Бала ақын – Ұлттық ақын – “Нобель” жолы

Бала ақын – Ұлттық ақын – “Нобель” жолы
Фото: wikipedia.org

Италия ақыны һәм сыншысы Джозуэ Кардуччи 1835 жылдың 27 шілдесінде Тоскананың солтүстік-батысында орналасқан Валь-ди-Кастелло қаласында дүниеге келеді. Ол мамандығы бойынша дәрігер Микеле Кардуччидің үш ұлының тұңғышы еді. Кардуччилер жанұясы Микеленің саяси көзқарастарына байланысты жиі қоныстарын бір қаладан екінші қалаға ауыстырып тұратын. Тіпті 1848-49 жылдар аралығында үш рет қоныс аударған.

Болашақ "Нобель" иегері мектепте үздік оқып, әдеби кітаптар, Алессандро Мандзони, Байрон, Шиллер шығармаларын сүйіп оқығанды ұнатқан. Мектепте жүргенде-ақ Джозуэ тарихи өлеңдер жазып, Иллиаданың тоғызыншы дастанын тәржімалап шығады. Сонымен бірге, "Анама" ("A mia madre") деп аталатын лирикалық өлеңдер топтамасын жазады.

1853 жылы ақын Пизандағы мектепте оқу үшін шәкіртақыға ие болады. Пизандағы оқу орнында білім алудың бір артықшылығы тарихшы Эрколе Скарамуччидің әдеби үйірмесіне қатысу болатын.

1854 жылы әкесі Челле әкімін балағаттағаны үшін жұмыстан шығып қалады. Бұл Кардучилер жанұясының қаржылық жағынан қиналуына әкеліп соғады. Джозуэ ақша табу мақсатында Италия ақындарының діни, отансүйгіштік өлеңдерін құрастырып антология жасаумен айналысады.

Сол уақыттарда Кардуччидің досы Пьетр Туар "Қосымша" ("L'appendice") журналын шығара бастайды. Ақынның мақалалары осы журналда үздіксіз жарияланып отырады. Бірте-бірте журналдың айналасына өте талантты жастар топтала бастайды. Көп өтпей Джозуэ сол таланттылардың көшбасшысына айналады.

Пизандағы мектепті бітіргеннен кейін Сан-Миньято-аль-Тедеско деген қалашықтағы гимназияның бірінде мұғалім болып жұмыс істейді. 1857 жылы өзінің тырнақалды туындысын "Рифмдер" ("Rime") деген атпен кітап етіп шығарады. Осы топтама өлеңдері 1880 жылы “Жастық жырлары” ("Juvenilia") деген атпен қайта басылып шығады. Кітаптағы өлеңдер негізінде терең отан сүйгіштік рухтағы жырлар болатын.

1857-58 жылдары Кардуччилер жанұясында ауыр жағдайлар орын алады. Қаржылық жағынан қатты таршылық көрген ағасы Данте өз-өзіне қол жұмсаса, көп өтпей әкесіде арғы дүниеге аттанып кетеді. Джозуэ үшін бір жылдың салмағы ауыр болды. Бірақ, көп өтпей тағдыр оған тосын сыйлар дайындап қойған еді. 1859 жылы Эльвира Меникуччиге үйленеді. Пистойдағы жоғары мектепте грек тілінен сабақ бере бастайды. Көп өтпей Болон университеті итальян әдеби кафедрасының профессоры атанады. Ақын өмірінің соңына дейін осы оқу орнында жұмыс істейді.

Алпысыншы жылдардың басында мемлекеттің саяси қозғалысына белсенді араласқаны университеттен уақытша кетуге мәжбүр етеді. Оның 1865 жылы жазған «Ібліске» ("Inno a Satana", 1865) атты даулы поэмасы ізсіз кетпеді. Бұл поэма адам ойы мен өркениетінің христиан теологиясын жеңген пантеистик және антиклерикальды шығарма еді. Осыдан соң республика партиясына ақынды мүшелікке қабылдайды.

1878 жылы Кардуччи үш томнан тұратын "Варварлық ода" ("Odi barbare", 1878-1889) шығармаларын жинағының бірінші томын жарыққа шығарады. Шығармада ежелгі грек және латын тілдері ғажайып үйлесім тапқандықтан, ақын тарихты асқақ жырлағандықтан 1861-1887 жылдар аралығында “Жаңа жырлар” ("Rime nuove", 1861-1887) деген атпен жаңартылып, бірнеше лирикалық өлеңдерімен біріктіріліп қайта басып шығарылады. Бұл шығармалар кейін ақынға үлкен абырой мен атақ алып келеді.

Кардуччи өмірінің соңғы жылдарында ұлттық ақын дәрежесінде құрметтеледі. "Нобель" сыйлығына Кардуччи алғаш рет 1902 жылы ұсынылған еді. Өткен жылдар аралығында да ол негізгі лауреат бола алатындар қатарында болып келді. Сондықтан, 1906 жылы оның "Нобельді" алуы таңғаларлық жайт емес еді.

Швед академиясы құрамы ақынға сыйлықты бере тұрып баяндамаға: "терең білімі, талғампаз сыншылығы, саф шығармалардағы тазалығы, жаңашылдығы мен лирикалық қуатының жоғарылығы үшін" деп жазады.

Денсаулығының сыр беруіне байланысты Джозуэ Кардуччи марапаттау рәсіміне бара алмады.

Арадан бір жыл өткен соң, Италия ақыны, "Нобель" сыйлығының иегерінің жүрегі өз соғысын тоқтатты.

Т. Раушанұлы