрал-жабдықтарынан жатсындыру сияқты қолайсыз құбылыстар тән болды. Жетекші күш - Коммунистік партия болып, оның басшылығымен өмір сүріп отырған жүйенің барлық басқа буындарының (Кеңес мемлекетінін, кәсіподақтардың, комсомол, кооперативтер мен басқа да қоғамдық ұйымдардың) жүмысы үйлестірілді. Мемлекеттік органдардың құзырындағы мәселелерді шеше отырып, Коммунистік партия халық шаруашылық және әлеуметтік-мәдени, қоғамдық ұйымдардың міндеттерін орындауды өз қолына жинақтап, оларды дербес әрекет етуден айырды. Республикада И. В. Сталиннің жеке басына табынушылық жағдай қалыптасты. Қандай да бір қол жеткізілген табыстар оның кемеңгерлік басшылық жасай білуімен байланыстырылып, өрескел кемшіліктер мен сәтсіздіктер жөнінде сөз болмады. Осының бәрі Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуына қолайсыз ықпал етіп, ауыр зардаптарға ұрындырды. Аты шулы ұрандарды саяси мақсаттарға пайдаланумен заңдылықтың бұзылуы, өкімет билігін асыра пайдалану жалғаса берді. Өмір сүріп отырған саяси жүйе өзінің дербес дамуына қабілетсіз екендігін көрсетті. Кеңес қоғамын дамытудың соғыстан кейінгі жоспарлары сталиндік антидемократиялық, социализмнің тоталитарлық үлгісімен үйлесіп кетті. Майдан мен тылда, соғыстың барлық ауыртпалығы мен қиыншылығын көтерген халық соғысқа дейінгі кезеңдегі халықтан басқаша еді. Қоғамдық өмірдің бейбіт жағдайының орнығуына байланысты қүндылықтарды қайта бағалау орын алды. Замандастардың санасында әлеуметтік бағдарламаларға бет бұрудың қажет екендігін түсіну айқын біліне бастады. Алайда қоғамдық сананың барлық деңгейінде сезіле бастаған қоғамдық жаңарудың кешенді бағдарламаларына өтуге тұрақты әлеуметтік-саяси құрылым бөгет жасады. Сонымен бірге өте ауыр соғыстағы жеңіс соғыстан кейінгі кезеңде басшылықтың қолданыстағы саяси жүйенің тиімділігіне деген сенім қалыптастырды, ал көпшілік басшылар баскарудың әкімшілік әдістерінің өзін-өзі ақтайтындығына сенімді болды. Сталинизм идеологиясы 40-жылдар мен 50-жылдардың басында өзінің шырқау шегіне жетті. 1939 жылы болған БК(б)П XVIII съезінің құжаттарында жазылғансоциализм құрылысын аяқтаудың соңына карай ел коммунистік қоғам кұруға өтеді деген тезисті Ұлы Отан соғысыаяқталған соң, теориялық жағынан талқылау жалғаса берді. 1946 жылғы наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында бүл тезис партияның жетемшілікке алатын тұжырымдамасы ретінде жарияланды. Соғыстан кейінгі онжылдық - КСРО-дағы 1920-1940 жылдардағы өмір шындығына қасад көзқарастың жалғасы еді.

«Жеке басқа табыну» деген сөз тіркесінің өзі соңғы ғасырда өмірге келді. Бірақ, құбылыс ретінде ол ғасырлар қойнауынан келе жатыр. Алғашқы қауымдық құрылыстан кейінгі өркениетті қоғамға өте бастаған кездің өзінде-ақ жеке басқа табынудың алғашқы белгілері байқалды. Адамдар тастан жасалған пұттарға, жануарларға, табиғат құбылыстарына табына бастады. Құдайларды ойлап тауып, оларға ат берді. Осылайша дін өмірге келді.
Кезінде сталиндік конституция деген КСРО-ның Ата Заңы болған. Ол халықаралық құқықтық сараптаманың бәрінен мүдірмей өткен. Бірақ сол конституция тұсында 2 млн 700 мың қазақ қырылды. Голощекин 130 мыңнан астам қазақ зиялысын абақтыға жаптырып, 25 мыңын атқызып тастады. Абақтыға қамалған 130 мыңның 30 мыңдайы ғана тірі аруақ болып елге әрең жеткен. Міне жеке басқа табынушылық зардаптары мен тақсіреті осындай.

Сурет: kk-barnaul.ru

Ж. Исакаев