Түрме шығармашылығы тарихының кезеңдері мен ерекшелігі

Түрме шығармашылығы тарихының кезеңдері мен ерекшелігі

Қазақ әдебиеті ежелгі дәуірдегі әдебиет, қазақ хандығы тұсындағы әдебиет, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті деп бөлінетінін білеміз. ХІХ ғасырдың өзін сал-серілер поэзиясы, зар заман әдебиеті деп топшалаймыз. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті діни-ағартушы, ағартушы-демократ болып бөлінетінін бөлеміз.

ХХ ғасыр әдебиетін кейінгі кездері «Алаш ұранды әдебиет» (Академик Р.Нұрғали тұжырымы бойынша) деп атап жүрміз. Қазір әдебиеттану ғылымы қарыштап дамып келеді. Соның бір айғағы, соны жаңалығы – түрме шығармашылығы циклы.
Қазақ әдебиетіндегі түрме шығармашылығының тарихи кезеңі: кешегі Патшалық қоғам өмір сүруінің соңғы жылдары мен кеңес үкіметі орнаған жылдардан бастап, азаттыққа жетудегі шешуші шайқас, жастар дүмпуі – Желтоқсан оқиғасына дейінгі аралықты қамтиды.
Қазақ зиялылары, ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандары темір торға лек-легімен қамалды. Алайда, көбінің түрмеде жазған шығармалары халыққа жете қоймады. Зерттеу жұмысының орындалу барысындағы ең үлкен қиыншылық осы.

Түрмеге қамалып, жазықсыз жапа шеккендердің алғашқылары кең байтақ даланың «еркін» адамдары атанған – сал-серілер еді... Олар әйгілі Иманжүсіп, Мәди, Жаяу Мұса,Қанапия, Сары, Аманғали, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Қапез секілді әнші-композиторлар. Осы тұлғалардың өмірі, тағдырлы әндері жайлы жазылған Академик Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары», профессор Илья Жақановтың «Үзілген ән» атты зерттеу еңбектері бар. Осы аталмыш зерттеу еңбектерінде олардың абақтыға қалай жабылғаны, қандай азапты жолдан өткені, әндерінің нотаға түсуі, сол нота арқылы киелі сахнаға жетуі, орындалу бәрі-бәрі тегіс жазылған.
Тар қапасқа таңылған кейінгі буын Пішән Жәлмендеұлы, Ығылман Шөрекұлы, Насихат Сүгірұлы, Закария Сағындықұлы, Файзолла Сатыбалдыұлы, Ахат Шәкерімұлы сияқты кең байтақ Отанымыздың әр өңіріндегі азаматтар еді... Бұлар – 1917-1921 немесе 1929-1935 жылдар аралығында «халық жауы» болып абақтыға қамалып, итжеккенге айдалды. Осылардың соңынан Шахан Мусин, Қошке Кемеңгеров, Тұрмағамбет Ізтілеуов секілді ақындарға қара күйе жабысты.

1909 жылы Семей абақтысына нақақтан-нақақ қамалған ұлт көсемі – Ахмет, Анненковтың азап вагонының тауқыметін тартқан Сәкен, 1929 жылы «Алқа» атты жасырын ұйым құрды деген айыптаумен Мағжан сансыз азап шекті.
Қазақ халқы 1930-1931 жылы данышпан Шәкерім қажысы мен қазақтың «Джек Лондоны» атанған Жүсіпбектен, 1935 жылы Міржақыбынан, 1937-1938 көптеген жақсы мен жайсаңдарынан айырылды. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алтын діңгегіне «халық жауы» деген індет түсіп, ауыр қазаға ұшырады.
Боздақтарынан тірідей айырылған халықты енді әбігерге 1941-1945 жылдардағы ҰОС әбігерге салды. Соғысты жеңіспен аяқтап, тәубе дей бергенде 1950-1956 жылдардағы саяси айыптау ойыны тағы қайталанды. Бұл жылдары Бүркіт Ысқақов, Байдүкен Жұмаділұлы секілді тағы  басқа тұлғалар «ұлтшыл» деген желеумен абақтыға қамалды.
«Аққа құдай жақ» дегендей, мұртты көсем дүниеден өткен соң КСРО аумағындағы барлық жаза лагеріндегі жазасын өтеушілер бостандыққа шықты. Ақталды.

Жиырма жыл өткеннен кейін «нашақор», «бұзық», «баскесер» деген жаламен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының жалындаған жас қаһармандары қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл орайда қыршын үзілген Қайрат Рысқұлбеков пен Асанбай Асқаровтардың есімін айырықша айтамыз.
Міне, біздің ұлттық әдебиетіміздегі «түрме шығармашылығы» деген арнайы бөлімнің қалыптасу, даму тенденциясы мен перспективасы осылай жүзеге асады.

