Димаштың жанкүйерлері және олардың жасаған туындылары

Димаштың жанкүйерлері және олардың жасаған туындылары
Фото: vk.com

Қытайдағы "I am singer" тележобасында бақ сынап жатқан отандасымыз Димаш Құдайбергеновтің жанкүйерлері күн санап артып келеді. Мұны желідегі #thesingerdimash #dears #DQ хэштегімен таралған сансыз суреттерден байқауға болады. 

Chibi стиліндегі фан-арт суреттерді көріп, еріксіз таңдай қағасыз. Кей мәліметтерге қарағанда, Димаштың қытайлық жанкүйерлері ғимараттардың сыртына жарық шамдармен көмкерілген, әншінің аты жазылған билборд іліп қойған екен.

Димаштың танымалдығы күн санап артпаса, кеміген емес. Оның 4-кезеңде орындаған қытай тіліндегі "Күзгі мұң" әнінің бейнежазбасын 3 күн ішінде 10 700 000 адам көрген. Бұл туралы PR-менеджері Алпамыс Шаримов мәлімдеді. Димаш миллиондаған тыңдармандардың жүрегін қайталанбас үнімен қатар көркем түр-сипатымен де жаулаған сыңайлы. 

Естеріңізге сала кетейік, отандас әншіміз 4-кезеңде үштіктен көрініп, жалпы есепте екінші орында келеді. Келесі кезеңде ол британиялық музыкалық продюсер Марк Ронсон мен америкалық танымал әнші Бруно Марстың «Uptown Funk» әнін орындайды. 5-кезең сенбі, 18 ақпан күні Астана уақыты бойынша 20:30-да Hunan TV арнасынан көрсетіледі.

Ж. Жұмағұлов