"Жоғары қарама" фильмі бізге жоғары қарауды үйретеді

"Жоғары қарама" фильмі бізге жоғары қарауды үйретеді

"Жоғары қарама" фильмі бізге жоғары қарауды үйретеді. Ғалымдар Жерге алып комета жақындап келе жатқанын өте анық түрде дәлелдеп береді. Алайда, саяси орталар бұл хабарды өз мүдделеріне бейімдеуге тырысады, ал қарапайым халық бұған мән бермей, танымал әншінің жеке өміріне көбірек қызығушылық танытады. Соңында...

© Netflix

Америкалық фантастика-сатиралық фильм 2021 жылдың желтоқсанында Netflix-те көрсетілді. 2,5 сағатқа (138 минут) созылған кинотуынды 75 миллион долларға түсірілген. Фильм жарыққа шыққаннан бері халықаралық пікірталастың тақырыбына айналды.

Леонардо Ди Каприо мен Дженнифер Лоуренс © Netflix

Фильм не туралы?

Фильмді белгілі кинорежиссер Адам Маккей түсірген. Басты рөлдерді атақты Голливуд актері және эко-белсенді Леонардо Ди Каприо мен танымал актриса Дженнифер Лоуренс сомдады.

Басты кейіпкерлер – астрономдар, олар 6 айдан кейін өте үлкен комета Жерге соғылып, нәтижесінде бүкіл планетада тіршілік жойылатынын анықтайды. Комета өте қауіпті және оның бар екені шындық. Астрономдар тіпті оның галактикадағы көрінісін суретке түсіреді. Бірақ бұл ғылыми шындықты, ғалымдардың үндеуін Америка Құрама Штаттарының президентінен бастап журналистер, саясаткерлер мен қарапайым адамдарға дейін елемейді. Соның салдарынан астрономдар көрсеткен бағытта ешқандай әрекет жасалмайды және олар үнемі жоққа шығарыла отырып, ақыры Жер апатқа ұшырайды.

Факті анықталған кезде астроном Рэндалл Минди (Леонардо Ди Каприо) мен оның көмекшісі, аспирант Кейт Дибиаски (Дженифер Лоуренс) президент Дженни Орлеанның (Мерил Стрип) қабылдауына кіріп, Жерге қауіп төндіретін құйрықты жұлдыз туралы айтып береді. Ал 6 айдан кейін оның Тынық мұхитына құлауы мүмкін екенін, нәтижесінде, 10-11 балдық жер сілкінісі бүкіл планета апатқа ұшыратанын ескертеді. Сақтық үшін олар автоматтандырылған дрондарды ядролық қарумен жарақтандыруды және комета орбитасының бағытын өзгерту үшін пайдалануды ұсынады. Алайда, президенттік сайлау науқанымен айналысатын ел басшысы ғалымдардың теориясына шын ықыласпен қарамайды.

© Netflix

Президентті иландыра алмаған астрономдар жаңалықтарды теледидардан тікелей эфирде жариялайды. Бірақ реакция олар күткендей болмайды. Астрономдардың Жерге қауіп төніп тұрғанын айтқан хабардан гөрі, сол күннің тікелей эфирінде сүйіктісімен қайта қауышқан атақты әншінің жеке өмірінің хикаясы жұртты еліктіріп, рейтингі жоғары деңгейге жетеді.

Көп ұзамай президент астрономдарды шақырып, комета бағытын өзгерту операциясын бастайды. Бірақ президенттің мақсаты әлемді құтқару емес, өз рейтингін көтеру еді.

Осылайша, операцияны басқаруға сыртқы түрі сәйкес келетін "оратор" және астрономияға еш қатысы жоқ кейіпкер тағайындалады. Бірақ зымырандар ұшырылғаннан кейін олар жарты жолдан артқа қайтарылады.

Питер Ишервелл рөлін сомдаған Марк Райленс © Netflix

Себебі, Ақ үйге жақын орналасқан әлемнің үшінші ең бай адамы BASH технологиялық корпорациясының иесі Питер Ишервелл (Марк Райленс) кометада смартфонға қолданылатын, өте сирек кездесетін 140 миллион долларлық минералдар бар дейді. Ишервел бір үлкен комета Жер үшін қауіпті екенін, ал, оларды 30 кіші астероидтарға бөліп, Тынық мұхитына құлатуға болатынын айтады.