Қазақ боздақтарына «халық жауы» деген айыпты қалай тағылғанына назар аударсақ: «Өз елім дегенде өзегін жұлып беруге дайын қазақ ұлтының қайсар перзентін өз қандастарымыздың қақпанға түкіріп бергені жанына қатты батқан Ахаңның:
Қимайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз ауылымның иттері үріп қапқаны, - дегені ащы да болса ақиқат. Иә, бұл кезең Алаш арыстарының басына «халық жауы» қаралы ат тағылып, абақтыға жабылып жатқан шақ еді. Рас, «өз ауылының иттері» басын бәлеге байлатты, өз қолымен ұстап беріп, абақтыға айдатты. Әйтпесе, қазақты сүюдің асқан үлгісін көрсеткен арыстай азаматтарымыздың өз елінің «халық жауы» болады деген сұрқия саясат өңі түгілі, түсінеді кірмеген еді – ау. Виссарионның баласы билік құрған қоғамда Одақ атынан қолына қару алып, неміс басқыншыларына қарсы соғысып, от пен оқтың ортасынан келіп, Иосифті жақтайтын ардагер аталарым ренжімесін. Өз перзентін өз ұлтына қарсы қою арқылы қанды қол Сталин, Голощекиннің қолымен көсеген көсеуінен өршіген оттың жалыны қаншама тұлғаларымызды күйдіріп кетті. Бір ғана мысал, қытаймен шекаралас, Хантәңірі деп аталатын алып таудың етегінде орналасқан ең түкпірдегі мен туған кішкентай ғана ауылдан бірнеше «халық жауы» шыққан. Бірақ, бейшара Сталин мен сұрқия Голощенкин Жер деп аталатын осынау алып шардың бір тұшпағы,қазақ даласында сондай ауыл бар екенін білген жоқ, қайта тіріліп келсе де бәрібір білмей кетеді – ау. Сонда да сол ауылдан «халық жауын» тапқызды, абақтыға жапқызды, ақыр соңында атқызды. Оған кім кінәлі? Әрине, Ахмет айтып отырған «өз ауылының иттерінің» балағынан қапқанынын нәтижесі. Жалпы тарихқа зер салатын болсақ, жауынгер қазақ халқы соғыстан жеңілмеген. Бөрілі байрақ көтерілгенде бөрідей жортқан елді құртқан бір ғана кесел әрі кесепат ол – алауыздық еді.» Бұл – ақын, журналист Жұматай Әміреевтің жүрекназы. Задында, осылай орындалды емес пе?! Қазақты қазаққа жау қылып, бір-біріне айдап салып, көкке өрлеп «күн болам» деген асылдарын өздері жарға құлатқаны ащы шындық.

Түрме шығармашылығының ерекшелігі – ұлттық рухтың тығырыққа тірелген тұста ақын-жүректің әділетсіз қоғамды әшкерелеуі. Басқа әдеби кезеңдеріміздегі ақын-жазушылар шығармаларын қаламмен жазса, түрмеде отырғандар қанмен жазды. Қызыл белгі қойып, астын сызып, айрықша айтар нәрсе – түрмедегі жазықсыз боздақтардың Отанға деген шетсіз, шексіз махаббаттары. 
Түрмеде туған тегеурінді туындылардың бір ерекшелігі: қай ақын болса да тек өз қарабақан басының қайғысын айтып қоймайды, ата жұртының өткені мен әдет-салтын, елдігі мен берекесін аңсай еске алады. Сонымен қатар замана халі, қаскөйлік, әділеттің ақ жолын аяққа басқан қорлық-зорлық, қысым-қиянат жайын түбінде жеңіп шығатынына деген шынайы сеніммен толғана ширығу бар.
1929-1933 жылдардағы саяси оқиға салдарынан Отанын тастап, шетелдерге асқан кейбір қандастарымыздың да жағдайы мәз болмады. Шығыс Түркістандағы Абақ Керейдің Қарақас атасынан тарайтын Бүркітбай, Жантекей руынан Сұлубай, Керейғазы Нұрсадықұлы секілді ақын, әнші азаматтар Таңжарық пен Қажығұмар тағдырларының кебін киіп, Гоминдан билігінің қуғын-сүргініне ұшырады. Таңжарықтан басталатын жат елдегі азап шеккен арыстарымыз – ұлттық әдебиетіміздің «эмигрант» өкілдері. Олардың тар қапаста жазған шығармалары да біздің зерттеу жұмысымыздың нысанына айналып отыр.
Ілгері күндерден түрме шығармашылығы циклының қазақ әдебиеті тарихының бөлінбес бөлшегіне айналар деп үміттенеміз.

Автор: Елдос Тоқтарбай

Сурет: history.voxpopuli.kz

Оқи отырыңыз:

Қазақ әдебиетіндегі «түрме шығармашылығы» туралы түсінік

Қазақ әдебиетіндегі «түрме шығармашылығы» туралы түсінік #2

Бүркіт Ысқақовтың түрмеде жазған жырлары

Ш. Талап