Қазақ әдебиетіндегі «түрме шығармашылығы» туралы түсінік #2

Қазақ әдебиетіндегі «түрме шығармашылығы» туралы түсінік #2

Басы

Әлем әдебиетіндегі түрме шығармашылығының аса көрнекті өкілі, Нигерия әдебиетіндегі түрме шығармашылығы негізін қалаушысы – Воле Шойинка. 1986 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Воле Шойинкаға берілді. Ол Африка құрылығындағы осы сыйлыққа ие болған тұңғыш жазушы. Әлем әдебиетіндегі аса көрнекті жазушы-драматург 1966 жылы Нигерияда болған қантөгісті әскери төңкеріске қатысы бар деген жалған айыппен екі жылға бас бостандығынан айырылып, ауыр режимдегі түрмеге қамалған. Жазушы түрмеде отырып, көрген азапты күндері мен халқының ауыр тұрмыс-тіршілігі жайлы көргенін, түрме дәрігері үстелінен ұрлап алған қарындашпен «Адамның ақырғы демі» деген кітап жазады. Кейін бостандыққа шыққан соң абақтыда көргенін «Заңсыздық кезеңі» атты темір тор ішіндегі қасіретке арналған роман жазады (1973 жылы). Бұл роман – жазушының түрмедегі азап шегіп отырған ойларының қорытындысы. 
Абақты алтын берсе жатпас едім,
Бал берсе, палау берсе татпас едім.
Кешегі елде жүрген еркін күннің,
Минөтін мың ділдәға сатпас едім, - деген Байқадам Қаралдыұлының өлең жолдарындағыдай ешкім абақтыға барғысы келмейді. Бірақ солақай саясаттың зардабын шеккендер абақтыға «жалған айыппен» жабылды. Абақтыға жабылып, итжеккенге айдалып, өлім құшқандардың көбі – зиялылар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар еді. 
Қазақ зиялыларының рухани-моральдық дағдарысы 1937 жылғы қуғын-сүргін жылдарында айқын көрінді. 1937 жылы әдеби шығармаларымен елге танылған қазақ зиялыларын айыптау мен қуғындау етек алып, олардың шығармаларының әр жолынан, айтылған ой пікірлерінен ұлтшылдық пен байшылдықты, кеңес үкіметіне қарсылықты, теріс ниеттілікті көруге тырысушылар шықты. Тарих сахнасынан кеткен алашордашыларды айыптап, олармен азды көпті байланыста болғандарды жылы қабақ танытқандарды алашордамен байланысын үзбеген, алашорданың агенттері, ниеттері бір деп кінә тағу қалыпты іске айналды. Жазушылар шығармаларынан күмәнді деген ой-пікір тауып, партия бағытынан, тап жолынан ауытқыды деп айыптады. Сыншылар осылай жасау арқылы, бір жағынан, тап жауларын, халық жауларын әшкерелеуге үлес қосты. Екіншіден, партия саясатын, бағытын қолдау үстінде деген өзі жөнінде жағымды пікір туғызу мақсатын көздеді. Тап жауларын әшкерелеу ісінен, жалпы елді қамтыған науқаннан қарапайым халықтан бастап, өкімет билігіндегі тұлғалар да тыс қалмады. 
Қаламгер мен түрме. Түрмеде отырып жазылған шығармалар бүгінгі таңда арнайы зерттеуді қажет етіп отырғанын сөзіміздің басында айтып өттік. Бұл жазушының немесе ақынның теңдесі жоқ ерлігі! Бүгінгі ұрпақ ұлттық не екенін, отаршылдық зорлықтың небір түрін осы шығармалардан білетін болады. 
Түрме шығармашылығының тағы басқа өкілдері бар. Олар – Алаш ұранды әдебиетті насихаттаушылар, алашордашылармен қарым-қатынастық байланысы бар адамдар. Біз бұл топқа Файзолла Сатыбалдыұлы, Әлмұхамед  Оспанұлы, Ақтас Тұрғымбайұлы, Бәлдік Байтоғайұлы, Шіменбай Әлшорин секілді есімдері белгісіз ақындарды жатқызамыз. (Біздің қолымызда осы аталған ақындардың шығармалары бар. Алдағы уақытта әрқайсысын жеке-жеке талдап, көпшілік назарына ұсынамыз – Т.Е.) Бұлар да тұтқындалған, айдалған, саяси жүйенің жапасын шеккендер.  Алдағы уақыттарда басқа да репрессияға ұшыраған жазықсыздардың шығармашылығы хақында сөз қозғармыз.
1992 жылы «Қапаста жазылған хаттар» деген кітапша жарық көрді. Кітапта жала құрбандарының жырлары енген. Еліміздің әр жылдары басынан кешірген қилы кезеңдері мен қайғылы оқиғаларының куәсі болып, нақақтан жапа шеккен он бір ақынның түрме де жазған өлеңдері енген. Осы кітапқа енген ақын Бүркіт Ысқақов жөнінде профессор Р.Бердібай: « Б.Ысқақов бұл өлеңдерімен қазақ совет поэзиясында болмаған «Тұтқын жыры», « Ләгер өлеңдері» деп аталатын поэзияның жаңа түрін, жаңа жанрын бастады. Сондықтан бұл өлеңдер қазақ поэзиясына қосылған жаңа бет болып табылады», - деп бағалаған. Профессор ақынның топтама өлеңдерін «Қазақ әдебиеті» газетіне бастыртқан. (1987 жылғы, 16-қазандағы саны)
Біздің басты мақсатымыз қазақ әдебиеті тарихына «түрме шығармашылығы» деген ұғымды және оның өкілдерін енгізу болса, ғылыми жаңалығы – солардың шығармашылығын текстологиялық тұрғыдан талдап, әдеби бағасын беріп, арнайы антология ретінде шығару. 

Автор: Елдос Тоқтарбай

Сурет: rasminews.com

Н. Айдархан