Ол үшін Нобель сыйлығының иегері, белгілі ғалымның технологиясы қолданылатыны хабарланады. Одан да маңыздысы, құйрықты жұлдыздағы минералдарды игеру аштық пен әлеуметтік теңсіздік сынды мәселелерді толығымен шешеді деген тұжырым айтады. Бірақ модельделген технология қаншалықты дәл жұмыс істей алатыны ғылыми тұрғыдан қарастырылмаған болатын. Жерге жақындаған кометаға ештеңе істемей қарап отыру аспирант қыз Кейтті жындандырады және ол Жерді құтқару операциясынан бас тартады.

Ғылыммен емес іскерлік кәсіпті көздеп басталған операция сәтсіз болғанда, жоғарыдағы саяси адамдар мен байлар арнайы ғарыш капсуласында басқа планетаға ұшып кетуді жоспарлайды.

© Netflix

Климаттың өзгеруі мәселелері және кометалар

Халықаралық ақпарат құралдары "Жоғары қарама" фильмі климаттың өзгеруінің өзектілігін көрсетеді деп жазды.

Фильм жаһандық жылыну проблемаларының алдын алу үшін бірдеңе істеуі керек адамдар әдейі әрекеттен аулақ болып, мүдделі тараптарды жұртшылықтан алшақтата алатынын көрсетеді.

Мысалы, климаттың өзгеруі планетаға қаншалықты қауіп төндіріп тұрғанын бәрі көре алады, бірақ түбегейлі шаралар әлі де кейінге шегерілуде.

Жаһандық жылынуға қатысты биылғы жылдың басты жаңалықтары

Бірақ фильмнің шынайы өмірден бір айырмашылығы бар. Кинода адамдар Жерге апат алып келетін кометаға қарсы шара қолдана алмаса, өмірде климаттың өзгеруінің алдын алу үшін әркім бірдеңе жасай алады.

Фильм арқылы ғылымды және оның зиян екенін дәріптейтін 5 ойдан шығарылған мифті тізіп шығуға болады.

© Netflix

Барлығы 100 пайыз дәл болуы керек

Астрономдар комета туралы ақпаратты президент Орлеанға жеткізгенде, ол бірінші болып: "Бұл қаншалықты дәл ақпарат?" деген сұрақ қояды. Астрономдар "99,78 пайыз" деп жауап береді. Сонда президенттің ұлы, президент әкімшілігінің басшысы Джейсон Орлеан (Джон Хилл) жеңіл-желпі: "Жарайды, бұл 100 пайыз емес екен" дейді. Астрономдармен бірге келген Тедди Оглторп (Роб Морган): "Ғалымдар 100 пайыздық дәлдікті ұнатпайды" деп жауап береді.

100 пайыз дәлдікті талап етпеу – ғылымның күші. Дәлелдер нақты бағытты көрсетсе де, ғалымдар әлі де іздеуді жалғастырады және 100 пайыздық дәлдіктің болмағанына шағымданбайды. Мысалы, жанар-жағармай, парниктік газдарды пайдалану салдарынан климаттың өзгеруі туралы көптеген фактілер бар. Бірақ саясаткерлер фильмдегідей "күте тұрайық, соңын көрейік" деп мәселені шетке ысырып жатыр.

Жаһандық жылыну домино эффектін тудырады

Дженни Орлеанның  рөлін сомдаған Мерил Стрип © Netflix

Ғалымдар айтып жатқан алаңдатарлық фактілерді адамдардың қабылдауы қиын

Кинода құйрықты жұлдыз пайда бола бастаған кезде саясаткерлер адамдардың назарын аудару, ғалымдардан гөрі өздеріне көбірек сенуге шақыру үшін "Жоғары қарама" деген ұрандармен түрлі шаралар мен митингілер өткізеді. Президент пен оның командасы адамдарды жоғары қарамауға шақырса, астрономдарды аспанға қарауға шақырады.

Ғалымдар: жаһандық жылынудың алдын алу үшін жасанды қыс қажет

Климат туралы да солай айтуға болады. Егер адамдарға көбірек ақпарат берілсе, олардың назарын аудармаса, ғалымдарды қабылдай алады. 2021 жылғы халықаралық зерттеуге сәйкес, адамдардың 80 пайызы өмір салтын өзгертуге және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін жұмысын ыңғайлауға ниетті екенін білдірді.

© Netflix

Біз тырыспасақ та, технология адамзатты құтқара алады

Бірақ фильм олай емес екенін көрсетеді. Президент астроном емес, әлемдегі ең бай адамдардың бірі, Питер Ишервелл ұсынған технология негізінде құйрықты жұлдызды жоюға тырысқанда бәрі сәтсіз аяқталады. Шынайы өмірде адамдар шындыққа емес, өздері үміт еткен нәрсеге сенеді.

