Мақтан тұтар ұлы тұлға, тау тұлға

Мақтан тұтар ұлы тұлға, тау тұлға

Студенттік өмірімнің алғашқы баспалдақтарын сәтті қадаммен Дінмұхамед Ахметұлы музейінен бастауым –өзіме үлкен келешектен дәмелі екенімді ұғындыра түскендей! Кеше мұражай табалдырығын аттағанымда, елі үшін аса зор еңбек еткен кемеңгер қайраткердің өткенімен бір бетпе-бет жүздескендей болдым. Әрі қазақ елінің өсіп-өркендеуі жолында тым ұзақ сапарлар кешіп, маңызды шешімдер қабылдаған көшбасшының шынайы тағдыр торабынан мол азық алып қайттым.

Дара тұлғаның жанұялық бақытты мекенінен басқармалық орнына дейін өз көзіммен тамашалап, сол орында жүректен бұлқынып шыққан толғаныстарым мен өмірде ой қоржыныма түйе білу керек деп тапқан кей нәрселерді  өз алақанымнан ұшырып алмай, есте сақтауға, түйсіне отырып, пенделікпен өтіп жатқан  бес күндік  ғұмырыма жаңа серпілістер мен тың бастамалар үзігін сыйлағым келгендей. Расымен де, қалай айтсақ та, бұл − білсем, үйренсем, сондай аңыз адам болсам деген кез келген жеткіншекте ұшқындайтын арман сыңғыры секілді менде де жылт еткен бір үміт...

Д. Ахметұлы көзі тірісінде кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 42 қала тұрғызып, өз кезегінде елорда қызметін адал атқара білген. Алматының гүлденуіне, әсіресе, орталықтың үкімінсіз бірде-бір көпір салынбайтын жағдайда халқына перзенттік әрі басшылық борышы ретінде Лениннің 100 жылдығын алға тартып, сыйлы қонақтар құрметіне деп зәулім ғимарат Республика сарайын көтеріп, көсем даңғылын көркейтеміз деген желеумен 25 қабатты «Қазақстан» қонақ үйін, М. Әуезов атындағы академиялық драма театрын, Қазақ циркін, жастар Неке сарайын, Ұлттық кітапхана, т.б. бүгінгі таңда да халық игілігінің ажырамас айнасы болған нысандардың салынуына басты себепші болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл күні ата-бабамыздан мұра болып, сарқыттай сақталып жеткен туған мекеніміздің әрбір тауы мен тасы үшін өскелең ұрпақтың қай-қайсысы болсын мақтанады, марқаяды. Бірақ аумалы кешегі күндерде сары даламыздың кімнің уысына түсуге шақ қалғанын әркім біле ме?!

Ендеше, Димаш Ахметұлы Өзбекстанға берілген Оңтүстік өлкеміздің мақталы аудандарын қайтаруда табандылық танытып, жерімізде ұйғыр, неміс автономиялары мен Маңғыстауды Түркіменстанға беру сынды көптеген маңызды, ұлт тағдырын шешетін сын сағатта өз көрегендігін танытып, асқан шеберлікпен қарсылығын үзілді-кесілді айта білген. Міне, бұдан өзге де төл басшының біреудің мақтаны үшін емес, өз арының алдында халқына деген кіршіксіз сүйіспеншілігімен жасалған шаруалар легі қаншама?! Оны санамалаудың өзі таңды таңға жалғар. Буыны қатпаған жас талапкер ретінде мұндай  кесек те ірі тұлғаның  аз да болса өмірбаяндық күнделігінің алғашқы беттерін парақтап, танысып шығуым, менің де келешекте атажұртыма қандай игі істердің көзін ашып беруім керек екенін ұғындырып, көкейімде бір ой түйгізді... 

Жолдаған: Жанат Жадыра 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс студенті 

Сурет: unesko.kz

Е. Жұмабайұлы