Мен бе келген отызға, сен бе келген?

Мен бе келген отызға, сен бе келген?

Қарашаның жетісі... Бұл күні ақын Ерлан Жүніс дүниеге келген. Арманымен ақ таңына аман жетіп, талабымен тауды асқан дара ақын - ордабұзар 30 жасқа аяқ басты. Ақынды ғаламтор арқылы құттықтап жатқан өнердегі және өмірдегі достарының санында шек жоқ. Біз де Massaget.kz порталы осыдан отыз жыл бұрын өзімен бірге жаңғырық алып келген жыр ақынын шын жүректен құттықтаймыз! Деніңізге саулық, жанұяңызға бақыт тілейміз! Қаламыңыз мұқалмасын, жазарыңыз көп болсын дей келе, ақынның сиясы кеппеген жаңа өлеңімен бірге, бірқатар өлең-жырларын ұсынамыз.

Мен бе келген отызға, сен бе келген,
Үмітім,
Бір жұлдызға жоғары көз қадаумен күні-түн?!
Кірпігімді қақпастан, кішкентайдай шоқ басқан,
Көзден жасым боталап,
Мен бе келген отызға, сен бе келген,
Махаббат?!
Бармағаным, барғаным, мен бір ұзақ жолдамын,
Жамандыққа - зорғамын, жақсылыққа - жорғамын,
Ең бір жарық жұлдызым - жаным сүйген ардағым - 
Мен бе келген отызға, сен бе келген,
Арманым?!
Жаңғыры - жан жырым - іштегі бір жарылыс,
Менің іңкəр тағдырым - жасыл қанат сары құс...
Жер бетінде шарқ ұрып күн сəулесі секілді,
Мен бе келген отызға, сен бе келген,
Сағыныш?!
Бір бақытқа сенемін, ұлы уақытқа сенемін,
Қырға шыққан қазақтай қарауытып келемін,
Жалғыздықтан жабығып, жан ауыртып келемін,
Болашақты сағынып, алабұртқан жүрегім - 
Мен бе келген отызға, сен бе келген,
Өлеңім?!.                                                                                                         
                      

Қарашаның жетісі
Туған жерден 26 миль.
Қауыс.
Жұлдыздар ауысқан түн.
Таң
«Күн
Шықты, Сир!»
Рахмет!
Ерек!
Кімге,
Рахмет керек?
Күнге?
Фаренгейт: 19.4.
Жөтел.
Дерт. Өтер.
«Миледи, кофе қайнатыңызшы».
Бұл күн келді!
Енді?
Не етеміз?
Бүгін -
Туған күнім!
«Сир, кофеңіз...
Коньяк қосылған,
Және шылым»...
Шашымнан
Сипаңызшы... Күнім!
Ол – менің күнім!
Бүгін
Еркелетуіңізге болады, миледи!...

Жазың қайда, жапырағым?
Жаз әнін
Сезіндік қой айта алмаудың азабын!
Сезім деген – шұғыласы бояудың:
Жасылын да, қызылын да, бозаңын,
Сарысын да, қарасын да, әппағын,
Жылдар бойы жүрегімде сақтадым.

Сан алуан сол бояулар ішінен,
Сені сақтап қалар түсті таппадым!
Жапырағым, жанарында күн күлген,
Тастай алмай, қош дей алмай жүрмін мен.
Сенің жазда қаларыңды кім білген?

Қалада кешегі уақыт,
Дымқылдау қараша демі.
Жылатып,
Тағы да жұбатып
Үлгерді ол мені.
Көшелер өлеңнің жолы,
Ешкім де табылмас оқыр.
Автобус тағы да толы
Тағы да бос келе жатыр.
Бос кетіп барады көңіл,
Көңілсіз радио үні.
Қалада кешегі өмір
Мұңымның алғашқы күні.
Сезінген алғашқы күнім,
Жалғыздық, жалғыздық сені.
Сендірді-ау көңілдің гүлін,
Ызғарлы қараша демі.
Бір топ тұр біреуге қарап.
Қабаттан құлаған биік,
Ол байғұс ішіпті арақ,
Пышақтың жүзіне құйып,
Өлгенше ішкені несі?
Ақылдан адасқан болар,
Меніңше,тым дұрыс есі.
Білмейді олар
Мейірімсізге өлі жатып.
Қарсылық көрсетер, бәлкім,
Қалада кешегі уақыт.
Уақыт сұрап жүр әркім,
Өзімде өзімнің мұңым.
Өзіме уым да балдай,
Жылағым келеді бүгін.
Ешкімді жылатып алмай,
Қымсынар несі бар елден?
Бәрі жай көрінер бекем,
Шын жылап алғысы келген.
Жассыз-ақ жылайды екен,
Ызғарлы қараша демін.
Жұтамын бар жандай өші,
Бір досым бар еді менің.
Ал оның жоқ екен досы
Автобус келеді үнсіз.
Радио қарлығып сөнген,
Сіз қайда жүрсіз?
Мен кеше жаныммен сенген,
Сендіре алмадым ба әлі?
Ақынға сенбей ме бақыт?
Уақыт сұрап жүр бәрі,
Қалада кешегі уақыт.
Тұнжырап келемін түндей,
О қайда барарын білмей.
Әлдене өзгертетіндей,
Әлдекім өзгеретіндей.
Тәңірден,қоғамнан жырақ,
Соңғы өлең лап етіп ойда,
Әлдекім тағы өлді-ау құлап,
Әйтпесе мен сенгем қайда?
Күзге жалғыз барарымды кім білген?!

Қиқулап көкте құстардың өткенін қара,
Содан ба, менің мазамның кеткенін қара.
Мына күз – менің жанымның көрмесі ме екен,
Көңіл-күй ме екен әлде бір өтпелі ғана?!

Білмедім, білгім келмейді ештеңені де,
Өкпеледім бе, әлдекім қош дегені ме?
Әлдекім ерте шықты ма жұмысқа қарай
Әлдекім бүгін үйіне кеш келеді ме?

Білмеймін, кезіп келемін қаланы бүгін,
Жаныммен сезіп келемін даланың жырын.
Дәл бүгін өмір сүруге болмаса, мейлі, 
Дәл бүгін өлең жазуға болады, күнім!

Жыр жазсам жүрек басқаша соғар ма екен?
Кешегі достар... ал бүгін олар да бөтен.
Тұтатып бердім шылымын бейтаныс жанның 
Мен үшін шырақ бір адам жағар ма екен?!

Сурет: Ерлан Жүністің Facebook парақшасынан, anyzadam.kz, fotointeres.ru, img0.joyreactor.cc, newpix.ru

Е. Жұмабайұлы