Мысалы, көміртекті сақтайтын технология адамзатты климаттың өзгеруінің әсерінен қорғайды деген сенім (өмір салты, жұмыс процесі және саясат жағынан ешқандай күш жұмсамай-ақ) шындықтан гөрі бізге жақынырақ болуы мүмкін. Әрине, технология климаттық проблемалармен күресуге көмектеседі, бірақ нәтиже күткендей жылдам болмайды.

Экономика бәрінен де маңызды

Климат проблемаларын шешу, өзгерістерді баяулату үшін шаралар қабылдау экономика үшін қымбатқа түсуі мүмкін, бірақ тек осы себепті әрекет етпеу, экономика туралы көбірек ойлау фильмдердегідей төтенше шығындарға әкеледі.

Атқарылатын жұмыс саяси топтарға сай болуы керек

Дамыған елдерде адамдар көбінесе әртүрлі саяси топтарда болады және олар әртүрлі мәселелер бойынша өздері жататын топтың көңіл-күйіне қарай әрекет етеді. Дегенмен, үлкен қауіптер, экологиялық апаттар, індеттер адамдардың саяси көзқарастарына байланысты емес, олар барлығына бірдей зиянын тигізе береді. Адамзат мұның дәлелін коронавирус пандемиясы кезінде де көрді.

Кино кейіпкерлері өмірде бар ма?

Фильмдердегі кейіпкерлер де өмірдегі шынайы адамдар ретінде түсіндіріледі.

© Netflix

Мысалы, доктор Минди – шынайы өмірде Ди Каприоның өзі. Ди Каприо бар әлемге эко белсенді ретінде жақсы таныс.

Оның көмекшісі Кейт Грета Тунберг болуы мүмкін. Кейт Гретаға мүлдем ұқсас емес, бірақ олардың арасында көптеген параллельдер бар. Кейт әлемнің тағдырына қатты алаңдайды және басқалардан да соны күтеді, басқалар өзін байыппен қабылдамаған кезде ашуланады және адамдар оны мемге айналдырады.

2018 жылы табиғатқа жанашырлығымен танылған Гретаны да халық осылай қарсы алды.

Фильмнің басында данышпан ретінде көрсетілген технология магнаттарының бірі Питер Ишервельді Илон Маск, Марк Цукерберг, Джефф Безос сияқты миллиардерлермен салыстыруға болады. Миллиардерлер байлықты климаттық мәселелерден гөрі бірінші орынға қойғаны үшін және ғарышқа саяхаттауға адамдарды қызықтырғаны үшін үнемі сынға ұшырайды.

Президент Дженни Орлеан – экс-президент Дональд Трамптың карикатурасы. Оның астрономдары қауіп төніп тұрғанын айтқанымен, Орлеан ғылымды бизнеске бейімдеп, көпшілік митингілерінде "Жоғарыға қарама" деп айқайлауы Трамптың қызметін еске түсіреді. Трампқа коронавирус пандемиясы басталған кезде айтылған фактілерге мән бермеді деп айып тағылды.

Фильм өмірде барлығы жеңіл нәрсеге қызығатынын айтқысы келген

"Жоғары қарама" фильмінің оқиғалары мүлде басқа мәдениет өкілдерінің қатысуымен өткенімен, көп жағдайда біз одан өзімізді толғандыратын мәселелер мен жағдайларды көреміз. Мәселен, халықты өзіне қауіп төндіретін аса күрделі әрі ғылыми мәселеден гөрі белгілі әншінің жеке өміріндегі оқиға қызықтырады.

Фильмді климаттық проблемалардың сатирасы деп талдау тұрғысынан қарасақ, онда мәселе етіп көрілген тақырып әркім үшін өзекті деп санауға болады.

Мысалы, Қазақстан климаттық өзгерістерден зардап шегіп келеді. Оның бір мысалы былтыр ғана болған Маңғыстаудағы құрғақшылық. Адамдар әлі де климаттың өзгеруі туралы ойлана бастаған жоқ. Кейінгі уақытта жаһандық температура көпжылдық климаттық нормадан 1 градусқа жоғарылады. Елімізде ауа температурасы жаһандық деңгейден де жылдам көтеріліп келе жатыр, әрі қарай да көтеріледі.

Қазақстанда ауа-райы жаһандық жылынуға қарағанда екі есе тез жылып келеді

Аспаннан құйрықты жұлдызды көрмейінше ешнәрсені сезбей өмір сүретін болсақ, оның салдары туралы ойлаудың өзі қорқынышты.

А. Оралқызы