Ерлан Жүніс өлеңдеріндегі теңеулер

Ерлан Жүніс өлеңдеріндегі теңеулер

Ерлан Жүніс – қазіргі қазақ поэзиясының танымал өкілдерінің бірі әрі шын жанашыры. «Мен бе келген отызға, сен бе келген, Өлеңім?!» деп өлеңі мен өмірін сабақтастыра жырлауы, отызға келмей-ақ орда бұзғанын айғақтаса, «...Бір жарық мекен байқала ма алдан? Болмаса, тоқта, мен түсем!» деп сөз сабақтауы қырыққа келмей қамал алатынына үлкен сенім беретіндей. Өткен жолы ақын шығармаларындағы метафоралық қолданыстары қалам тербеуімізге себеп болса, ал бүгінгі тақырыбымызға өлеңдеріндегі теңеулер арқау болғалы отыр. Қазіргі қазақ поэзиясында жүрегін жер серігіне балаған ақынның өз тебіренісін қандай құбылысқа теңегеніне бірге көз жүгіртейік.

«Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі – теңеу. Мұнда суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді». Бұл – әдебиеттанушы ғалым Зейнолла Қабдоловтың теңеуге берген анықтамасы.

Әдетте, теңеулер -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтарымен жасалады. Ал Ерлан Жүністің өлеңдеріндегі теңеулер жай теңеулер емес, күрделі теңеулер, яғни, эпитеттенген теңеулер. Сөзімізге айғақ болар мына өлең жолдарына назар аударайық.

... Ағып түскен жұлдыздай өлең ағып барады,
Көңіл шіркін қанатын қағып-қағып барады.
Ұйқыдағы сұлудай ұйықтап жатқан әлемді,
Дәптеріме көшіріп ала қоям мен енді.
Құлпырарда дүние күнге шыққан құндыздай,
Өлең ағып түседі ағып түскен жұлдыздай.
(«Түнгі аңыз»)
Автор «ағып түскен жұлдыздай», «ұйқыдағы сұлудай», «күнге шыққан құндыздай» деген тіркестер түн мезгілінде болған ғажайыпты суреттейді. «Ұйқыдағы ару» ертегісін оқыған адам оның сұлулығын түйсіне отырып, ақын суреттеген даланың әдемілігін көре алады. Автордың қолданған теңеулері – күрделі теңеулер.

Сол түні сол ойыммен биік қалғам,
Қайтейін сол қызды мен сүйіп қалған.
Қайтейін сол қыз мені сүйіп қалған,
Жүрегі бармақтай боп күйіп қалған.
(«Құсқанат»)

Бір кеште кездесіп, бір-бірін сүйіп қалған екі жастың махаббаттан жүректері отқа оранды. Кейіпкер сүйгенінің жұдырықтай ғана жүрегі бармақтай боп күйгенін, махаббаттан күйгенін айтқысы келген. Жүрегіне шоқ түсіргеніне өкінішпен қарап, «қайтейін» деп өзін кінәлі сезінетіндей.

Бассыз тағдыр баста ойнап, баласынбай,
Басқан жерім –
Авгейдің қорасындай.
Сана мынау –
Сынақтар алаңындай.
Жүрек мынау –
Жарылыс даласындай.
(«Әр даланың өзіне гүлі лайық»)
Ал мына тіркестердің мәні тым ерекше, талғаммен жасалған. Өзінің басқан жерін «Авгейдің қорасындай» деп беруі автордың жан-жақтылығын көрсетсе керек. Авгей деген кім? Оның қорасы қандай болған? Ежелгі Грек мифологиясындағы күн нұрлы Гелиостың ұлы Авгей шалқыған байлыққа ие болса да, қорасы бір жиналмайды екен. Сол кезде Геракл Алфея мен Пеная атты екі өзеннің арнасын қораға бұрып, жарқыратып қойған екен деседі. Осы аңыздан кейін ыбырсып жатқан жерлерді осылай ауыспалы мағынамен атаса керек. Ал санасын сынақ алаңына теңеу себебі, сан түрлі ойлар санада жарылып жатыр. Жүрегі сол жарылыстардан кейін шоқ боп қалған.

Теңеулердің тағы бір жасалу жолы «секілді, сияқты» деген шылаулармен өз ойын басқа құбылысқа теңейді.
Жаз да өтті, сұлу салған ән сыңайлы,
«Қош» деуге қалай енді жан шыдайды?!
Жаңбыр иісі... тамыздың тоңғақ түні
жапырақтың көзінен тамшылайды.
(«Жаз да өтті»)

«Секілді» сөзінің сирек кездесетін тағы бір баламасы – «сыңайлы». Ақын осы сөзбен жаздың кезіндегі сұлу қыздың әніндей боп өте шыққанын көрсетеді. Сол әнді аңсағаны секілді келер жазды да асыға күтетіні белгілі. Автордың үш ай жазды белгілі бір уақыт арқылы таныта білу ерекшелігін көре аламыз. 

Қала ішінде қалың орман секілді,
Жастығымның әні қалған секілді,
Арманымның таңы қалған секілді,
Бақ бар еді қараусыз:
Қараусыз бақ. Қарға даусы. Қара түн.
Қара түннен айдың нұры таматын.
(«Қараусыз бақ»)
Қараусыз қалған бағын қалың орманға теңеп, онда жастығының әні, арманының таңы қалғанын айтып мұңайды ақын. Бақтың қандай екенін қарабайыр сөзбен суреттемейді. Оның детальдарын дәл көрсету үшін күрделі теңеу пайдаланды. Себебі, оқырман ақынның ішкі сезімін дәл өзі секілді сезінуі тиіс. Егер, осы айтқан ақын талабы орындалса, оның мақсатқа жеткені.

Жүріп келем, сүріп келем өмірді,
Үмітпенен – таңғы түсім секілді,
Күдікпенен – қара кісім секілді,
Жүріп келем, сүріп келем өмірді.
(«Жүріп келем, сүріп келем өмірді»)
Білген кісіге мына өлең ішіндегі теңеулердің мәні зор. Үміті таңғы түстей, себебі, «таңда көрген түс орындалып қалады-ау» деген ұғым бар. Жақсы түстен күдеріңді үзбей, «орындалса екен» деп ниеттеніп жүреміз. Ал күдігі қара кісі секілді. Ақын қара кісі деп беруі кездейсоқтық емес. Үлкен астар жатыр...

Теңеу «ұқсап», «құсап» тәрізді сөздермен де жасалады.
Күрсінумен көп күндердің өткені,
Сол күндердің өтеуі не өкпелі?
Жауа алмаған мына тамыз аспаны,
Саған да ұқсап, маған да ұқсап кеткені!
Тамыз аспаны екі ғашықтар жылай алмағаны секілді жаумай кеткенін айтады. Міне, осы тәрізді бір сыпыра теңеулер ақын өлеңдерінде мол. Байқаған боларсыздар, «секілді» деген теңеу жиі кездеседі. Бұл да Ерлан Жүністің сөз қолданысындағы бір ерекшелік болса керек.

Оқи отырыңыз:

1. Ерлан Жүніс өлеңдеріндегі метафоралық қолданыстар

2. Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романына рецензия

3. Қазақ әдебиетіндегі «түрме шығармашылығы» туралы түсінік

4. Жанар Айлашова поэзиясы жайлы Ербол Бейілханның пікірі

Сурет: st.gdefon.com (өңделген

Е. Жұмабайұлы