Абсурд театрдың атасы

Абсурд театрдың атасы
Фото: cn.expertissim.com

Морис Метерлинк 1862 жылы 29 тамызда Бельгияның Гент қаласындағы дәулетті отбасында өмірге келді. Оның әкесі нотариус болып қызмет істесе, анасы зиялы заңгердің қызы болатын. Болашақ "Нобель" иесі өмірге келгенде оған Морис Полидар деп есім қойған. Оның есімі өмір жолында, әдебиет майданында жүре келе бала Морис Полидардан Бельгияның мақтанышына айналған – Морис Полидар Мари Бернар Метерлинк болып өзгерді.

Морис бала кезінен-ақ әдебиетке, өлеңге құмартса да ата-анасы оның заңгер болуын қалады. Ата-анасының арманымен Гент университетінің құқықтану мамандығын 1885 жылы бітірді. Ары қарай білімін жетілдіру мақсатында Парижге жол алады. Бірақ Мористі бәрібір әдебиет өз тұңғиығына тартып кетіп, қаламгерлер қаласындағы алты айын басы-бүтін әдебиетке арнайды. Ол сол кездегі символист ақындар Стефан Мал мен Вилье де Лиль-Аданмен танысып шағармашылық байланыс орнатады. Декаденттік ағымындағы жазушы Жорис Карл Гюисман бағыттауымен ХІV ғасыр мистикасының шебері Яна ван Раусбруктің "Рухани некені безендіру" деп аталатын кітапты оқып шығып, 1891 жылы оны француз тіліне аударады.

Гентке қайтып келген Морис заңгер болып жұмыс істеп жүріп те әдебиеттен қол үзбейді.  1866 жылы Парижде шығатын "Пляда" ("La Pleiade") журналында Мористің "Кінәсіздердің өлімі" ("Le Massacre des innocents", 1866) хикаясы басылып шығады. Арадан 3 жыл өтіп оның бірден екі кітабы "Жылыжайлар" ("Serres chaudes") өлеңдер топтамасы мен "Принцесса Мален" ("La Princesse Maleine") атты ертегі-пьесасы баспа жүзін көреді. Француз сыншысы Октав Мирбо "Принцесса Мален"-ге жоғары баға беріп, авторды Шекспирге теңейді. Сыншының бағасынан қанаттанған Морис заңгерлікті қойып біржола әдебиетке бет бұрады.

1894 жылы ол қуыршақтар театры үшін 3 пьеса жазып шығады. Олар : "Аллауидин мен Паломид" ("Аlladine et Palomides"), "Оның ішінде"  ("Interieur") және "Тентажилдің өлімі" ("La Mort de Tintagiles").

1895 жылы Морис Метерлинк актриса, әнші  Жоржетта Лебланға үйленіп, олардың отбасылық өмірі 23 жылға созылады. Жоржа Леблан оқымысты, интелектуалды әйел болып, Мористің жұбайы ғана емес, жақсы досы, хатшысы, театр жұмыстары бойынша көмекшісі қызметін де атқарады.

1896 жылы қаламгер Парижге қоныс аударады. Парижде жүріп ол бірқатар пьесалар мен трактаттар жазады. Бұл шығармалары кейіннен "Даналық пен тағдыр" ("La Sagesse et la destinee", 1898), "Аралардың өмірі" ("La Vie des abeilles", 1901) сынды кітаптарына енеді.

1911 жылы Шевеция академиясы "көп қырлы әдебиеттегі қызметі мен поэзиялық мистикасымен ерекшеленетін драмалық шығармалары үшін" "Нобель" сыйлығына лайық деп табады. Швеция академиясы мүшесі С.Д. Вирсен өз баяндамасында автордың "Аглавена және Селизетта" пьесасына ерекше тоқталып өтеді. Метерлинктің өзі науқастығына байланысты марапаттау кешіне келе алмайды. Сыйлықты Швециядағы Бельгияның елшісі Чарлз Ваутерске тапсырады. Осыдан соң Метерлинкке француз академиясына мүшелікке өтуіне ұсыныс түседі, бірақ ол бұл ұсынысты Бельгия азаматтығынан бас тартпау үшін қабылдамайды. Бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде Метерлинк Бельгияның азаматтық гвардиясына жазылмақшы болады. Бірақ жасының үлкендігіне байланысты қабылдамайды. Осыдан соң Нобель иегері Еуропа мен Американы шарлап лекция оқуға кіріседі.

Өмірінің соңғы уақыттарында Морис өнімді жазады. 1927 жылдан 1942 жылға дейін ол 12 томға жүк болатын шығармалар дайындаған.

1939 жылы Германиялық нацистер Еуропаны жаулап ала бастағаннан кейін алдымен Еуропаға содан соң АҚШ-қа кетеді. Тек, Ниццадағы үйіне Екінші дүние жүзілік соғыс біткесін, 1947 жылы ғана оралады.

Морис Метерлинк 1949 жылы 89 жасында жүрек талмасынан қайтыс болады.

Қаламгер Нобель сыйлығынан басқа, Глазго университетінің құрметті докторы, Португалияның "Яков қылышы" сыйлығына ие болды. Бельгияның королі 1939 жылы Мориске граф дәрежесін берген.

Морис Метерлинктің пьесалары әлі де дүниенің бірқатар елінде сахналанады. Ол алғашқы абсурд театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі боп есептеледі. Оның пьесалары әсіресе Самюэль Беккетке қатты әсер еткен.

"Метерлинк пьесалары ештеңеге шақырмайды, ешқандай үкім де шығармайды, оның өнері ешқашан үндеуге айналмайды, себебі олар фундаменталь мәнге ие болып, саясат пен діннен аулақ тұрады", – деген еді Джоанна Патаки Козофф.

Т. Раушанұлы