Париж қаласы – армандар мен пәк сезімдер мекені

Париж қаласы – армандар мен пәк сезімдер мекені
Фото: pinterest.pt

Аумағы: 87 шаршы шақырым 

Үлкен Париж: 105,4 шаршы шақырым 

Халық саны: 2,15 млн адам 

Халық тығыздығы: 20 433 адам/шаршы шақырым 

Ең биік нүктесі: Монмартр (130 метр)

Ең төменгі нүкте: Сена өзенінің жағалауы, Гренель ауданы (26 метр)

Климаты: Біркелкі, қаңтар айының орташа температурасы +3ºС, шілде айының орташа температурасы +20ºС

Қызықты мағлұматтар

– Париж қаласының ең ұзын көшесі Рю-де-Вожирар (4460 метр) 

– Қала қорғаушы Нантер тумасы Ұлы Женевьева болды. Ол 451 жылы гун патшасы Аттиланы қаланы бұзбауға көндірген.

Париж қаласының көрікті жерлері

Эйфель мұнарасы 1889 жылы Революция күніне орай тұрғызылды. Әйгілі мұнара Париждың ғана емес, күллі Франция елінің төлқұжатына айналды. Мұнараға лифт немесе баспалдақтар арқылы көтерілуге болады. Кіру билеттің ең арзан бағасы 4 евро. Ең қымбаты 12 еуро. Эйфел мұнарасы! Париждің символындай жарқыраған мұнараның ең биік шыңына шығып күллі әлемге көз тігер ме еді?! Осы мұнарада ынтыққан қос ғашықтың қаншама сыры мен мұңы қалды екен... 

Салтанат аркасы (Arc de Triomphe). 1806 жылы Наполеон Бонапарт Парижде өзінің Ұлы әскеріне артылған үміт пен сенім құрметіне үлкен ескерткіш орнату туралы шешім қабылдайды. Ескерткіштің бірнеше жобаларын көрген Наполеон Салтанат аркасына тоқталады. Бұл арка Антик заманындағы Римді еске түсіреді. Арка биіктігі 50 метр, ені 45 метр. Салтанат аркасын салу біраз жылдарға созылып, 1836 жылы ашылды. Париж қаласының нышанына айналған Салтанат аркасының төбесіне шығу үшін 284 сатымен көтерілу қажет. Аркаға кіру бағасы 9,5 еуро. Алтындай жарқыраған арканың сұлулығына сүйсінбеу мүмкін бе?

Монмартр диірмені. XVІІІ ғасырда Монмартр көшелерінің бойында 30-ға жуық диірмен болған. Қазіргі таңда оның екеуі ғана сақталған: Радэ және Галет. 1717 жылы салынған Радэ диірменінде (Moulin Radet) шарап дайындау үшін жүзімдерді үгіткен. Галет диірмені (Moulin de la Galette) 1622 жылы салынған. Өкінішке орай, екі диірменнің жанына баруға рұқсат жоқ. Сондықтан да, сырттан бақылап қайтуға тура келеді. Оның өзі неге тұрады? Арман қалаға сырттай сүйсіну де жаныңа рахат сыйлайтынын сөзсіз!

Лувр мұражайын толық аралап шығу мүмкін емес. Мұражайда 20 ғасырға дейін жасалған мүсіндер, суреттер және т.б. жәдігерлер сақталған. Луврда атақты Мона Лиза суретін көре аласыз. Сұлулардың сұлуы Моно Лизаны көру де бір ғанибет қой!

Нотр-Дам соборы. Францияның ғана емес, барша Еуропаның мақтанышы болып табылатын Нотр-Дам соборы готикалық сәулет өнерінің мұрасы. Құрылысы орта ғасырларда басталған собор бір ғасырдай салынды. Собордың Солтүстік мұнарасына көтерілгенде сіз Париж қаласының толық көрінісіне куә боласыз. Күллі Париж алақаныңда тұрғандай жүрегің шаттыққа, көңілің қуанышқа толады.

Ғимараты көкпен таласқан армандар мекенінде жүрегі пәк сезімге толы адамдар өмір сүреді. Биік қаланың тұрғындарының талғамы биік, рухы өр...

Париж қаласына баруды армандасаңыз, ол туралы кеңінен форумда талқылайық.

Суреттер ғаламтор беттерінен алынған

Ғ. Ұзақ