Шүкеновті еске алуға арналған тұңғыш «Отан-Ана» республикалық әншілер байқауы өтеді

Шүкеновті еске алуға арналған тұңғыш «Отан-Ана» республикалық әншілер байқауы өтеді
Фото: mazhab.kz

Сәуірдің 26-28 күндері тұңғыш рет Қызылорда қаласында әнші-композитор Батырхан Шүкеновті еске алуға арналған «Отан-Ана» республикалық әншілер байқауы өтеді. 

Батырхан Шүкенов – танымал музыкант, әнші-композитор, Қазақстан және Ресей эстрадасында өзіндік орнын қалыптастырып кеткен талант иесі. Ол ел есінде жарқын жүзімен, жүрек тебірентер әндерімен қалды. Саксофонда ойнап, продюсерлік қырымен де танылды. Оның қайталанбас таланты талай жасқа үлгі болды. Сондықтан да Қызылорда облыстық әкімдігі өнерге құштар жастарды қолдау мақсатында Батырхан Шүкенов атындағы байқауды ұйымдастыруды қолға алды.

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы». Осы сөзді өмірлік ұстанымына айналдыра білген  27 әнші Қызылорда қаласында бақтарын сынап көрмек. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 18-30 жас аралығындағы әншілер қатысады.

27 әнші байқаудың бірінші кезеңінде еркін тақырыпта ән салса, екінші кезеңде Батырхан Шүкенов репертуарынан міндетті түрде бір әнді орындайды. Өнерпаздардың бәрі жастайынан Батырхан әндерін естіп, тыңдап өскендіктен, оның әндерін айту еш қиындық тудырмайтындарын айтады.

Жыл сайын елімізде түрлі ән мен өнер байқауы өтеді. Ал бұл жолғы ән додасының басты ерекшелігі – әншілерге минусовкада бэк-вокалды қолдануға рұқсат берілмейді. Қатысушылардың өнер көрсету реті жеребе бойынша анықталады. Байқаудан тыс өнерпаздар тал отырғызып, қаланы көгалдандыру жұмыстарына ат салысады.

Жастардың талантын байқап, оларды бағалайтын әділқазылар құрамында елімізге кеңінен танымал музыка саласының кәсіби мамандары мен композиторлар, оранжировка жасаушылар мен өнер және мәдениет қайраткерлері бар. Олар өнерпаздардың әнімен қатар, сахналық костюміне, өзін-өзі ұстауына баса мән береді. Байқау лауреаттары 28 сәуір күні Гала концертке қатысады.

Н. Үсенова