Димаш Б.Момышұлы атындағы төсбелгімен марапатталды

Димаш Б.Момышұлы атындағы төсбелгімен марапатталды
Фото: vk.com

Қазақ елінің мақтанышы, талантты әнші Димаш Құдайберген Отанымыздың даңқты ұлы, КСРО батыры Бауыржан Момышұлы атындағы төсбелгімен марапатталды. Бұл туралы қазақ эстрадасындағы жарасымды жұп Мирас пен Құралай өздерінің инстаграм парақшасында хабарлады. 

"Сүйінші, достар! Бүгін  Астанада Қазақстанның ардагерлер қауымдастығы Димаш ұлымыздың өнердегі жетістіктерін жоғары бағалап,  отанымыздың даңқты ұлы, КСРО батыры Бауыржан Момышұлы атындағы төсбелгісін табыстады.
Даңқты батырдай шыншыл, ержүрек, мейірімді болып, жеңісті, жемісті жолдармен алға баса беруіңе тілектеспіз, Димашжан!!!"
,– деп жазды Мирас пен Құралай. 

Біз де әншіні бұл марапатымен құттықтай отырып, шығармашылық табыстар тілейміз! 

Айта кетейік, Димаш күні кеше ғана «IQIYI awards» марапатында «Жылдың ең үздік əншісі» атанды. Бұл оның Қытай еліндегі алған оныншы жүлдесі. Сонымен бірге ол "Fashion night gala" марапаттау рəсімінде "Инновация заманының лидерi" деген атаққа ие болды. 

Ж. Жұмағұлов