Ерлан Жүніс өлеңдеріндегі метафоралық қолданыстар

Ерлан Жүніс өлеңдеріндегі метафоралық қолданыстар

Ерлан Жүніс – қазіргі қазақ поэзиясының танымал өкілдерінің бірі. Оның әр туындысы өзгелерден бөлек. Өйткені, «Мына бір өлеңі, мына кісінің өлеңіне ұқсайды» деп айта алмайсың. Өзгеше штрих. Басқаша ойлау. Ерекше талғам. Қарабайыр сөзді оның өлеңдерінен табу мүмкін емес. Сөзді талғаммен таңдап, байыппен зерлейді. Бұл кезекте, Ерлан Жүніс шығармаларындағы метафоралық қолданыстарды ажырату мақсат болды. Әрине, түгелдей дерлік, зерделеп, зерттеп, "жілігін шағып майын іштік" деп айтудан аулақпыз. Себебі, ғасырдан ғасырға жалғасқан, ғасырды ғасырға жалғайтын поэзияны бір жазбамен зерттеу мүмкін емес. Жай ғана «Ерлан Жүністің құбылысты өзге құбылысқа балап суреттейтінінің» шешімін табуға тырыстық. Сонымен, мысалдармен берілген ойларды оқи отырыңыз.

Қап-қара түн – құпиялы менің қойын дәптерім,
Саған мәлім жұлдызды мұңлы-нұрлы сәттерім.
(«Түнгі аңыз»)
Түн, қойын дәптер. Бір-біріне қатысы қаншалықты? Қойын дәптеріңізден оны-мұны дүниелерді көре алмайсыз. Өйткені әр нәрсені жаззсаңыз, қадірі құриды. Сол секілді, түнде де ғажайып дүниелерді көре аласыз. Жұлдызды аспан. Жұлдыздарды бұлт басқан күннің өзінде де, мүлгіген тыныштық, сабыр бар. 

О, махаббат қасиетті, о, махаббат киелі,
Мендік сезім – ақ қанатты періштелер биі еді. 
(«Махаббатқа ода»)
Сезім дегеннің өзі абстрактылы ұғымның атауы болғанымен де, оны көрсете білуге болады емес пе? Ал ақынның сезімі – көрінбейді, мөлдір кеңістік секілді, ауа секілді. Бірақ, тек өзі ғана сезіне алады, ұға алады. Періштелердің көзге көрінбейтіні секілді, оның да сезімі өзіне ғана аян. 

Мен – қарашада тау кезіп кеткен жігіттің салған түнгі әні...
...Сен – кестелі орамалға сіңіп қалған сап-сары көз жасы...
(«Ғайып»)
Өзін қарашада тау кезіп кеткен жігітке емес, оның әніне балады. Неге? Тауда бір өзі жүрген жанның дауысын ешкім естімейді. Ал бұдан шығатын ой – ақынды тек тау ғана естіп тұрғаны. Ал «Сен» деп көрсеткен адамы орамалға сіңген жасқа балайды. Жай ғана жас емес, сап-сары жас. Бұдан арада белгілі бір уақыт өткенін көруге болады. Жаңа тамған жас сап-сары боп тұрмайды, орамалға жасы сіңген жан бұны түсінері хақ. 

Жүрегім – жердің серігі,
Айнала ұшар ол мені.
(«Жүрегім – жердің серігі»)
Әдетте, біздің танымымызда жер серігі – Ай. Ақын болса, «Жүрегім – жердің серігі» дейді. Яғни, жүрегі – ай. Айдың бізге дейін ұзақ жасап келгені белгілі, бізден кейін де жасайды. Ал мағынасын келгенде, жүрегінің мәңгі соғуы.

Күннен, түннен, мұңнан, жастан қорғаушы
Періштеңе айналамын сенің мен.
Қара аспанда бір ақ сәуле жарқ етсе,
Саған, саған, бұрын жеткен мен деп біл.
(«Саған, саған»)
Метафора, әдетте, «сызықшамен беріледі» деген қағида бар. Бірақ, ақынның не жазушының авторлыө қолданысына қарай «айналамын, балаймын, мен деп біл, ол деп біл» деген сынды тіркестер де метафора жасай алатын қасиетке ие. Мына мысалда көрсеткендей, «Періштеңе айналамын сенің мен» және «Қара аспанда бір ақ сәуле жарқ етсе, Саған, саған, бұрын жеткен мен деп біл» деп беруіне мұқият назар аударыңыз. Періште – ол, жбір ақ сәуле жарық та – ол.

Сурет: st.gdefon.com (өңделген)

Е. Жұмабайұлы