Димаштың келесі кезеңде орындайтын әні

Димаштың келесі кезеңде орындайтын әні
Фото: vk.com

Қытайдың "I am singer" тележобасына қатысып, бүкіл әлем жұртшылығының таңдайын қақтырған қазақстандық дарынды әнші Димаш Құдайбергенов байқаудың 5-кезеңінде британдық музыкалық продюсер Марк Ронсон мен америкалық танымал әнші Бруно Марстың «Uptown Funk» әнін орындайды. 

"Осы аптада Bruno Mars репертуарынан "Uptown Funk" әнін орындау тапсырылды. Бұл ән менің жан дүниеме бөтен - бірақ тапсырманы 100% орындауға тырысамын! Сіздер үйренген Димашты осы апта көрмейсіздер! Алдын ала кешірім сұраймын! Бірақ, көңілді болатынына сенімдімін! Сенбі күні 20:05-те(Астана уақытымен). Hunan Tv арнасынан #IAmSinger жобасын өткізіп алмаңыздар!" – деп жазды Димаш өзінің инстаграм парақшасына.

«Uptown Funk» – британиялық композитор, диджей, музыкалық продюсер, «Грэмми» марапатының иегері Марк Ронсон мен америкалық Бруно Марстың әні. АҚШ-та, Ұлыбританияда, Канадада және т.б. елдерде бірінші орынға ие болған танымал ән аталған белгілі музыканттардың Sony Music Entertainment студиясында жазылған төртінші альбомының ең негізгі туындысы.

Айта кетейік, отандасымыз 4-кезеңде Гонконгтың танымал жұлдызы Джеки Чун Хок-Яудың "Күзгі мұң" әнін өте шебер орындап, үштіктен көрінген еді. Келесі кезең 18 ақпан, сенбі күні өтеді.

Ж. Жұмағұлов